Қала әкімінің орынбасары жұмыстан босатылды
Қала әкімінің орынбасары жұмыстан босатылды
Фото: yandex.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Алматы облыстық департаментінің хабарлауынша,  қазіргі кезде осы  департаменттің тергеу басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы бойынша пара алды деген күдікке ілінген  Талдықорған қаласы кәсіпкерлік бөлімінің басшысына және бас маманына қатысты істі тергеуде.

Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бастығы қарамағындағы бас маманмен сыбайласып, карантин талаптарының орындалуын бақылаудың орнына, оны бұзғандардың еркінсуіне жол берген. Коронавирусқа қатысты шектеу шаралары кезіндегі тыйымдарды елеместен, аста-төк тойлар мен астар өткізіп, көшелердегі сауданың көркін қыздырған мейрамхана иелері мен сауда-саттық нүктелері қожайындарының заңсыздықтарын «байқамағандарын» 20 мың мен 270 мың теңге аралығында бағалап,  пара алып отырған.  Пара алғандармен бірге оларға ауызбастырық берген 5 мейрамхананың әкімшісі де қылмыстық жауапкершілікке тартылып отырған көрінеді. Алматы облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшылығы карантиндік  шектеуге қарамастан шектен шыққандарға қатысты   қылмыстық істің негізінде Талдықорған қаласы әкімінің қатысуымен кеңес өткізді. Кеңесте қаралған мәселенің нәтижесі бойынша өзі жетекшілік ететін саланың жұмысына тиісті бақылау жасамағаны үшін Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Сәуле Арзанбекова жұмыстан босатылды. «Сыбайлас  жемқорлық қылмысын тергеу жалғасып жатқандықтан, әзірге басқа мәліметтер жарияланбайды», – дейді департаменттегілер.

Болат АБАҒАН,

Алматы облысы