Спорт саласына түбегейлі реформалар қажет екенін Токио Олимпиадасы дәлелдеді. Барлық жауапкершілікті кәсіби спортқа жүктеп, реформа күтіп, қол қусырып отыруға болмас. Бұқаралық спорт – спорт саласының ең маңызды іргетасы. Оны дамытпай, ел спорты Олимпиада тәрізді белестерді бағындыруы мүмкін емес. Дегенмен халқымыз спортты серік етіп жүр ме? Токиода ақсаған спортшыларымыз секілді бұқаралық спортымыз да аяғын нық баса алмай жүргендей.
Олимпиадалық спортқа қаржы шығын
Еліміз олимпиадалық спортқа мол көлемде қаржы бөледі. Мәселен, Мәдениет және спорт министрлігі ұсынған дерек бойынша, Қазақстан спортшылардың жаттығуына жыл сайын кемінде 10 миллиард теңге шығындайды. Ал Токио Олимпиадасы жақындаған тұста, былтыр еліміз осы мақсатта 15 миллиард теңге бөлген екен. Бірақ осыған қарамастан биылғы Олимпиадада спортшылардың көрсеткіші қандай болғанын білеміз. Мол қаржыға қарамастан, ел құрамасының нәтижесі тым нашар болды. Дегенмен бөлінген ақшаның игілігін кім көріп жатыр? Былтыр Мәжіліс қабырғасында осы төңірегінде дау туған. Депутаттар олимпиадалық спорт түрлеріне бағытталған қаржы спортшылардың жаттығуына емес, менеджерлерге жұмсалып жатқанын айтып, сынаған болатын. Бір қызығы, жуырда Олимпиададағы сәтсіздікке қатысты сын көбейген тұста Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов «4 жылдықтың басты додасы үшін бөлінген ақша аймақтағы әкімдіктердің кәсіби спортқа бөлетін қаржысынан әлдеқайда аз» екенін жеткізген еді. Бұл сөз бір жағынан ақталу іспетті болғанымен, шынында да кей облыстағы әкімдер жергілікті бюджеттің 60-70 пайызын футбол клубтарына құйып жататыны жасырын емес. Одан Қазақстанда аса оңып кеткен бір футбол клубын көргеніміз жоқ. Мұнымен қоймай, легионерлерге үміт артамыз. Сөзіміз жалған болмасын, қаражатты үйіп-төккенімізбен, 60-70 мың көрермен сыйғыза алатын стадион салмадық. Елдегі алаңдардың түгеліне дерлік жасанды төсеніш төселген. 2019 жылы жазда қызылордалық «Қайсар» командасы Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда кипрлік АПОЭЛ командасын қабылдады. Сонда алаңның жаз мезгілі бітпей жатып, сап-сары түске боялғанын байқадық. Аталған стадион – еліміздегі ең үлкен стадиондардың бірі. Кезінде шаһар басшысы болған Ғабидолла Әбдірахымовтың сол алаңды жаңартуға 40 миллион АҚШ долларын жұмсады дегенді естідік. Бірақ жаңарған түгі жоқ, әлі күнге дейін ескі қалпында тұр. Қалған өңірлердегі алаңдарға да жөндеу жұмыстары жиі жасалады, бірақ 2-3 жылдан кейін қайта тозып кетеді. Енді олимпиадалық спорт түрлерінің жағдайына қайтып оралсақ. Қазақстан Олимпиада дегенде басымдықты сол баяғы бокс, күрес пен ауыр атлетикаға ғана беретінін анық. Биыл осы үш спорт түрі сәтсіздікке ұшыраған еді, жалпы құрама алтын не күміссіз қалды. Ал жеңіл атлетика, жүзу, командалық спорт түрлері кенжелеп қалған. Мысалы, елімізде жүзу спортына арналған әлемдік стандартқа сай бассейндер жоқ. 2016 жылы Риода жүзуден Олимпиада чемпионы атанған Дмитрий Баландин жүзетін орын жоқ жерден шықты. Олимпиада ойындарында жеңіл атлетикадан 48 медаль, жүзу спортынан 24 медаль таратылады. Бір спортшы бір барғанда 5-6 медаль алатын мүмкіндікке ие. Ал еліміз ойнатылатын көп жүлденің ішінен тек біреуін жеңіп алғанға риза. Мұның бәріне қарап отырып, еліміздегі спорттың жағдайы мүшкіл емес деп көріңіз. Түптеп келгенде, біздегі бұқаралық спорттың дамымағанының көрінісі.Бұқаралық спорт кенжелеп қалды
Бұқаралық спортты дамытпай, олимпиадалық спорт түрлерін дамытам деу құр әурешілік. Мәселен, АҚШ осындай түсінікті қабылдаған ел. 2020 жылы Мәдениет және спорт министрлігі ел тұрғындарының 30,6 пайызы спортпен айналысатынын жария етті. Бір сөзбен айтқанда, халықтың 3/1 бөлігіне жуығы спортты серік еткен. 2014 жылы бұл көрсеткіш 25 пайызды құраған. Бұқара спорты 6 жылдың ішінде тек 5 пайызға өсіпті. Ал мектеп оқушыларының 59 пайызы, студенттердің 31 пайызы ғана дене шынықтырады. Өзге елдермен салыстырғанда біздегі жағдай мәз емес. Мәселен, АҚШ, Канада мен Жапония халқының 60 пайызға жуығы, көрші Ресей азаматтарының 55 пайызы спортпен шұғылданады екен. Бірақ Мәдениет және спорт министрлігі жағдайды жақсыға балап келді. Былтыр министр Ақтоты Райымқұлова «Бұқаралық спортты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» әзірленіп жатқанын хабарлады. Сол кезде ол «дәл осы нормативтік құжаттар бұқаралық спортқа кәсіби спортпен тең дәрежеде қаражат қарастыруға мүмкіндік бермек» деген еді.Халық саулығы алаңдатпақ
Спорт тек елдің абыройын асқақтатып, даңқын шығару үшін қолданатын құрал емес. Ол халықтың денсаулығын, өмір сапасын нығайтуға үлес қосуда зор рөл атқаратын маңызды дүние. Қазір ағзасының қандай да бір органы ауыратын жандар айналамызда толып жүр. Сол үшін есепте тұрады. Мәселен, 2017 жылы елімізде диспансерлік есепте 4 миллион адам тұрған. 2019 жылы мұны тағы 35 мыңнан астам адам толықтырған. Яғни, халықтың 20 пайызға жуығының алаңдатар дерті бар. Көптеген елдер медицинаны дамытатын кезде ауруды емдеу жолынан бұрын оған басқа адамдардың да шалдықпау жолын қарастырады. Ал бұқаралық спорт сол жолдың өзі болса керек.Мадияр ТӨЛЕУ