Нұрқанат Әжіқанов: Токио маған үлкен тәжірибе сыйлады
Нұрқанат Әжіқанов: Токио маған үлкен тәжірибе сыйлады
Сурет: Владислав Семенов, Қазақстан ҰОК
144
оқылды
Каратэден Қазақстан командасының мүшесі Нұрқанат Әжіқанов өз мансабындағы ең ірі спорттық жарыс – Токио Олимпидасындағы жекпе-жектерін қорытындылады. 20 жастағы спортшы бұрын-соңды премьер-лига додаларына қатыспаған. Жас мөлшеріне байланысты ірі бәсекелерден сырт қалса да, Токио төрінде әйгілі чемпиондармен терезесі тең өнер көрсетті. Жас спортшының айтуынша, тәжірибенің аздығы топтан шығуына кедергі болған. Десе де, Нұрқанат азулы қарсыластарынан сескенген жоқ, деп жазады Olympic.kz.
«Токио Олимпиадасы аяқталды. Бұл менің өмірімдегі ең үлкен асулардың бірі десем, артық емес. Себебі, мен сырттан ғана бақылап, өнеріне тәнті болған әйгілі каратэшілермен кездесіп, оларды да жеңуге болатынын түсіндім. Мұндай мүмкіндік берілгені үшін қуаныштымын. Бірақ топтан шықпағаным үшін өкінгенім рас.  Іріктеуде германиялық спортшыны жеңгенімде, жарысты жалғастыруға, тіпті, жүлде алуға болатын еді. Өткен өтті.
 width=
Негізі, жасымның жетпеуіне байланысты каратэден жыл бойы өтетін рейтингілік жарыс – премьер-лига турниріне қатыса алмадым. Менің салмағымда Ермек Айназаров ел намысын қорғап жүрді. Бірақ, тізесінен жарақат алған соң, соңғы лицензиялық турнирде бапкерлер маған сенім артты. Парижге барарда қалайда жолдама алуды мақсат еттім. Өйткені, бұл Токио ойындарына апаратын ең соңғы билет еді. Бағыма қарай, Франция төрінде топ жарып, Күншығыс еліндегі басты бәсекеге қатыстым. Бір қызығы. Іріктеу турниріндегі топтық сында да сол неміс спортшысына есе жіберіп алдым. Бүгінгі топтық жарыста алғашқы екі кездесуде жеңіске жетуді көздедім. Алғашында Австралия өкілі Цунзари Яхироны сенімді ұттым. Ал германиялық Ноа Битщке кездесудің аяқталуына 4 секунд қалғанда ұпай беріп қойдым. Бұл да тәжірибенің аздығынан, ірі жарыстардың дуына түспегенімнен шығар. Кейін италиялық спортшы, екі дүркін әлем чемпионы Луиджи Бусаны ұттым. Бұл кездесу маған сенімділік сыйлады. Өйткені, осы Олимпиадада Бусаны мен ғана жеңген екенмін. Кейін 36 жастағы әзірбайжандық Рафаэль Агаевпен жолығып, 2:3 есебімен жол бердім. Агаев та, Буса да дәл осы салмақта талай жылдан бері салтанат құрып, әлемдік сынның медальдарын өзара бөлісіп жүрген кәнігі батырлар. Мен олардың каратэ әлеміндегі сапарын 2012 жылдан бері бақылап келем. Араға жылдар салып, екі алыппен Токиода жолым түйісті. Біреуін жеңдім, біреуінде есем кетті. Бірақ мұның бәрі мен үшін баға жетпес тәжірибе болғаны анық.
[caption id="attachment_155017" align="alignnone" width="1024"] width= Сурет: Владислав Семенов, Қазақстан ҰОК[/caption]
Иә, сол бір неміс спортшысына ұпай бермей, топтан шыққанымда, бәрі басқаша болар ма еді?! Бұл ой мені қашанға дейін мазалайтыны белгісіз. Бір анығы – мұнымен тоқтап қалмаймын. Алда әлемдік жарыстар күтіп тұр, сол бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғау үшін барымды саламын», - дейді Нұрқанат Әжіқанов.