Солтүстік Қазақстан облысындағы Обухов тау-кен байыту комбинатының акционерлері арасындағы дау он жылдан бері шешімін табар емес. Кен орнына талас салдарынан қарапайым жұмысшылар зардап шегіп отыр. Өндірілген тауарды ел аумағынан шығаруға тыйым салынғандықтан, оларға жалақы төленбейді. Мұндай жағдай бұған дейін де бірнеше рет қайталанған-тын. Қарыз бен несиеге белшесінен батқан жұмысшылардың соның кесірінен өз-өзіне қол жұмсағаны да жасырын емес. Құрылтайшылар арасындағы талас-тартыс кәдімгі төбелеске ұласқандықтан, талай рет бас жарылып, жақ сынғанынан да көпшілік хабардар.
АУСТРАЛИЯДА ҒАНА БАР
Әңгіменің әлқиссасын әріден бастаған жөн. Тайынша ауданының аумағында орналасқан титан-цирконий кен орны 1958 жылы ашылған. Жер бетінде осыған ұқсас кен орны тек Аустралияда ғана бар деседі. Мұның бірегейлігі сол, өндірілетін шикізат құм сияқты ұсақ болғандықтан, оны ұқсату оңай. Бұл жерде барлау жұмыстары 90-жылдары жүргізіле бастағанымен, кейін дағдарысқа байланысты тоқтап қалған көрінеді. Адам қолы тимеген кезде кен орнының қоры 7,2 миллион текше метр болған. 1999 жылы Қостанай облысындағы Лисаковск тау-кен байыту комбинатында жұмыс істеп жүрген Виктор Долгалевтің көзі осы Обухов кен орнына түседі. Сол жылы комбинат банкротқа ұшырап, титан-цирконий зауыты мен қаңырап қалған цехты Виктор Долгалев сатып алады. Қолындағы цехты іске жарату үшін ол Обухов кен орнында жаңа кәсіпорын ашпаққа оқталады. Бірақ кен орнын игеру үшін өз қаржысы жеткіліксіз болғандықтан, жаңа танысқан «тамырлары» ресейлік кәсіпкерлерді жаңа кәсіпорынға қаржы құюға көндіреді. Сөйтіп, жеті құрылтайшының қаржы салуы нәтижесінде ашылған «Тиолайн» ЖШС 2006 жылы сол кездегі Энергетика және минералдық ресурстар министрлігімен жер қойнауын пайдалануға келісімшарт жасайды.ЖОЛАЙРЫҚ
Алайда құрылтайшылардың қуанышы ұзаққа созылмады. Көп ұзамай олардың арасында қаржыға қатысты алауыздық туындап, достықтары шорт тыйылды. Жолайрыққа келіп тірелген құрылтайшылар үлестерін бөлісу үшін талай соттың табалдырығын тоздырды. Үлес салмағы көбірек ресейлік кәсіпкерлер Виктор Долгалевты директордың орынтағынан тайдырып, өз адамын тағайындаған соң, экс-басшы өз ұлы Даниилмен бірлесіп басқа серіктестік құрады. Қазір «Обуховский ГОК» ЖШС даулы кен орнында титан-цирконий өндірумен айналысып жатыр. Директоры Даниил Долгалевтың айтуынша, «Тиолайн» компаниясымен жасалған жер қойнауын пайдалану туралы келісімшарт негізінде өзі басқаратын серіктестік бұл жұмыстарды жүргізуге құқылы. Бірақ әкесі Виктор Долгалев бұл құжат ұрыс-керіс барысында қолды болғанын алға тартады. Ал қарсыластары ол кенді заңсыз өндіріп жатқанын айтып отыр. Он жылдан астам уақытқа созылған дау-дамайдың детективке ұқсайтын тұстары көп. Бір-біріне жұдырық ала жүгіру, атыс-шабыс, ұрыс-төбелес, қасақана жол апаты, түрлі жарақат, ұрлық-қарлық, жалған құжат, есік күзету – осының барлығын кен орнындағылар кинодан емес, шынайы өмірден көріп отыр. Қозғалған қылмыстық істерден көз сүрінеді. Тәртіп сақшылары, прокуратура, жергілікті билік мұндағы жағдайдан хабардар. «Құрылтайшылардың арасындағы дау осындай жағдайға әкеліп соқтырып отыр. Біз үшін де бұл – үлкен мәселе. Әрине, біз кәсіпорынның жұмысын тоқтатуға мүдделі емеспіз, керісінше жұмыс істегенін қалаймыз. Бірақ барлығы заң аясында болуы тиіс», – дейді облыс әкімі Құмар Ақсақалов. Облыс прокуроры Бағбан Тайымбетов те сот шешімі бар екенін, онымен келіспегендер Жоғарғы Сотқа жүгінуге болатынын айтып, кәсіпорын жұмысын заңға сәйкестендіру керек деген пікірді қолдайды.ҚАРЫЗЫ БАСТАН АСАДЫ
Компания мойнына алған міндеттемелерін орындамағандықтан, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2006 жылы берілген лицензияны жуырда қайтарып алды. Вице-министр Руслан Баймишев түсіндіргендей, «Жер қойнауын пайдаланушыға келісімшарт талабы орындалуы тиіс екенін, жағдайды түзеу керегін бірнеше рет ескерттік. Уақыт бердік. Өкінішке қарай, «Тиолайн» компаниясының басшылығы кәсіпорын аумағына кіре алмай отырғандықтан, қолдан келер амал жоғын айтып жауап жолдады. Сол себепті біз біржақты тәртіппен келісімшартты бұзуға мәжбүр болдық. Кәсіпорын басшылығы біздің шешімге қатысты ешқандай шағым түсірген жоқ», – деді вице-министр.АҚОРДАДАН АРАША СҰРАМАҚ
Обухов кен орнында 500-ден астам адам жұмыспен қамтылған. Айдың-күннің аманында зардап шегіп отырған да – солар. «Екі сиыр сүйкенсе, ортасында шыбын өледінің» кері. Жуырда қайтадан қылмыстық іс қозғалып, комбинаттан шикізат шығаруға тыйым салынды. Даниил Долгалев «Тиолайнның» емес, өздері өндірген шикізатты тасымалдағанын айтады. Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметіндегілер: «Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексiнің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің мәліметтерін таратуға болмайды. Прокуратура да рұқсат бермеді», – деп қысқа қайырды. Аудандық прокуратурадағылар ресми сауалға 7 күн ішінде жауап беретінін айтты. 17 миллион теңгенің шикізаті тиелген жүк көліктері аудандық полиция бөлімінің тұрағында қаңтарулы тұр. «Обуховский ГОК» директоры Даниил Долгалев шикізатты бұлай сақтауға болмайтынын, концентраттан бөлінген радионуклидтер адам денсаулығына да, топыраққа да, ауаға да зиянын тигізетінін айтады. Бұл – олардың Қытайға экспорттайтын тауары. Тауар сатылмаса, жұмысшылар еңбекақысыз қалады деген сөз. 2017 жылы осы кәсіпорында жұмыс істеп нәпақасын табу үшін Көкшетаудан әдейі көшіп келген комбинат шебері Марат Шегеннен маза қашқалы қай заман?! «Бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады. Кәсіпорын жабылып қалса, не істемекпіз? Қирап жатқан кәсіпорынды аяғынан тік тұрғыздық. Не үшін? Сондықтан соңына дейін күресеміз. Жалақымыз жақсы: 500-700 мың теңге. Мәселе шешімін табады деген үміттеміз», – дейді ол. Зертхана және техникалық бақылау бөлімінің бастығы Наталья Александрова болса, оқу жылы таяп қалғанын, балаларды мектепке әзірлеу керегін, одан қалды қысқа отын, көмір алу қажетін айтып қапаланады. «2017 жылдан бері осында жұмыс істеймін. Қарамағымда 26 қызметкер бар. Олар мені күнде сұрақтың астына алады. «Бейбіт күні тыныш жұмыс жоқ. Еңбекақымыз уақытылы төлене ме?» деп беймаза күй кешіп жүр. Бәрінің де бала-шағасы бар, мектепке, балабақшаға керек-жарақтарын алуы керек. Қыс таяп келеді, отын-көмір, мал азығы тағы бар. Өзімнің де екі балам бар. Жұбайымның жалақысына төрт жан күн көре алмаймыз. Жұмыссыз қаламыз ба деп қорқамыз. Біздің жұмысымыздың аясы тар. Бұл өңірде мұндай жұмыс тауып алу қиын. Сондықтан өз жұмыс орнымыз үшін соңына дейін күресеміз. Көбі университет бітіргелі осы жерде жұмыс істеп жүр. «Мылтықсыз майдан» дейді мұндайды. Уайымнан көз ашатын күніміз бар ма?», – дейді ол. Амалы таусылған жұмысшылар енді Ақордаға барып, ел Президентінің араласуын өтінбекші. Компания акционерлерінің өзара тіл табыса алмауы талайдың бас ауруына айналып отыр.Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы