Павлодар облысының Екібастұз қаласында 31 жастағы әйел сотталды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі атап өткендей, Екібастұз полициясына белгісіз әйелдің алаяқтық әрекеті бойынша бірнеше арыз түскен. Арызданғандардың бәрі ұқсас схема бойынша алданған. Сондықтан материалдарды зерделеу кезінде полицейлер мұны жасаған бір адам деген қорытындыға келді. Көп ұзамай полиция қызметкерлері 31 жастағы қала тұрғынын ұстады.
«Тергеу оның 12 фактіге қатысы бар екенін дәлелдеді. Алаяқтық фактілері бойынша тергеу бөлімшесі іс жүргізді, содан кейін ол сотқа жіберілді. Бұл әрекеті үшін Екібастұз тұрғыны 4 жылға бас бостандығынан айырылды», – дейді Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Рашад Өтеуов.Әйел басқа әдемі қыздың фотосуретін қойып, әлеуметтік желілердің бірінде аккаунт ашқан. Кейін 27 жастағы ер адаммен кездескен. Ол телефон мен хат алмасу арқылы өзін іскер қыз ретінде көрсеткен. Бір күні «бизнес леди» туындаған проблемалары туралы айтып, жаңа танысынан қарызға ақша сұрайды. Оны жақын арада қайтаруға уәде берген. Ер адаммен кездесуге ол өзінің есепшісін жіберген, бірақ іс жүзінде өзі барған. Ер адам «бухгалтерге» бизнесті дамытуға қажетті 1 млн 300 мың теңге көлемінде қаражат берген. Бір айдан кейін ер адам алаяқтың қармағына түсіп, полицияға жүгінді. «Интернеттегі кездесулерге мұқият болыңыз. Алаяқтардың айла-амалдарына көнбеңіз» деп ескертеді полиция. Айта кету керек, жылдың басынан бері Павлодар облысының аумағында 899 алаяқтық фактісі тіркелген, оның 582-сі ақпараттық технологиялар арқылы жасалған.