Арыс қаласының «Арыс» теміржол вокзалындағы жүк пойызының контейнерінен шыққан өрт толық сөндірілген соң, «Наурыз» мөлтекауданының тұрғындары өз үйіне оралды, – деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Түркістан облыстық әкімдігінің мәліметінше, өрт 6 тамыз күні кешкі сағат 21.55-те толықтай сөндірілді.
Еске салсақ, 6 тамыз күні сағат 16:25 минутта Арыс қаласының «Арыс» теміржол вокзалында жүк пойызының контейнерінен өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен. 2 контейнерде 54 тараға тиелген «сары фосфор» болған. Аталған пойыз Жамбыл облысынан Ресейге бет алған.
Өрт шыққан вагондар пойыздан ажыратылып, қауіпсіз жерге қойылды.
Сағат 17.50-де оқиға орнында жедел штаб құрылып, «Наурыз» мөлтекауданынан 1700 адам эвакуацияланды. Оның ішінде 1050 адам туыстарының үйіне жайғасса, 650 адам уақытша ашылған 4 эвакуациялық пунктке орналастырылды.
Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет тарапынан өрт сөндірілгеннен кейін ауа сынамасы алынды.
Өрт болған аймақта 291 адам, 42 техника және өрт сөндіру пойызы жұмыс істеді.
«Арыс қаласының 60 қызметкері мөлтекаудан тұрғындарының үйін күзетті. Енді тұрғындарға үйге қайтуға болады. Олардың өмірі мен денсаулығына еш қауіп төніп тұрған жоқ», – делінген әкімдіктің баспасөз хабарламасында.