2021 жылдың 5 тамызындағы жағдай бойынша БЖЗҚ салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін пайдалануға берген 379 423 өтінішін орындады. Уәкілетті оператор – банктерде ашылған қазақстандықтардың арнайы шоттарына БЖЗҚ 1,7 трлн теңгеден аса қаржы аударды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – шамамен 4,4 млн теңге, – деп хабарлайды Azattyq Rýhy. Орындалған өтініштердің ең көбі Алматы қаласының (16,7%), Маңғыстау облысының (14,9%), Нұр-Сұлтан қаласының (12,9%) тұрғындары тарапынан жолданған.
«Орындалған өтініштердің едәуір бөлігі «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ (орындалған өтініштердің жалпы санының 95,3%), одан әрі «Қазақстан Халық банкі» АҚ (3,8%), «Банк ЦентрКредит» АҚ (0,9%), «Altyn Bank» АҚ (0,03%) және «Банк Фридом Финанс Қазақстан» АҚ (0,01%) арқылы берілді», – делінген БЖЗҚ баспасөз хабарламасында.Айта кетейік, уәкілетті операторлардан салымшылардың жеке зейнетақы шоттарына өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша 206,4 млрд теңгеден аса сома қайтарылды, себебі, қазақстандықтар біржолғы зейнетақы төлемдерін белгіленген мерзімде пайдаланбаған.
«Бұған қоса, БЖЗҚ емделуге жалпы сомасы 26,1 млрд теңгеге келіп түскен 27 902 өтінішті орындады. Бұл ретте алуға болатын орташа сома – 0,9 млн теңге. Сонымен қатар, салымшылардың БЖЗҚ-дағы ЖЗШ-на 4.2 млрд теңге қайтарылды», – делінген хабарламада.Инвестициялық портфельді басқарушыларға шамамен 4,8 млрд теңге аударылды, БЖЗҚ келіп түскен 2 395 өтініш орындалды. Аударымның орташа сомасы шамамен 2,0 млн теңге болды. Қазіргі уақытта БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқару туралы төрт ИПБ-мен шарт жасасты. Айта кетейік, 4,8 млрд теңгенің 43,89% немесе 2,1 млрд теңгесі «Jusan Invest» АҚ, 27,76% немесе 1,3 млрд теңгесі «Halyk Global Markets» АҚ, 18,65% немесе 0,9 млрд теңгесі «BCC Invest» АҚ, 9,70% немесе 0,5 млрд теңгесі «Сентрас Секьюритиз» АҚ аударылды.