Қазақстанда талапкерлерді колледждерге қабылдау науқаны жалғасып жатыр. Бүгінде 126 074 өтініш түскен. 25 маусымда басталған құжаттарды қабылдау жұмыстары 18 тамызға дейін ұласады.
Биыл мемлекет 97 мың білім грантын бөліп отыр. Яғни, тапсырғандардың басым көпшілігі мемгрантпен тегін оқи алады. Сонымен қатар тегін білім алғысы келетіндер үшін квоталық санаттар тізімі кеңейтілді. Көп балалы отбасылардан шыққан балалар үшін 5%, мәртебесі кемінде үш жыл бойы «толық емес» деп саналған жалғызілікті, асыраушысынан айырылған отбасылардың балаларына 1%, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар үшін 1% квота белгіленді. Балдары тең болған жағдайда квоталық санат және аттестаттың орташа балы ескеріледі. Талапкерлер колледжге құжаттарды екі тәсілмен – Egov.kz арқылы немесе тікелей колледжге апарып, тапсыра алады. Болашақ студенттер бірден 4 мамандық пен 4 колледжге дейін таңдай алады. Биыл педагогикалық, медициналық және шығармашылық мамандықтарды қоспағанда, қабылдау емтихандары болмайды. Конкурс аттестаттағы міндетті және бейіндік пәндерден қойылған бағаның орташа балы бойынша өткізіледі. Яғни, байқау кезінде талапкерлердің аттестатындағы бағалар бәсекелеседі. «Байқау бірнеше кезеңге бөлінген: 29 шілде мен 2 тамыз аралығында – шығармашылық мамандықтар, 16-19 тамыз аралығында – педагогикалық мамандықтар бойынша. 9-сынып негізінде оқуға түсетін талапкерлер арасында мемлекеттік тапсырысты бөлу 19-22 тамыз аралығында, ал 11 сынып түлектері үшін 22-25 тамыз аралығында жүреді. Мемтапсырыс бойынша оқуға қабылдау туралы ақпарат талапкердің жеке кабинетіне келеді», – деді БҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының орынбасары Ернат Жүнісов.Айхан ШӘРІП