Павлодардағы қарттар үйінде түсірілген суреттер шұғыл комиссия құруға себеп болды
Павлодардағы қарттар үйінде түсірілген суреттер шұғыл комиссия құруға себеп болды
© сурет әлеуметтік желіден алынды
312
оқылды
Павлодар облысындағы қарттар үйінде түсірілген суреттер желіде тарап, ақырында комиссия құрылды, — деп хабарлайды Астана телеарнасы. Әлдекімдер орталықта тазалық сақталмайтынын және ондағы мүгедек кісілерге күтім жасалмайтынын әлеуметтік желіде жариялады. Тіпті қарттардың киімінен бүрге табылғанын, асханадағы ыдыс-аяқтарының сау тамтығы жоқ екенін фотосуреттермен дәлелдеген. 160 адам тұратын мекемеде түнгі кезекшілікке екі-ақ санитар қалатыны, олардың мүгедектерге қызмет көрсетуге үлгермейтіні де айтылған. Автордың өзі де осы мекемеде жұмыс істейтіндіктен, есімін жариялауға жүрексінетінін ашық айтқан. Осыдан кейін өңір атқамінерлері дереу комиссия құрып, мекемеде қызметтік тексеру басталды.
"Біздің басқарма тарапынан комиссия құрылды. Оған тәуелсіз мекемелерден қызметкерлерді тарттық. Айналасы екі күннің ішінде нәтижесін жариялаймыз. Бұл мекемеде жақында директор ауысқан. Мәселенің бір шеті содан да болуы мүмкін. Негізі бұл жерде қарт адамдар мен мүгедек жандардың тағдыры тұр. Сондықтан тексеру барынша ашық түрде жүргізіледі, — дейді Облыстық әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру және жұмыспен қамту басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Камалова.
  Мына суреттер қазір әлеуметтік желілерде кеңінен тарап кетті. Шынысы ұшқан кесе, ортасы ойылған орындық тағысын тағы. Бірақ, қарттар үйіне барғанымызда көзге оғаш көрінетін ештеңе байқамадық. Біздің келерімізді білді ме, жоқ па? Әйтеуір, барлығы тиянақты. Тіпті, қызмет алушылардың өздері мекемені жамандауға аузымыз бармайды дейді.
"Мен осында келгелі 50 жылға жақындады. Көп нәрсе өзгерді. Басшылық ауысқаны ештеңе емес. Барлығы жақсы жағына өзгеріп жатыр. Санитарлық талаптар сақталмайды, бүрге талап, киімдер ауыстырылмайды дегенді кім шығарғанын, білмеймін", — дейді Қарттар үйінің тұрғыны Надежда есімді қария.