Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Тараз қаласының 26 жастағы тұрғыны Иван Юрьевич Зозуля жазасынан ерте босатылуына байланысты белгіленген тәртіпті бұзғаны үшін Тараз қалалық №2 соты оны 2 жыл 10 ай 17 күн мерзімге қамаққа алу туралы үкім шығарған. 5 тамыз күні сағат 17:30 шамасында Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің 158/1 мекемесіне айдауылдау барысында, И.Зозуля белгісіз бағытта қашып кетіп, бой тасалауға тырысқан. Зозуля бұрын 2012 жылы заңсыз қару сақтағаны және есірткі заттарды өткізгені үшін 10 жылға сотталған. Полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының барысында 8 тамызда сағат 21.00 шамасында сотты болған Зозуля Тараз қаласының «Қарасу» шағынауданында ұсталды. Осы факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 426-бабымен, яғни, күзеттен қашқаны үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Осы қылмысты жасағаны үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Күдікті өз кінәсін толық мойындады және тергеу изоляторына қамауға алынды.