Үмітсіз несиеден үміт бар ма?
Үмітсіз несиеден үміт бар ма?

Еліміздің заңы бойынша кезекті төлем уақытынан төленбегеніне 90 күннен асып кеткен несие проблемалық борыш болып саналады. Осы уақыттан соң банк оны коллекторларға жол­дайды. Ал коллекторлар оны түрлі заңды жолдармен қайтаруға кіріседі. Ендеше, жұрт не­сиесін неге төлемейді? Ақшасы жоқ па, о бастан жоспары сондай болған ба, мүмкін пан­демияның әсері бар болар? Таяуда Ұлттық банк жасаған кезекті антирейтингтен бұл проб­леманың ауқымын көруге болатын сияқты.

Борыш – 800 млрд теңге

Ұлттық банк төлеу уақыты өтіп кет­кен несиесі бар банктердің кезекті антирейтингін жариялады. Яғни, клиенттері несиесін қайтар­мағанына 90 күннен асқан банк­тердің көшін бастап Jusan Bank тұр. 1 шілдедегі мәлімет бойынша, олардың жеке тұлғалардан алашақ қарызы – 76 млрд тенге. Бұл осын­дай жалпы несиенің 17,3%-ы. Екін­­ші орында «Еуразиялық Банк» 59 млрд теңге, яғни 8,8%. Үшінші орында «Нұрбанк» – 19 млрд теңге (8,6%), төртінші орын­да Bank RBK – 44 млрд (8,1%). Бас қаржы регуляторы жариялаған құжатқа сәйкес, 1 шілдедегі жағдай бойынша барлық қазақстандық банктердің үмітсіз несиесінің үлесі барлық несиенің 4,8%-ы немесе 800 млрд теңге. Әйтсе де, бұл көрсеткіш осы­ның алдындағы айлармен салыс­тыр­ғанда мұндағы қарыздың біраз азайғанын көрсетеді. Мәселен, 1 сәуір күнгі мәліметтер бойынша, борыш сомасы 1,12 триллион тең­ге болған болатын. Ол тізімде де Jysan Bank көш басындағы үштікте болған еді.

Опық жегізген қателік

Әр несие тарихы –  бір адамның тағдыры. Банкке қаржылай көмекке жүгінген кім болмасын, белгілі бір мақсатты көздеп баратыны рас. Сондай жанның бірі – Жансая Кенжебекқызы. 2019 жылы туған бауырына бизнес жасауға көмектесемін деп ойлаған ол Сбербанк пен Forte bank-тен жалпы сомасы 3 миллион 800 мың теңге несие алып берген екен. Одан соң сауда алаңын жалға алу үшін Каспий банктен тағы 500 мың алған. Алғашында бал сатқан бауырының саудасы жақсы жүріпті. Осы аралықта ол өзі KMF қаржы ұйымынан тағы 2 миллион 300 мың теңге қарыз алып, оған кепіл болуға Жансая мен тағы бір танысын шақырыпты. Осылайша, бұл жағдайдағы сома 7 миллионға жеткен. Пандемияның әсері бар, басқа да жағдайлар бар, бауырының бизнесі жүрмей, ақыры жабылып тыныпты. Ал аталған қарыз сомасы айналып келгенде Жансаяның мойнына ілінген. Енді бүгінде бүкіл есепшоты бұғатталып, еңбекақысын да ала алмай жүр. Енді күнкөрісі үшін ол сенбі-жексенбі күндері де қосымша жұмыс істеп, ақша табуға мәжбүр. «Мұның бәрі ақымақтығымнан болды. Енді туған бауырымды сотқа да бере алмаймын. Не несиені төлеттіре алмай ұры­сып жүрген жайым бар. Мені ашын­дыратыны, оған дейінгі несиелерді жауып отырғаным өз алдына, KMF-тан алған інім­нің несиесін де тек менің ғана айлығымнан ұстап отырғаны. Неге тек мен зардап шегуім керек? Өзінен, сосын кепіл болған екінші адамнан да неге ұстамайды?»  – дейді Жансая. Қазір іні-келіні бірі құрылыста, бірі аспаз болып жұмыс істейді екен. Бірақ қанша айтса да олар бұл шығындарды бірге көтерісуге құлық танытпай отырған көрінеді. Сотқа бермеуге тырысып, медиацияға шақырса да келіспеген. Енді еліміздегі борышкерлер санын көбейтіп, шарасыз күйде қалып отыр.

Қарыздан қашатындар көп

Елімізге коллектор ұғымы қаржы нарығындағы өзгерістермен бірге келгені белгілі. Олар – жеке адамдардың түрлі қаржы ұйымдары мен банктердің алдындағы қарызын өндіріп берушілер. Бұл мамандық төңірегінде әлімжеттік жасаушы деген секілді  түрлі сыбыстардың да жүретіні рас. Бірақ шындығында  олай емес. Олардың барлық іс-әрекеті «Коллекторлық қызмет туралы» заңмен реттеліп қойылған. Яки, олар тек қана сотқа дейінгі өндіру және борышты реттеумен айналысады. Ал коллектор өндіре алмаған борыш сотқа жолданып, одан кейін атқару құжаты сот орындаушыларына түседі. Былтыр 1 шілдеде жүргізілген міндетті қайта тіркеу бойынша бүгінде елімізде мыңға жуық осындай агенттіктің тек екі жүздейі қалыпты. Солардың бірі – «Сотқа дейінгі өндіру» коллекторлық агенттігі» ЖШС. «Шындығын айтқанда, қарызын төлеуден қашатындар көп. Олар телефон нөмірін ауыстырып, мекенжайларын өтірік айтып, уақыт созып жүріп алады. Тіпті, араларында ашықтан-ашық «төлемеймін!» деп айтатындары да жиі кездеседі. Мәселен, біздің қызметкерлер күніне орташа есеппен 300 нөмірге қоңырау шалатын болса, олардың тек 20-30-дайы ғана жауап береді. Ал жаңа тәртіп бойынша біз әр телефонмен сөйлесуімізді таспаға түсіріп, Ұлттық банкке тапсырып отырамыз. Таңғы 8:00-ге дейін, кешкі 21:00-ден кейін борышкерлерді мазалауға болмайды. Біздің тарапымыздан қорқыту, бопсалау, балағаттау, дөрекі сөйлеу деген атымен жоқ. Біз өзімізден кіші болса да «Сіз» деп сөйлеуге міндеттіміз. Осыны пайдаланып, борышкерлер керісінше дөрекі сөйлеп, қоқан-лоққы көрсетіп жатады. Осы тұсты заңмен реттеу керек деп санаймын.  Енді атқару өндірісінің ауқымын салыстыру үшін айтатын болсам, біздің агенттік маусым-шілде айларында, яки екі айда ғана 17 мың борышкермен жұмыс жүргізді. Олардың арасында қарызын жылдап төлемей жүргендері де бар», – дейді агенттіктің басқарма басшысы Азамат Өксікбай. Коллекторларды құбыжық санаудың  қажеті жоқ. Олардың міндеті біреудің ақ адал ақшасын алып беру ғана. Мезгіл-мезгіл қоңырау шалып мазалағаны болмаса, оларға күш көрсетпек тұрмақ, дөрекі сөйлеуге заңмен тыйым салынған. Керісінше, коллекторлар борышкерлерге түрлі маз­мұнда, соның ішінде заңи консультациялар береді. «Біздің барлық ақпарат тегін. Мәселен, қандай жағдайда өсімпұл (пеня) жүреді, несиені қайтадан төлем кестесін жасап төлеу мүмкіндіктері деген секілді мәліметтерді береміз. Бізге дейін борышкерлердің ақылай заң кеңесіне жүгініп, бізге қарсы аргумент жинаған жағдайлары болған. Бірақ біз оның бәрін шағып, талдап айтып бергеннен кейін, олардың босқа заңгерге он-он бес мың теңге ақша төлегендеріне көздері жетті. Одан соң іс сотқа кетсе көпшілігі банктің сыйақысы алынып тасталады деп ойлайды. Ал сотқа кеткен іске сот орындаушының қызмет­ақысы қосылады. Ал олардың пайыздары жоғары екенін өздеріңіз білесіздер. Сон­дықтан да қай борышты да сотқа жеткізбеуге кеңес береміз», – дейді Азамат Серікұлы. Ұлттық банк тарапынан жүргізілген кешенді жұмыстардың жемісі болар, 2019 жылы коллекторлардың үстінен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне 353 шағым түскен болса, бұл көрсеткіш 2020 жылы тең жартысына қысқарған. Елімізде коллекторларға қатысты заңды одан да әрі қатайта түсу көзделіп отыр. Егер ол өзгерістер күшіне енер болса, тек телефон байланысы емес, кездесулер де, аудио-видеофиксацияға алынбақ. Коллекторлар­дың үшінші тұлғалармен – борышкерлердің туыс-таныстарымен байланысуға тыйым салынбақ. Сондай-ақ борышкердің жұмыс берушісіне тек қана электронды пошта арқылы хабарласатын болады.

Нұрлан ҚОСАЙ