«Ордалы отыз іс» – Тәуелсіздікке тарту
«Ордалы отыз іс»  – Тәуелсіздікке тарту
214
оқылды

Қарағанды облысында  Тәуелсіз­діктің 30 жылдығына арналған «Ордалы отыз іс»  жоспары аясындағы жұ­мыстар жүйелі түрде атқарылып жатыр. Бұл туралы Қарағанды об­лыс­тық Өңірлік коммуникациялар қызметінің тікелей эфирінде өткен баспасөз мәслихатында Қарағанды облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын кеңінен мәлімдеді. Ал жалпы Қарағанды облысында Тәуелсіздіктің 30 жылды­ғына орай іс-шаралар жоспары құ­рылып, жоспарға 187 іс-шара енгізілген. 2021 жылы халықаралық дең­гейде – 5, республикалық дең­гейде – 6, облыстық деңгейде – 13, қалалық және аудандық деңгейде  163 іс-шара жоспарланған. Жыл басынан оқиғалар қатары әр ай бо­йын­ша 12 тақырыптық бағытты қам­ти­ды.

Қасымға құрмет, Әлімханға ізет...

– Басты мақсат – қоғам үшін оқиғалар­дың мәні мен тиімділігіне баса назар аудару және халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға арналған шараларға басымдық беру. Дауылпаз ақын Қасым  Аманжоловтың 110 жылдық мерейтойына орай «Қасым әлемі: поэзия, тұлға, тарих» тақырыбында онлайн семинар, Қарағанды универ­ситетін­де «Қасымтанудың қазіргі мәселелері» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті. Алдағы «Қасым» үйінің ашылуы  қарағандылықтар үшін ерекше тарту болмақ. Сонымен бірге, қазақтан шыққан тұңғыш математик, профессор, Ә.Ермековтің 130 жылдығына орай оқушылар арасында математика пәні бойынша облыстық олимпиада, Қарағанды техникалық университетінде «Әлімхан Ермеков және қазақстандық мемлекет­тіліктің қалыптасуы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйым­дастырылды. Аталған конференция аясын­да Қарағанды техникалық университетінде Ә.Ермековке арналған оқу залы және арнайы бейнесі белгіленген тақта орна­тылды. Алда жұмыла атқаратын шаралар бар, – деді Ерлан Бейсембайұлы.

Алаш деп соққан жүрегі...

Қарағанды қаласында жүректері Алаш деп соққан Ә.Бөкейханның – 155, Ж.Ақбаевтың – 145, Ә.Ермековтің  130 жылдығына арналған «Алаш аңсаған азаттық» тақырыбында республикалық дөңгелек үстел өтсе, дәстүрлі облыстық наурыз айтыс та Алаш Орда қайраткерлерінің құрметіне арналған. Республикалық «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Сонымен қатар басқарма басшысы қыркүйек айында Әлихан Бөкейханның – 155, Жақып Ақбаевтың – 145, Әлімхан Ермековтің  130 жылдық мерейтойына орай «Ақтоғай және Алаш» атты ғылыми- танымдық конференция өтетінін, кон­ферен­ция аясында Ақтоғай ауданы, Шабан­бай би ауылдық округінде Әлихан Бөкей­ханға арналған ескерткіш  ашылатынын тілге тиек етті. Тағы бір жақсы жаңалық, биыл бастал­ған Әлихан Бөкейхан есімін Октябрь ауданына беру жұмыстарының Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында толық аяқталатыны айтылды. Бұдан бөлек, республикалық «Тәуелсіздік: Сөз бен Сурет» онлайн бай­қауы, «Сарыарқаның көшпелі мәдениеті» фестивалі сынды бірегей жобалар ерек­шелігінің қоғамға, ұлттық санаға пайдасы сөз болды.

Мұраны сақтау – парызымыз

Бүгінде тарихи-мәдени мұраны сақтауға үлкен мән беріліп келеді. Оған арнайы жоспар құрылып, жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Барлығы – 245 млн  972 мың теңге қаражат қарастырылған. 2021 жылдың шілде-қазан айлары аралығында Орталық Қазақстанның ежелгі металлургиясына (Алат), Едірей қонысына (Қарқаралы ауданы), Белағаш қорымына (Бұқар жырау ауданы) және Алтын Орда және Қазақ хандарының жерленген жерін анықтау бойынша (Нұра және Ұлытау аудандары) археологиялық зерттеу жұмыстары жүр­гізілмек. Былтырғы археологиялық қазба жұмыс­тары кезінде Алтын Орда кезеңінің ескерт­кіші «Болған ана» кесенесінен алтын тостаған, тасы бар қос сырға, алтынмен кестеленген киімнің және әйел етігінің фрагменттері табылған еді. Зерттеу жұмыстары аяқталған соң, «Болған ананың антропологиялық кескін-келбеті (антро­пологиялық) және табылған киімдердің фрагменттері қалпына келтірілгеннен кейін, Болған ананың балауыздан жасалған мүсіні Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейіне қойылмақ. Сондай-ақ Талды тарихи-архео­логиялық паркіндегі Нұраталды 1, Ақкезең, Талды 1 қорымдарына және ежелгі тұрғын­дарының антропологиялық бейнелерін жасау үшін ғылыми зерттеу және қалпына келтіру жұмыстары ұйымдастырылып жатыр.

«Жошы хан» кесенесі ашылады

Осы жылдың басты оқиғасының бірі –  ұлт ұясы Ұлытауда ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенін ашу. Ол іс-шараға Мемлекет басшысының қатысуы жоспар­ланып отыр екен. – Бүгінде барлық құрылыс жұмыстары аяқталды. Нысан 2021 жылдың 29 маусымы қабылдау актісімен пайдалануға қабылдан­ды. Әділет органдарында нысанды тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кешеннің ішкі безендірілуі ғылыми тұжырымдама мен ішкі интерьер дизайн жобасына сәйкес жүргізіледі. «Жошы хан» тарихи-мәдени кешеніндегі құрылыс жұмыстарының аяқталмауына байланысты жоспарға сәйкес 2020 жылы ашылуы болған жоқ. Себебі құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу кезінде жобалау-сметалық құжаттамада ескерілмеген жұмыстардың қосымша түрлері мен көлемдері анықталып, жобаның айтарлықтай қымбаттауына алып келді. Тиісті рәсімдер жүргізілген соң (жоспардан тыс мемлекеттік аудит, ЖСҚ түзету және мемлекеттік сараптамадан өткізу) осы жылы жұмыстарды аяқтауға облыстық бюджеттен 752,8 млн теңге бөлінді. Жоба бойынша құрылыстың жалпы құны 2 081 281,53 мың теңге болған. Шарт жалпы сомасы 1 960 686,0 мың теңгеге жасалды, – деді басқарма басшысы.

«Қайырымды істер марафоны»...

Қанына сіңген қайырымдылық қасиеті ел басына күн туса да ұмыт қалмаған. Республикалық жалпыұлттық «Қайырымды істер марафоны» жобасы жыл басынан бері 21 233 адамды қамтыған. 2 642 іс-шара жүзеге асырылып, қолдау көрсетілді. Қарияларға, жалғызбасты аналарға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қыс-көктем айларында отын берілді. Үйдің айналасы қардан тазаланды. Азық-түлік себеттері берілді. Былтырдан бері аймақтағы эпидемио­логиялық жағдайға байланысты елдің жанашыр азаматтары, ірі кәсіпорындар, кәсіпкерлер, меценаттар және жанашыр азаматтар жалпыұлттық «Қайырымды істер марафоны» аясында өкпені жасанды желдету апараттарын және басқа да қажетті медициналық жабдықтар сатып алып беруде. Осы іс-шараға үлес қосқан волон­терлердің жанкешті еңбегін де атап өтуіміз керек. Бүгінде облыста 97 волонтерлік ұйым мен топ бар. Оған 7 мыңға жуық тұрғын тартылған. Басым бөлігі – жастар. «Қайырымды істер марафоны» жалпы­ұлттық жобасы аясында Qaiyrymdy ūrpaq акциясы өткізіліп, 137 балаға жалпы сомасы 5 млн теңгеден астам қаражатқа көмек көрсетілген. «Ел тірегі – Елбасы» акциясы аясында да осы жылдың 5 айында 23 тонна азық-түлік, 769 жеке қорғаныш жиынтығы таратылды. Акцияға облыстың 1 500-ден астам волонтері қатысқан. – Birgemiz: Taza Alem бағыты бойынша «Таза табиғат» ұлттық жобасы негізінде облыста Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған Jasyl Aimaq экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Жалпы, Қарағанды облысы бойынша жыл ішінде 5 000-нан астам іс-шара жүзеге асырылады. 2021 жыл бойынша БАҚ-та 5 431 материал, оның ішінде,  баспа басылымдарында – 828, телеарналарда – 287, интернет-ресурстарда – 397 және әлеуметтік желілерде  3 919 ақпарат жарияланыпты. Байқасақ, жоспарланған іс-шараның бәрі қоғамға нақты пайдасы бар, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға бағытталып отыр. Бұл  біздің сөзден іске көшкенімізді білдіреді,  – деді Қарағанды облыстық  Ішкі саясат басқармасының басшысы. Брифинг барысында Ерлан Бейсем­байұлы қойылған сұрақтарға жауап берді.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы