Партия филиалының жаңа төрағасы сайланды

Партия филиалының жаңа төрағасы сайланды

«Nur Otan» партиясы Қызылорда  облысы Шиелі аудандық филиалының кезектен тыс ХХХІІІ конференциясы өтті. Жиында «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалының төрағасын сайлау және «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу туралы мәселелер қаралды.

Отырыстың күн тәртібіне сәй­кес аудандық партия филиалы төрағасы лауазымына аудан әкімі Нариман Мақұлбеков кандидату­расы ұсынылып, ол делегаттардың қолдауымен филиал төрағасы болып сайланды. Нариман Мақұлбеков 1968 жылы Қызылорда қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1986 жылы Қы­зыл­орда қаласындағы автобазада слесарь ретінде бастап, көп жылдар құқық қорғау органдарында, со­ның ішінде Қызылорда қалалық прокуратурасының тергеуші ста­жерінен облыс прокурорының орынбасары, Бас прокуратураның департамент бастығына дейінгі қызмет сатысынан өткен. 2020 жыл­дан бүгінге дейін Қызылорда об­лысы әкімі аппараты басшы­сы­ның орынбасары қызметін ат­қарған. Алқалы жиында, сондай-ақ аудандық партия филиалының саяси кеңесі құрамына өзгеріс енгізілді. Конференция жұмысына 60 делегат қатысты. Олардың 23-і онлайн қосылды.

Әбілмансұр ЖАСАН