Қарағанды облысында карантинде 500 адамға той жасаған шенеунік қызметінен босатылды

той
©А.Ахметқазы

Қарағанды облысында карантин кезінде той өткізуге тыйым салуды елемеген шенеунік жұмыстан босатылды. Бұл туралы өңір басшысы Жеңіс Қасымбек онлайн режимінде өткен аппараттық кеңесте мәлімдеді.

«Бүгіннен бастап Жер қатынастары басқармасының басшысы Мақсұтов Қалел Мұқатайұлы карантинді өрескел бұзуы, яғни, пандемия кезінде той шараларын ұйымдастыруына байланысты қызметінен босатылды. Тағы да ескертемін: мұндай заңсыздықтар үшін жаза өте қатал болады. Мұнда мемлекеттік қызметшінің қызметтік этикасының барлық нормалары бұзылған. Облыста коронавирус инфекциясына қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан үлкен жұмысты құнсыздандырмаңыздар. Тұрғындардың көңілін қалдырмаңыздар. Мәртебелеріңіз немесе жұмыс орнына қарамастан әрекеттеріңізге жауап бересіздер!», - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, Жеңіс Қасымбек мониторинг тобының мүшелерін принциптілікке шақырды.

«Сіздер біреудің мүддесі үшін жұмыс істеу үшін емес, азаматтардың денсаулығын қорғау үшін құрылғансыздар! Осындай іс-шараларды тоқтатып, жария етіңіздер. Сіздер өздеріңіз бақылау камераларына қарай отырып жұмыс істейтіндеріңізді айтқан болатынсыздар. Сондықтан мұқият қараңыздар. Салынған тыйым барлығына бірдей», - деп атап өтті облыс әкімі.

Оқиға 7 тамызда болған. «109» нөміріне «Ариста» мейрамханасында жаппай іс-шара өткізіліп жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына Қарағанды қаласының полиция, санэпидбақылау және әкімдік қызметкерлерінен тұратын мобильді топ шықты. Мекеменің жанында көптеген көліктер болғандықтан және мейрамхананың өзінде 400-ге жуық адам болғандықтан, аумақты қоршау үшін полицияның қосымша наряды шақырылды.

Карантин режимін бұзу фактісі бойынша СЭҚ қызметкерлері акт рәсімдеді. Мекеме иесіне және іс-шараларды ұйымдастырушыларға айыппұл салынады.

Өткен демалыс күндері облыс орталығы мен Теміртау қаласының басқа да мекемелерінде карантин режимінің өрескел бұзушылықтары анықталды.

Естеріңізге сала кетейік, Қарағанды облысы «қою қызыл» аймақта орналасқан. Өңірде күн сайын Covid-19 жұқтырудың мыңға жуық жаңа жағдайы тіркеледі. Облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысымен шектеулер күшейтілді.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.