Ақмола облысы Степногорск қаласының іргесіндегі Бестөбе елді мекеніндегі дау-дамай тыйылар емес. Керісінше, әлеумет арасындағы шиеленіс одан сайын ушығып, тереңдей түскен. Оған әу баста алтын өндіруші компания жоспары мен тұрғындар көзқарасының бір жерден шықпауы себеп болған еді. Енді сипаты өзгеріп кеткенге ұқсайды.
Ауылдың белсенді тұрғындарының айтуынша, қазір қос тараптың арасындағы дау Бестөбе кентіндегі стадиондағы құрылысқа келіп тірелген. Тарихы 90 жылға жуықтаған бұл нысан бұзылып, орнына енді мектеп салынбақ. Ал бұған жергілікті қауымдастық өкілдері үзілді-кесілді қарсылық білдірген. Аталған мәселеге байланысты жергілікті халықпен бірнеше мәрте жиын да өткізіліпті. Қазір құрылыс жұмыстары қызу қарқынмен басталып та кеткен. Дегенмен кей тұрғындар алған беттерінен қайтар сыңай танытпайды. Шегіне жетіп әбден шиеленіскен мәселеде тұрғындар мен жергілікті билік бір-бірімен ортақ келісімге келе алмаған. Жергілікті қауымдастық бұл орайда компаниямен арадағы дау бұл жағдайдың туындауына себеп болғанын айтады. Естеріңізге сала кетсек, бірнеше жылдарға созылған тартыстың соңында халықтың талабымен алтын өңдеу фабрикасы жабылып тынған. Олардың пікірінше «Қазақ Алтын ГМК» компаниясы жағдайды пайдаланып халыққа қысым көрсетуді мақсат еткен-мыс. Сондай-ақ тұрғындар стадионның орнына мектеп салу да ешбір заңға сәйкес келмейтінін жеткізді. Оның үстіне, бұқаралық спортпен айналысушыларға бұдан өзге спортпен айналысатын орын да қалмаған деседі. «Біздің айтып жатқан наразылықтарымызға биліктің құлақ асқысы келмейді. Ауылда бұдан басқа жастар мен балалардың демалатын орны да жоқ. Кешкілік келіп футбол, баскетбол сияқты ойындар ойнайды. Жүгіру жолы да болған. Жылда шахтерлердің түрлі жарыстары да ұйымдастырылатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі елдегі бұқаралық спортты дамытып, стадиондарды және спорттық секцияларды өркендетуге баса назар аударған жоқ па еді? Ал сонда мұндағы билік Президентке бағынбай ма? Міне, бізді 90 жылдық тарихы бар стадионымыздан айырмақ. Орнына 300 орындық мектеп салынбақшы», – дейді Бестөбе кентінің белсенді тұрғыны Николай Катчиев.Қоржынкөлді сүріп, орнына карьер қаза ма?
Негізі, мектеп құрылысының жобасы осыдан тура 8 жыл бұрын 2013 жылы басталған. Ол кездегі жоспар бойынша мектеп 900 орынға арнап салынуы тиіс болыпты. «900 орындық мектеп жобасы одан кейін 600 орынға өзгерді. Енді, міне 300 орынға бір-ақ түсті. Енді сол 8 жылдан бері сөреде шаң басқан құрылыс жобасы қайта шықты. Біз мектептің салынуына қарсы емеспіз. Өйткені ауылдағы мектептердің бәрі ескі. Бірақ басқа жерге салынуын сұраймыз. Мұның астарында біздің алтын өндіретін фабриканы жапқызып тастағанымызға қарсы жасап отырған қысастық әрекет бар деп білеміз. Олардың түпкілікті ойы Қоржынкөлдегі мектепті сүріп, балаларды осында әкелмек. Ал Қоржынкөлдің астында ашық әдіспен карьер қазбақшы. Ал олай етсе Қазақстан халқы мұндағы бай алтын қорынан айырылады. Біз стадионды бұзбай басқа орынға салсын деп те айттық. Бірақ олар осы жерден шықпай отыр», – дейді Николай Катчиев. Жергілікті қауымдастық өкілдері стадионды сақтап қалу үшін Степногор қаласының әкіміне, облыстық сәулет және құрылыс басқармасына, тіпті Ақмола облысы әкімдігіне де шағым хаттарын жолдаған. Сондай-ақ ауылдың әрбір көшесінің арнайы өкілі стадионның орнына мектеп салуға қарсылық хатына қол қойған. Тұрғындар бұл мектептің тек 300 орынға ғана салынып жатқанына да алаңдаулы. Олардың айтуынша, Бестөбедегі 600 бала оқитын қазақ орта мектебі апаттық жағдайда. Үшінші қабаттың төбесінен су сорғалап, бұзыла бастаған. «Әрине, мектеп салынуы қажет. Өйткені 600 бала оқитын қазақ орта мектебі де апаттық жағдайда. Неліктен жаңа мектепті кемінде 600 орынға салып, қазақ мектебіндегі бар баланы осында ауыстырмасқа?! Әкімдік бастапқыда 900 балаға арналған жобаны 600-ге, одан 300-ге кемітті. Олар 1 және 2 қабатта оқыта бермек. Біздің Қоржынкөлдегі мектеп те өте ескі. Жаңа заманауи салынған мектепте бәріміз баламызды оқытқымыз келеді. Ал ауыл стадионының орнына салса, ол бізге 2,5 шақырым қашық болады. Балаларға мектепке барып-келу өте қиын. Біз де стадионның сақталып, мектепті бізге жақын жерге салғанын қалаймыз. Бірақ сөзімізді жергілікті билік ескермеді. Құрылыс басталып, стадионның асфальты мен жолдарын қазып, алып тастаған...», – дейді Қоржынкөл тұрғыны Александра Назаренко.«Мектеп апаттық жағдайда емес»
Біз тұрғындар апаттық жағдайда деген Бестөбе кентіндегі қазақ орта мектебінің директорымен де тілдесіп, жаңа мектептің стадион орнына салынуы жайлы пікір білдіруін өтіндік. Мектеп басшысы мектептің апаттық жағдайда емес екенін алға тартып, тұрғындардың сөзін толығымен жоққа шығарды.Бірақ арада бір күн өткенде, 29 шілдеде дәл сол басқармадан тағы қосымша жауап келген. Мына қызықты қараңыз! Екінші жауап алғашқы жауапқа мүлде қарама-қайшы. Тұрғындар қайта түзетілген бұл жауаптың мүлде ақылға сыймайтынын айтады.
«Біздің 278 орынға шақталған мектепте қазір 520 бала оқып жатыр. Жаңа оқу жылына бірінші сыныпқа келетін балалардан да өтініштер түсіп жатыр. Мектеп апаттық жағдайда емес. Күрделі жөндеу жасалған. Әрине, мектеп өте ескі, 1958 жылы салынған. Сондықтан мектепке асхана, спорт залдары бейімделген. Мектепті стадионның орнына салынуды құптаймын. Өйткені бұл жер шынымен бос жатыр. Маскүнемдер барып ішімдік ішеді. Оны сенбілікте біздің оқушылар барып жинайды. Бұрынғыдай бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылмайды. Жаңа, заманауи талаптарға сай мектеп салынса бәріне де орын болары хақ. Спорт кешендері де жоқ емес. «Қазақ Алтын ГМК» компаниясының және жеке кәсіпкер салған спорт кешендері бар. Бұл жерде түсініспеушілік болып тұрған сияқты. Ал біздің мектепті жауып, жаңа мектепке көшіреді деген ешқандай мәлімдеме болған жоқ», – дейді №1 Бестөбе орта мектебінің директоры Күлтай Мағзұмова.«Қай жауап дұрыс?»: басқарма екі түрлі жауап берген
Жаңа мектептің стадион орнына салынуы Ақмола облысының Сәулет және қала құрылысы басқармасы да заңға қайшы келетінін мәлім еткен. Басқарма басшысы міндетін атқарушының биылғы 28 шілдеде жазған хатында бұл тайға таңба басқандай көрсетіліпті. «ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңның 47-бабының 1,2-тармақтарына сәйкес елді мекендердің дамуы және құрылысы бекітілген бас жоспар негізінде жүзеге асырылады. Ал Бестөбе ауылының бас жоспары Степногорск қаласы әкімдігінің 2018 жылдың 12 наурызындағы №А-3/106 қаулысымен бекітілген. Аталған бас жоспарға сәйкес құрылыс жоспарланған аумақта «Еңбек» стадионы орналасқан. Сондықтан бұл жерде мектеп құрылысын салу қолданыстағы заңға қарама-қайшы келеді. Біздің ережеге сәйкес бақылау және қадағалау функциясы біздің құзыретімізге кірмейді. Сондықтан басқармамен Степногорск қаласы әкімдігіне 26 шілде күні заңның бұзылуына жол бермеу үшін шаралар қабылдау туралы хат жолданды», – делінген Ақмола облысы Сәулет және қала құрылысы басқармасының ресми жауабында. Бірақ арада бір күн өткенде, 29 шілдеде дәл сол басқармадан тағы қосымша жауап келген. Мына қызықты қараңыз! Екінші жауап алғашқы жауапқа мүлде қарама-қайшы. Тұрғындар қайта түзетілген бұл жауаптың мүлде ақылға сыймайтынын айтады. Хатта жазылған екінші жауапты қаз-қалпында келтірсек: «Жалпы білім беретін мектептің қажеттілігіне байланысты ауыл әкімдігімен 2013 жылдың 24 қазанында қоғамдық тыңдау өткізілген. Аталған тыңдауда қатысушылардың ортақ пікірімен мектеп құрылысын стадион орнына салуға шешім қабылданған. Степногор қаласы әкімдігімен шешім қабылданған сәтте кенттің бас жоспары жасалмаған. Ауылды мектеппен қамту мәселесін шешу маңыздылығы ескеріліп, 2014 жылы жер учаскесі бөлініп, барлық рұқсат құжаттары берілген. 300 орындық құрылыс жобасы салынған. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынып, қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстарына конкурс өткізіліп, мердігер анықталған», – делінген басқарма жауабында. Аталған мәселені анықтау үшін Степногорск қаласының әкімі Еркебұлан Баяхметовтің да пікір беруін сұрадық. Әкім стадион орнына мектеп салынуына халықтың өзі қарсы болмағанын айтып, қол қойған құжаттарын ұсынды. «Қазір ел арасында әлеуметтік түсініспеушіліктер болып жатыр. Жағдай өте күрделі. Демографиялық жағдайлардың төмендеуіне байланысты мектеп құрылысының жобасы 900 орыннан 600-ге, одан 300-ге дейін азайтылды. «Қазақ Алтын» компаниясының мұнда еш қатысы жоқ. Бәрі мемлекет қаржысына салынып жатыр. Тұрғындармен жиын өткізілген. Хаттамасы бәрі бар. Тұрғындар стадион орнына салынуын қолдап, қолдарын қойған. Мектеп екі жыл ішінде салынбақ. Екі ауысымда оқыса, 600 балаға дейін оқиды», – дейді Степногорск қаласының әкімі Еркебұлан Баяхметов. Біз жергілікті тұрғындардан құрылған қауымдастық өкілдерінің пікірлерінен кейін «Қазақ Алтын» акционерлік қоғамына ресми хат жолдап, пікірлерін білдіруін сұрадық. Бірақ компания өкілі бас директордың кен орындарында болуына байланысты әзірге жауап бере алмайтынын жеткізді.P.S.
Сонымен, Бестөбедегі шым-шытырыққа толған түйінді мәселе әзірге халықты екіге жарып, әлеуметтік жағдайды шиеленістіріп тұр. Арадағы даулы мәселе шешілмесе, жергілікті тұрғындардың көпшілігі Президентке баратынын айтты. Компаниядан ресми жауап келсе, алдағы уақытта қосымша жариялайтын боламыз...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы