Қазақстан балаларға егуге болатын Қытай вакцинасының 4 миллион дозасын сатып алды
Қазақстан балаларға егуге болатын Қытай вакцинасының 4 миллион дозасын сатып алды
136
оқылды
Қазақстан Қытайдың Sinopharm компаниясы шығарған коронавирусқа қарсы вакцинаның 4 млн дозасын сатып алды, — деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі. Бұған дейін Алматыға Sinopharm-ның Vero Сell вакцинасының бірінші партиясы жеткізілгенін жазған болатынбыз. Денсаулық министрлігі вакцинаға қатысты толық мәлімет берді. Оған сәйкес, бүгін, 10 тамызда Қытай Халық Республикасымен жүргізілген келіссөздердің нәтижесі бойынша коронавирусқа қарсы Sinopharm вакцинасының бірінші партиясы тиелген ұшақ Алматыға бірыңғай дистрибьютор СҚ-Фармацияның қоймаларына келді.
«Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасы негізінде Бірыңғай дистрибьютор Бейжің биологиялық өнімдер институты әзірлеген Covid-19-ға қарсы Sinopharm вакцинасының 4 млн дозасын сатып алуды жүзеге асырды. Sinopharm Қытай вакцинасының бірінші партиясы 1 млн дозадан тұрады. Sinopharm вакцинасы жақын күндері Қазақстан Республикасының азаматтарына коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау үшін қолжетімді болатын ҚР-да тіркелген бесінші вакцина болады», — делінген министрлік ақпаратында.
Вакцинаны стикерлеу рәсімі аяқталғаннан кейін ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің рұқсат қағазына сәйкес жедел тәртіпте еліміздің өңірлеріне жіберіледі.
«Бірыңғай дистрибьютор иммунобиологиялық препараттардың логистикасын GMP және GDP барлық стандарттарын, сондай-ақ «суық тізбекті» сақтай отырып жүзеге асырады. Sinopharm вакцинасының ерекшелігі — оны жеткізу процесі мұздатқышты қажет етпейді, +2 +8 градус температурада сақталады және тасымалданады. Қытайдың Sinopharm вакцинасын ДДСҰ 2021 жылдың 7 мамырында қолдануға мақұлдады. Вакцина белсенді емес, екі дозалы. Сақтау мерзімі 24 ай», — деп нақтылады министрліктен.
Ведомство мәліметінше, шілде айында Қытайдың Sinopharm компаниясының коронавирусқа қарсы вакцинасы COVAX вакциналар банкіне енді.
«Вакциналар мен иммундаудың жаһандық альянсы (GAVI) қытайлық Sinopharm компаниясымен келісім жасайтындығын жариялады. Бұл ДДСҰ-мен қауіпсіз және тиімді деп жіктелген алғашқы қытай препараты, 45 елде ересектерге вакциналауға рұқсат етілген. Бүгінгі таңда Қытайдан басқа, вакцина БАӘ мен Сербияда өндіруге мақұлданды. Сонымен бірге, Қытай мен БАӘ Қытайдың Sinopharm фармакологиялық компаниясының белсенді емес вакцинасын 3 пен 17 жас аралығындағы балаларға шұғыл қолдануды мақұлдады», — деп хабарлады ДСМ-нен.