«Астананың» ойынын 120 ел тамашалайды
«Астананың» ойынын 120 ел тамашалайды
125
оқылды

Конференция лигасындағы елордалық «Астана» клубының  КуПС командасымен кездесуін әлемнің 120 елі тамашалай алады. Бұл жөнінде «Астана» футбол клубының бас директоры Давид Лория мәлімдеді.

«Сіздерге сүйінші хабарды жеткізгім келеді. Бізге Конференция лигасы үшінші іріктеу сатысындағы «Астана» мен КуПС клубының қарымта кездесуін тарату жөнінде маңызды келісім жасаудың сәті түсті. Сол арқылы әлемнің 120 елінің жанкүйерлері аталған ойынды тамашалауға мүмкіндік алады. Кездесу «Еларна» және Kazakh TV телеарналары арқылы тікелей эфирде таратылады» деп жазды ол Instagram парақшасында. Соның ішінде Kazakh TV телеарнасы Еуропаның шығыс және батыс бөліктерінде, Оңтүстік және Орталық Америкада, Аустралия мен мұхит аймағында, Солтүстік Африкада, Таяу Шығыста, Азия мен Оңтүстік Кавказда хабар таратады. «Бұл отандық футболды насихаттау барысында жасалған оң қадам деп санаймын. Біз Финляндияда өткен алғашқы кездесуде қолайлы нәтижеге қол жеткіздік. Бейсенбі күні барлығымыз біздің клубтың жеңісіне қуанатын боламыз» деп жазды Давид Лория. Айта кетерлігі, елордалық клуб үшінші іріктеу сатысындағы алғашқы кездесуде Финляндияның КуПС клубымен 1:1 есебімен тең ойнады. Конференция кубогында «Астана» екінші іріктеу сатысында Грекияның «Арисін» (2:0, 1:2) жеңген еді.

            Айбике ЖАНАСЫЛ