ҰБТ аяқталып, нәтижесі шыққанымен, айналасындағы дау-дамай бітер емес. Жақында мемлекеттік грантқа ие болған түлектер тізімі жарияланатыны тағы бар. Осы тұста министрлік 19 оқушының тестілеу нәтижесі жойылғаны туралы ақпарат таратты. Демек, олар грант алу құқығынан автоматты түрде айырылды. Олар ендігі кезекте не істейді? Министрлік мұндай қадамға неге барды?
Тест нәтижесі қалай жойылды?
ҰБТ нәтижесі осымен үшінші жыл қатарынан қайта тексеріліп жатыр. Тестілеу орнына кіргізу, қадағалау жыл сайын қиындағанымен, адамнан айла аса ма? 2019 жылы 128 мың, 2020 жылы 1 296 түлек тестілеуге тыйым салынған заттарды алып кіруге тырысса, биыл 758 оқушы осындай қадамға барған. Биыл да өткен жылдағыдай Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері 145 мың талапкердің бейнежазбасын қарап шыққан. Өйткені өткен жылы бақылау камераларынан бейнежазбаларды қарау туралы ереже енгізілген еді. Мәселен, 2020 жылы ҰБТ аяқталғаннан кейін 152 талапкердің тестілеу ережесін бұзғаны анықталып, нәтижелері жойылды. Осылайша, олардың 91-і білім беру грантынан айырылды. Ал 2021 жылғы ҰБТ нәтижесі бойынша бейнежазбаларды қайта қарау арқылы 19 талапкердің жинаған ұпайы жарамсыз деп танылды. Мұның өзінде министрлік орталық қызметкерлерінің «бейнежазбалардың бір бөлігін егжей-тегжейлі қарап шыққаннан кейінгі нәтиже» деп отыр. Яғни, бұдан да басқа талапкерлердің ұпайы жойылуы мүмкін деген сөз. Сертификаты жарамсыз болып қалған 19 оқушыға келсек, олар ҰБТ барысында шпаргалка қолданып, ереже бұзғаны анықталған. «Алдымен Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері 100-ден жоғары балл жинаған тестіленушілердің бейнежазбаларын тексереді. Мәселен, талапкерлердің нәтижесі наурыз және мамыр, маусым айларындағы көрсеткіштерінен айтарлықтай жоғары болуы мүмкін. Мысалы, бір түлек наурыз айында 60 балл алған, ал маусымдағы тестілеуде 134 балл жинаған. Күмәнді көрсеткіш емес пе? Сол себепті бейнежазбаны қайта қарап, нәтижесін жойды. Тестілеуге қатысушылардың арасында шпаргалка қолданып, смартфоннан көшіріп отырғандар болған», – дейді БҒМ баспасөз хатшысы Мөлдір Абдуалиева.Жарамсыз сертификатпен қайда барады?
Соңғы жаңалықты естіген кез келгенімізде осы сұрақ туғаны даусыз. Өйткені олар мемлекеттік грант конкурсынан шет қалып отыр. Дегенмен оқуға түсудің амалы бар екен. Әрине, ақылы түрде. Мұны Ұлттық тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы Наужан Дидарбекова түсіндіріп берді. Оның айтуынша, барлық түлекке ҰБТ-ны жылына бірнеше рет тапсыру мүмкіндігі бекер берілмеген. Бұл тестілеуге дайындалу барысында оқушылардың күйзелісін азайтатыны тағы бар. «Түлектердің тек өз біліміне үміт артуы үшін осындай мұқият тексеру жүргізіп жатырмыз. Өйткені бүгін тест тапсырып, ережені бұзған талапкердің ертең полиция қызметкері, дәрігер, мұғалім немесе судья ретінде адал маман болатынына кепілдік жоқ. Сондықтан комиссия 19 талапкердің нәтижесін жоюға шешім шығарды. Енді олар грантты тағайындау конкурсына қатыса алмайды. Бірақ бұл жағдай балалар тарапынан болғанын ескеріп, оларға жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқуға мүмкіндік беріледі. Ал біз бейнежазбаларды тексеруді жалғастырамыз. Бұзушылықтар анықталған жағдайда нәтижелер мен тіпті берілген гранттардың да күші жойылады», – дейді Наужан Дидарбекова. Орталық өкілінің сөзіне сүйенсек, маусым айындағы ҰБТ сертификаты жойылған талапкердің одан бұрын тапсырған тестілеу нәтижелері күшінде қалады. Яғни, сол ұпайы арқылы ақылы оқу орнына тапсыруға құқы бар. Себебі мемлекеттік универдің ақылы бөліміне оқуға тапсыру үшін де 50 ұпай керек. Мысалы, жоғарыдағы ҰБТ нәтижесі жойылған баланың жағдайын қарастырсақ болады. Ол маусым айында 134 балл жинағанымен, наурыз айында 60 балл алған. Демек, 134 балл жарамсыз болғанымен, 60 балмен ақылы оқу орнына түсуге мүмкіндігі бар.ҰБТ тапсырмай-ақ ұпай жинауға бола ма?
Жыл сайын ҰБТ тапсырудың қатаңдағанын жаздық. Оқушылардың қандай атмосферада тест тапсырғанын білмек мақсатта елордадағы тестілеу орнына бардық. Мәселен, Тәуелсіздік даңғылындағы тестілеу орталығында кіреберістен тексеріспен қарсы алып, жеке куәлігіңіз арқылы Face ID жүйесінен өтесіз. Одан ары қарай әр талапкердің қолына логин-паролі, отыратын орны жазылған қағаз ұстатады. Сол жүйемен орныңызға барып жайғасасыз. Бірақ мұнымен шаруа бітпейді. Тестілеуді бастау үшін маңдай тұсыңыздағы камераға түріңіз бен жеке куәлігіңізді көрсетесіз. Камера мақұлдаса, компьютерге белгі береді. Ары қарай тест тапсыруды бастайсыз. Қателеспесем, әрбір 30-45 минут сайын жоғарыдағы камераға қарап, тест тапсырып отырған өзіңіз екенін дәлелдейсіз. Одан бөлек, алдыңызда 4-5 парақ тұрады. Отырған орынның тек бір адамға лайықталғаны тағы бар. Сол үшін анау-мынау артық қимыл жасау қиын-ақ. Ал мұндай жерде амалын тауып, шпаргалка қолдану қиынның қиыны екені даусыз. Сондықтан да ҰБТ нәтижесі жойылған оқушылармен тілдесіп көргіміз келді. Алайда ойлағанымыз жүзеге аспады. Себебі министрлік «оларға қатысты жеке мәліметті бере алмаймыз» деп кесіп айтты. Бір байқағанымыз, әлеуметтік желіде де оқушылардың аты-жөні немесе оқыған мектебінің аты ашық жарияланбағаннан кейін күмәнмен қарайтындар көп екен. Тіпті, «қайран миллиондар-ай» деп пікір қалдырған желі қолданушысын да кездестірдік. Мұның сыры неде екен деп іздестіріп көріп едік, мынадай бір мәліметке тап болдық. Мамыр айының ортасында мессенджерлерде «ҰБТ-ға кірмей-ақ 120 балды алып беремін. Құны – 1 миллион 300 мың» деген хабарламаның скриншоты жарияланған. Қызмет ұсынушы талапкердің өзіне жеке куәлігін алып келсе жеткілікті екенін көрсеткен. Одан кейін байланыс орнатушыға бұрын тапсырған тестілеудің нәтижесін жіберген. Тестілеу орны деген жерде Шымкент қаласы Терешков көшесі деп жазылып тұр. Кейіннен осы жазбаны Бидос Қалшабек атты желі қолданушысы бөлісіп, «ҰБТ саудасы басталды. Шымкентте тестілеуге кірмей-ақ, 120+ балл алуға болады» деп жазған. Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтынын ескерсек, тестілеу қанша қатаң өтті дегенмен қолынан келгендер қонышынан басса керек. Бірақ неге даудың басы айналып Шымкентті табады? Себебі мұғалімдер арасындағы тестілеуден өте алмағандар да арада біршама уақыт өткен соң Шымкент немесе Түркістан облысында тест тапсырып, тиісті ұпайды жинап қайтады екен. Ол жерде расымен «бармақ басты, көз қысты» әрекетке тыйым салынбаған ба?..Айзат АЙДАРҚЫЗЫ