Санымыз 19 миллионға жетті
Санымыз 19 миллионға жетті

«Шамамен 2021 жылдың І жартысында Қазақстан халқының саны 19 миллионға же­теді». Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің төрағасы Нұр­болат Айдапкелов 2017 жылы демографиялық онлайн есептегішті іске қосып тұрып, бала туу және табиғи кему қарқынына құрылған статорганның осындай болжамын жария еткен. Амал нешік, болжам-жоспарды уақытынан бұрын әрі асыра орындай алмадық. 19 мил­лионыншы азамат тек биылғы жартыжылдық аяқталып қалғанда ғана өмірге келді.

Қуанышқа да себеп бар. Демо­графтардың дерегінше, Ұлы дала төсін мекендеген халқымыз­дың саны ешқашан осынша көлемде бо­лып көрмепті. Ұлы Абай 24-ші сө­зінде «Осы күнде ...екі миллион қа­зақ бар» дейді. Сол кезде, 1897 жы­лы жүргізілген халық санағы бо­­йынша Қазақстанды қоса ал­ған­­да, бүкіл Ресей империясы ше­­гінде тұратын қазақтардың жал­­пы саны 4 миллион 84 мың бол­­ған (Я.Воло­дарский. Население России за 400 лет. ХҮІ-ХХ начало вв. М. 1973, с. 111). Кеңес кезінде, 1950 жылы Қазақстан халқының саны 6 591 600-ге жетті. КСРО ыдыраған тұста, 1990 жылы республика тұрғындарының саны 16 млн 690 мың болды. Одақ күйреген соң немістер, гректер, еврейлер, Кавказ халықтары, орыстар мен украиндер өз атамекеніне оралуға ден қойды. Үлкен иммиграция бастау алды. Содан 1994 жылдан бастап, 8 жыл бойы Қазақстан тұрғындарының саны тек кемумен болды. Салдарынан 1994-2001 жылдар аралығында ел халқы 2,2 миллионға азайып, мемлекетімізде 14,8 миллион адам ғана қалды. Бір жақсысы, 2002 жылдан бері қазақстандықтардың саны тек өсіп жатыр.

«МИЛЛИОНДЫҚ» СӘБИЛЕР ҚАЙДА ТУДЫ?

Қатары қатты азайып қалған қазақстандықтар үшін жаңа миллиондық асуларды алу – рухтандыратын, еңсе көтеретін жайтқа айналды. 2004 жылғы мамырда Шығыс Қазақстан облысының Бозай ауылында туған Перизат Өскембаева ресми түрде 15 миллионыншы қазақстандық деп танылды. Оның анасы егіз тапты: Перизатпен бірге Бекзат атты ұл бала өмір есігін ашты. Сонымен бірге дәл осы күні бүкіл республика бойынша 599 перзент туылыпты. Келесі миллиондық белеске шығу үшін аттай 6 жылдай уақыт қажет болды. Тұрғындар саны 16 миллиондық межені 2009-2010 жылдар кезеңінде бағындырған екен. Алайда ол кезде соңы дауға ұласқан жалпыхалықтық санақ өтіп, жауапты агенттік құзырлы органдардың тексеруіне ілікті, он да команда ауысты. Сондықтан статистика мамандары дер кезінде 16 миллионыншы тұрғынды анықтай алмапты. Содан 4 жылдай уақыт өткенде, 2013 жылғы мамырда 17 миллионыншы қазақстандық дүниеге келді. Ол Оңтүстік Қазақстан облысының (қазіргі Түркістан облы сының) Сайрам ауданының тұрғыны Алтынбек Есқара болатын. Әкесі жеке қосалқы шаруашылықпен айналысады, анасы – мұғалім. Кіш кентай Алтынбекке облыс әкімі құлын сыйлады. статистика Тағы 4 жылдан соң, 2017 жылғы мамырда 18 миллионыншы тұрғын тіркелді. Әрине, бір минут, тіпті секундта бірнеше сәби өмір есігін ашуы мүмкін. Бұл ретте 18 миллионыншы азамат ретінде Алматы облысының Талдықорған қаласында дүниеге келген Мүслима Саматқызы белгіленді. Облыс әкімдігі отбасына 3 бөлмелі пәтер беруге уәде етті. Енді міне, тағы 4 жылдан кейін, 2021 жылғы маусымда 19 миллионыншы тұрғын өмірге келді. 3 тамызда оны ел Президенті құттықтады. «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан халқының саны тарихи межеге жетті. Алматы облысында дүниеге келген Жәния Азаматқызы еліміздің он тоғыз миллионыншы азаматы ретінде тіркелді. Жәния – отбасында төртінші бала. Ата-анасы мен қазақстандықтарды осы қуанышпен құттықтаймын. Бауы берік болсын!» – деді Қ.Тоқаев. Өңір басшылығы Жәнияның отбасына 1 млн теңгенің сертификатын, балалар арбасын, ойыншықтар мен бөбек күтіміне арналған жинақты сыйға тартты. Нәрестенің әпкелеріне смартфон тарту етті.

КЕЛЕСІ МИЛЛИОНДЫҚ МЕЖЕГЕ ҚАШАН ЖЕТЕМІЗ?

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистикасы бюросының есебінше, Қазақстанның 19 миллионыншы тұрғыны бұдан біраз бұрын – 2021 жылғы 20 маусымда туыпты. «19 миллионыншы тұрғын ретінде Жәния Азаматқызы анықталды. Жәния Алматы қаласында дүниеге келді. Отбасында 4-ші бала. Туу туралы актісіне сәйкес, нәрестенің ата-анасы Алматы облысының Іле ауданына қарасты Чапаев ауылында тұрады. Анасы – Назгүл Көбентаева, 1986 жылы туған. Әкесі – Азамат Нұрғалиев, 1982 жылы туған», – деп хабарлады статорган. Ведомствоның түсіндіруінше, 19 миллионыншы тұрғынды анықтау «барлық демографиялық оқиғаны: табиғи қозғалыс өсімін (тірі туғандар мен қайтыс болғандар арасындағы айырма) және халықтың көші-қон айырымын (еліміздің аумағына көшіп келгендер саны және елден кеткендер саны арасындағы айырманы) ескеріп жүргізілді». Әлеуметтік желіде: «миллионыншы тұрғындар неге көбіне оңтүстік жақтан таңдалатынына» қатысты сұрақ туындады. Дегенмен Статбюроның мәлімдеуінше, «кандидатура жалпы республика бойынша тұратын жеріне еш тәуелсіз анықталған». Жалпы, жыл сайын туатын сәбилер саны 1991 жылғы 353,2 мыңнан былтыр 426,8 мың нәрестеге дейін артты. Туудың жалпы коэффициентін және қарқынын 1 000 адамға шаққандағы туған сәбилер саны айқындайды. Азаттықтың отыз жылдығында бұл көрсеткіш 1991 жылғы 21,5-тен 2020 жылғы 22,8 нәрестеге дейін өсті. Нәтижесін де, биылғы 1 шілдеде Қазақстан халқының саны 19 млн 9,6 мың адам болды.

ХАЛЫҚ БАСЫН ӨСІРУДІҢ БАСТЫ ҮШ ЖОЛЫ

Жоғарыдағы тәжірибені ескерсек, алдағы 4 жылда келесі миллиондық белес бағына ма? Одан ұзағырақ уақыт қажет болуы мүмкін. Еңбек министрлігінің «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» (ЕРДО) АҚ-ның демографиялық болжамына жүгінсек, Қазақстан халқының саны 2030 жылға қарай қазіргіден 11,8% артып, 20,7 миллион адам шамасына жуықтамақ. Бұл ретте орталық болжамынша, 12,7 млн қазақстандық (61,2%-ы) қалада, небәрі 8 миллионы (38,8%) ауылда тұрады. «Қазіргі жоғары демографиялық көрсеткіштер динамикасы сақталған жағдайда Қазақстан тұрғындарының саны 2050 жылға қарай шамамен 25,4 миллион болмақ. Бұл 2030 жылғыдан 22,7%-ға, ал 2019 жылғыдан 34,3%-ға жо ғары. Оның ішінде 16,7 миллионы немесе 65,7%-ы – қалада, 8,7 миллионы немесе 34,3%-ы ауылда тұрады. 2030 жылға қарай Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент мегаполистерінде бүкіл халықтың 27,4%-ы, ал 2050 жылға қарай 36%-ы өмір сүреді», – деп жорамалдайды Еңбек ресурстарын дамыту орталығы. халық саны Рас, бұл болжам ғана. Одан да көп болуы мүмкін. Қазақстандық белгілі демограф, әлеуметтанушы Валерия Козина 19 миллиондық меженің символдық мәні барын айтады. «Қазақстан тәуелсіздік алған тұста елдегі ауыр әлеуметтік-экономикалық күйзеліс аясында де мографиялық дағдарыс, депопуляция басталды. Алапат көші-қон процесі белең алды. Батыс елде рінде пана табу, азаматтыққа қол жеткізу үшін бұрынғы отандастарымыз өзін босқын ретінде жариялағаны жасырын емес. Республикамыз әлемде адам қашатын ел ретінде көрінді. ХХІ ғасырдың басында бұл кері құбылыс бірте-бірте жойылды. Содан бері Қазақстан мемлекеттілігін нығайтты, әлеуметтік-экономикалық ахуалын тұрақтандырды, қиындықтарға қарамастан, экономикамыз көтеріліп жатыр», – дейді сарапшы. Бірақ оның айтуынша, қуануға әлі ерте. «19 миллион деген тым аз. Қазақстан – жері ұлан-байтақ әрі аз қоныстанған мемлекет. Бізде 1 шаршы шақырымға 6-7 адамнан ғана келеді. Оның үстіне, бізге әлі де болса депопуляция қаупі төніп тұр. Одан қалай құтылуға болады? Халықты көбейтудің басты екі жолы бар: біріншісі – туу көрсеткішін арттыру, екіншісі – өлім-жітімді азайту. Қарапайым қазақстандықтар негізінен бірінші жолға мән береді де, туған сәбилер санын бақылайды. Әемдік тәжірибе көрсеткендей, туу көрсеткішін көтеруге болады, әйткенмен еселеп арттыру мүмкін емес. Бұл білім деңгейі жоғары, урбанизацияланған елдердің еншісі: қалалықтар шаршы метрлер ауданы шектеулі болғандықтан баланы көп туа бермейді, көбіне екі баламен шектеліп, солардың білімін көтеруге, тәрбиесіне мән береді», – деді Валерия Козина. Ол халық санын арттыра түсудің үшінші жолын көрсетті: мигранттар есебінен. «Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері сырттан халық ағынын тартуға тырысуда. Халық санын тек сәбилер ғана емес, атажұртқа оралған қандастар да толықтырады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 1991 жылдан бері атамекенге 1,74 миллион қандас қайтып келді», – деді демограф. Қалай болғанда да, демографтар Қазақстан халқы санының өсуіне оптимизммен қарайды, дегенмен, оның қарқынына көңілі толмайды. Мемлекет демографияға дем беретін тың шараларды қолға алса, жеке ұлттық жоспар қабылдаса, жөн болар еді.

Айхан ШӘРІП