Бестөбедегі дау: стадион мен мектеп таразыға түскен сәт
Бестөбедегі дау: стадион мен мектеп таразыға түскен сәт

Ақмола облысы Степногорск қаласының іргесіндегі Бестөбе елді мекеніндегі дау-дамай тыйылар емес. Керісінше, әлеумет арасындағы шиеленіс одан сайын ушығып, тереңдей түскен. Оған әу баста алтын өндіруші компания жоспары мен тұрғындар көзқарасының бір жерден шықпауы себеп болған еді. Енді сипаты өзгеріп кеткенге ұқсайды.

Ауылдың белсенді тұрғын­дарының айтуынша, қазір қос тараптың арасындағы дау Бестөбе кентіндегі стадиондағы құры­лыс­қа келіп тірелген. Тарихы 90 жыл­ға жуықтаған бұл нысан бұзылып, орнына енді мектеп салынбақ. Ал бұған жергілікті қауымдастық өкілдері үзілді-кесілді қарсылық білдірген. Аталған мәселеге бай­ланысты жергілікті халықпен бір­неше мәрте жиын да өткі­зіліпті. Қазір құрылыс жұмыстары қызу қарқынмен басталып та кеткен. Дегенмен кей тұрғындар алған беттерінен қайтар сыңай танытпайды. Шегіне жетіп әбден шиеле­ніскен мәселеде тұрғындар мен жергілікті билік бір-бірімен ортақ келісімге келе алмаған. Жергілікті қауымдастық бұл орайда компа­ниямен арадағы дау бұл жағдай­дың туындауына себеп болғанын айтады. Естеріңізге сала кетсек, бірнеше жылдарға созылған тар­тыстың соңында халықтың тала­бымен алтын өңдеу фабрикасы жабылып тынған. Олардың пікі­рінше «Қазақ Алтын ГМК» ком­паниясы жағдайды пайдаланып халыққа қысым көрсетуді мақсат еткен-мыс. Сондай-ақ тұрғындар стадионның орнына мектеп салу да ешбір заңға сәйкес келмейтінін жеткізді. Оның үстіне, бұқаралық спортпен айналысушыларға бұ­дан өзге спортпен айналысатын орын да қалмаған деседі. «Біздің айтып жатқан наразы­лықтарымызға биліктің құлақ асқысы келмейді. Ауылда бұдан басқа жастар мен балалардың демалатын орны да жоқ. Кешкілік келіп футбол, баскетбол сияқты ойындар ойнайды. Жүгіру жолы да болған. Жылда шахтерлердің түрлі жарыстары да ұйымдас­ты­рылатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі елдегі бұқаралық спортты дамы­тып, стадиондарды және спорт­тық секцияларды өркендетуге баса назар аударған жоқ па еді? Ал сонда мұндағы билік Прези­дентке бағынбай ма? Міне, бізді 90 жылдық тарихы бар стадио­нымыздан айырмақ. Орнына 300 орындық мектеп салынбақшы», – дейді Бестөбе кентінің белсенді тұрғыны Николай Катчиев.

Қоржынкөлді сүріп, орнына карьер қаза ма?

Негізі, мектеп құрылысының жобасы осыдан тура 8 жыл бұрын 2013 жылы басталған. Ол кездегі жоспар бойынша мектеп 900 орын­ға арнап салынуы тиіс бо­лыпты. «900 орындық мектеп жобасы одан кейін 600 орынға өзгерді. Енді, міне 300 орынға бір-ақ түсті. Енді сол 8 жылдан бері сөреде шаң басқан құрылыс жобасы қайта шықты. Біз мектептің са­лынуына қарсы емеспіз. Өйткені ауылдағы мектептердің бәрі ескі. Бірақ басқа жерге салынуын сұ­раймыз. Мұның астарында біздің алтын өндіретін фабриканы жап­қызып тастағанымызға қарсы жасап отырған қысастық әрекет бар деп білеміз. Олардың түпкі­лікті ойы Қоржынкөлдегі мек­теп­ті сүріп, балаларды осында әкел­мек. Ал Қоржынкөлдің астында ашық әдіспен карьер қазбақшы. Ал олай етсе Қазақстан халқы мұн­дағы бай алтын қорынан айы­рылады. Біз стадионды бұзбай бас­қа орынға салсын деп те айт­тық. Бірақ олар осы жерден шық­пай отыр», – дейді Николай Катчиев. Жергілікті қауымдастық өкіл­дері стадионды сақтап қалу үшін Степногор қаласының әкіміне, облыстық сәулет және құрылыс басқармасына, тіпті Ақмола облы­сы әкімдігіне де шағым хат­тарын жолдаған. Сондай-ақ ауыл­дың әрбір көшесінің арнайы өкілі стадионның орнына мектеп салуға қарсылық хатына қол қой­ған. Тұрғындар бұл мектептің тек 300 орынға ғана салынып жат­қанына да алаңдаулы. Олардың айтуынша, Бестөбедегі 600 бала оқитын қазақ орта мектебі апат­тық жағдайда. Үшінші қабаттың төбесінен су сорғалап, бұзыла бастаған. «Әрине, мектеп салынуы қажет. Өйткені 600 бала оқитын қазақ орта мектебі де апаттық жағдайда. Неліктен жаңа мектепті кемінде 600 орынға салып, қазақ мектебіндегі бар баланы осында ауыстырмасқа?! Әкімдік бастап­қыда 900 балаға арналған жобаны 600-ге, одан 300-ге кемітті. Олар 1 және 2 қабатта оқыта бермек. Біздің Қоржынкөлдегі мектеп те өте ескі. Жаңа заманауи салынған мектепте бәріміз баламызды оқыт­қымыз келеді. Ал ауыл ста­дионының орнына салса, ол бізге 2,5 шақырым қашық болады. Балаларға мектепке барып-келу өте қиын. Біз де стадионның сақ­талып, мектепті бізге жақын жер­ге салғанын қалаймыз. Бірақ сө­зімізді жергілікті билік ескер­ме­ді. Құрылыс басталып, ста­дион­ның асфальты мен жолдарын қазып, алып тастаған...», – дейді Қоржынкөл тұрғыны Александра Назаренко.

«Мектеп апаттық жағдайда емес»

Біз тұрғындар апаттық жағ­дайда деген Бестөбе кентіндегі қа­зақ орта мектебінің директо­рымен де тілдесіп, жаңа мектептің стадион орнына салынуы жайлы пікір білдіруін өтіндік. Мектеп басшысы мектептің апаттық жағдайда емес екенін алға тартып, тұрғындардың сөзін толығымен жоққа шығарды.

Бірақ арада бір күн өткенде, 29 шілдеде дәл сол басқармадан тағы қосымша жауап келген. Мына қызықты қараңыз! Екінші жауап алғашқы жауапқа мүлде қарама-қайшы. Тұрғындар қайта түзетілген бұл жауаптың мүлде ақылға сыймайтынын айтады.

«Біздің 278 орынға шақталған мектепте қазір 520 бала оқып жатыр. Жаңа оқу жылына бірінші сыныпқа келетін балалардан да өтініштер түсіп жатыр. Мектеп апаттық жағдайда емес. Күрделі жөндеу жасалған. Әрине, мектеп өте ескі, 1958 жылы салынған. Сондықтан мектепке асхана, спорт залдары бейімделген. Мек­тепті стадионның орнына салы­нуды құптаймын. Өйткені бұл жер шынымен бос жатыр. Мас­күнемдер барып ішімдік ішеді. Оны сенбілікте біздің оқушылар барып жинайды. Бұрынғыдай бұқаралық іс-шаралар ұйым­дастырылмайды. Жаңа, заманауи талаптарға сай мектеп салынса бәріне де орын болары хақ. Спорт кешендері де жоқ емес. «Қазақ Алтын ГМК» компаниясының және жеке кәсіпкер салған спорт кешендері бар. Бұл жерде түсі­ніспеушілік болып тұрған сияқты. Ал біздің мектепті жауып, жаңа мектепке көшіреді деген еш­қан­дай мәлімдеме болған жоқ», – дейді №1 Бестөбе орта мектебінің директоры Күлтай Мағзұмова.

«Қай жауап дұрыс?»: басқарма екі түрлі жауап берген

Жаңа мектептің стадион ор­нына салынуы Ақмола облысы­ның Сәулет және қала құрылысы басқармасы да заңға қайшы келетінін мәлім еткен. Басқарма басшысы міндетін атқарушының биылғы 28 шілдеде жазған ха­тында бұл тайға таңба басқандай көрсетіліпті. «ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңның 47-бабының 1,2-тар­мақтарына сәйкес елді мекен­дердің дамуы және құрылысы бекітілген бас жоспар негізінде жүзеге асырылады. Ал Бестөбе ауылының бас жоспары Степно­горск қаласы әкімдігінің 2018 жылдың 12 наурызындағы №А-3/106 қаулысымен бекітілген. Аталған бас жоспарға сәйкес құрылыс жоспарланған аумақта «Еңбек» стадионы орналасқан. Сондықтан бұл жерде мектеп құрылысын салу қолданыстағы заңға қарама-қайшы келеді. Біздің ережеге сәйкес бақылау және қадағалау функциясы біздің құзыретімізге кірмейді. Сон­дықтан басқармамен Степногорск қаласы әкімдігіне 26 шілде күні заңның бұзылуына жол бермеу үшін шаралар қабылдау туралы хат жолданды», – делінген Ақмо­ла облысы Сәулет және қала құрылысы басқармасының ресми жауабында. Бірақ арада бір күн өткенде, 29 шілдеде дәл сол басқармадан тағы қосымша жауап келген. Мына қызықты қараңыз! Екінші жауап алғашқы жауапқа мүлде қарама-қайшы. Тұрғындар қайта түзетілген бұл жауаптың мүлде ақылға сыймайтынын айтады. Хатта жазылған екінші жауапты қаз-қалпында келтірсек: «Жалпы білім беретін мек­тептің қажеттілігіне байланысты ауыл әкімдігімен 2013 жылдың 24 қазанында қоғамдық тыңдау өткізілген. Аталған тыңдауда қа­тысушылардың ортақ пікірімен мектеп құрылысын стадион ор­нына салуға шешім қабылданған. Степногор қаласы әкімдігімен шешім қабылданған сәтте кенттің бас жоспары жасалмаған. Ауылды мектеппен қамту мәселесін шешу маңыздылығы ескеріліп, 2014 жылы жер учаскесі бөлініп, барлық рұқсат құжаттары беріл­ген. 300 орындық құрылыс жоба­сы салынған. Мемлекеттік сарап­таманың оң қорытындысы алы­нып, қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстарына конкурс өткізіліп, мердігер анықталған», – делінген басқарма жауабында. Аталған мәселені анықтау үшін Степногорск қаласының әкімі Еркебұлан Баяхметовтің да пікір беруін сұрадық. Әкім ста­дион орнына мектеп салынуына халықтың өзі қарсы болмағанын айтып, қол қойған құжаттарын ұсынды. «Қазір ел арасында әлеуметтік түсініспеушіліктер болып жатыр. Жағдай өте күрделі. Демогра­фиялық жағдайлардың төмен­деуіне байланысты мектеп құры­лысының жобасы 900 орыннан 600-ге, одан 300-ге дейін азай­тылды. «Қазақ Алтын» компания­сының мұнда еш қатысы жоқ. Бәрі мемлекет қаржысына салы­нып жатыр. Тұрғындармен жиын өткізілген. Хаттамасы бәрі бар. Тұрғындар стадион орнына са­лынуын қолдап, қолдарын қой­ған. Мектеп екі жыл ішінде са­лын­бақ. Екі ауысымда оқыса, 600 балаға дейін оқиды», – дейді Степногорск қаласының әкімі Еркебұлан Баяхметов. Біз жергілікті тұрғындардан құрылған қауымдастық өкілде­рінің пікірлерінен кейін «Қазақ Алтын» акционерлік қоғамына ресми хат жолдап, пікірлерін білдіруін сұрадық. Бірақ ком­пания өкілі бас директордың кен орындарында болуына байла­нысты әзірге жауап бере алмай­тынын жеткізді.

P.S.

Сонымен, Бестөбедегі шым-шытырыққа толған түйінді мәселе әзірге халықты екіге жарып, әлеуметтік жағдайды шиеленістіріп тұр. Арадағы даулы мәселе ше­шілмесе, жергілікті тұрғындардың көпшілігі Президентке баратынын айтты. Компаниядан ресми жауап келсе, алдағы уақытта қосымша жариялайтын боламыз...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы