Ауыл – алтын бесік. Халықтың тілегі орындалып, елімізде тұңғыш рет ауыл әкімдерін сайлау сәтті аяқталды. Ауыл тұрғындары белсенділік танытқан сайлауда Атырау облысынан шалғай ауылдағы Сафон ауылдық округіне Роза Камзаева сайланды.
Мұнайлы аймақтың Құрманғазы ауданы Сафон ауылдық округі әкімінің сайлауына «Nur Otan» партиясынан үміткер Роза Камзаева өзі туған ауыл тұрғындарының көп дауысына ие болды. 2000 жылдан бастап 2017 жылдың тамыз айына дейін Сафон ауылдық округі әкім аппаратының бас маманы қызметтерін атқарған. 2017 жылдан Сафон ауылдық округі әкімінің лауазымын атқарып келген. Өз туған ауылында тапжылмай қызмет атқарып келе жатқан Роза Шамарқызы әкім болған жылдары ауылда халық саны артты, жол, электр желісі, көше жарығы, газ, ауызсу жүргізілді. Жаңа әлеуметтік нысандар халық игілігіне берілді. «Халықтың әкімді сайлауы – қоғамда әркез талқыланып келе жатқан мәселе. Биыл ауыл әкімдерін сайлаудың тұрғындардың ықтиярына берілгені барлығымызды қуантты. Елдің алтын бесігі ауыл екені сөзсіз. Тәуелсіз елдің өркениетке жетудегі қарышты қадамына ауылдың қосар үлесі зор. Сондықтан ауылдардағы проблемалар шешімін тапса, онда сол аймақтың проблемалары да кезеңімен шешімін тауып, халықтың әл-ауқатын арттыратын иігіліктерге қол жеткізу мүмкіндігі болады. Мен өз тарапымнан ауыл әкімі болуға лайық деп дауыс берген тұрғындарға ризашылығымды білдіремін. Ауылдағы проблемаларды тұрғындармен бірлесіп шешу мақсатым келешекте Сафон ауылының қарқынды дамуына үлесін қосатынына сенемін», – дейді жаңа сайланған әкім. Егемен елдің ертеңіне демократиялық жолмен жетуді мақсат еткен ауыл әкімдерін сайлау халықтың құзырына берілуі туған жерге туын тігетін азаматтар қатарының көбеюіне жол ашады деген ауыл әкімі Роза Шамарқызы ауылдың қандай проблемаларын шешуге атсалысатынын айтты. Оның айтуынша, келер жылдан бастап ауыл тұрғындарын қоғамдық көлік тасымалымен қамтамасыз ету, жол салу, жастарды спортқа бейімдеу, ауыл жастарына қолдау көрсету, жұмыссыздық мәселелерін шешу, кәсіпкерліктің дамуын қолдау, ауыл тазалығы, көшелерді абаттандыру, көгалдандыру, ауылішілік жолдарды жөндеп ұстау секілді проблемаларды шешу жоспарында бар. «Ауылдың бюджеті шектеулі екенін түсінемін, сондықтан қосымша қаржыландыру көздерін іздеймін. Қосымша қаражат көздерін қарастыру арқылы халықты ауызсумен және жазғы сумен қамтамасыз етуге өзек түбін тереңдетуге, балалар ойын аланың салып, демалыс орындарын кеңейтуге күшімді саламын. Халықтың аз қамтылған тобы – зейнеткерлерге, көпбалалы, жалғызбасты аналарға жан-жақты қолдау көрсетуге, ауылдан шыққан танымал тұлғалардың мәдени-рухани мұрасын насихаттауға үлесімді қосамын. Бұл қыруар жұмыстарды өзіме сенім артқан ауыл тұрғындарымен бірге шешетініміз сөзсіз», – деген Сафон ауылдық округ әкімі Роза Камзаеваға сәттілік тіледік.Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы