«Майлы дақылдар өндірісінен көш бастаған өңірміз» – Құмар Ақсақалов
«Майлы дақылдар өндірісінен көш бастаған өңірміз» – Құмар Ақсақалов
242
оқылды

Халқымыздың маңдай терімен жеткен басты жетістігі, Тәңірдің  бізге берген зор бақыты, баға жетпес мәңгілік құн­ды­лығымыз – ел Тәуелсіздігіне биыл 30 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде тәуелсіздіктің арқасында Солтүстік Қа­зақстан облысының қол жеткізген жетістіктері ауыз тол­ты­рып айтарлықтай. Тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, өңір­ді жан-жақты дамыту бағытында атқарылған қыруар жұ­мыс туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Іргебайұлы АҚСАҚАЛОВ AIQYN газетіне сұхбатында егжей-тег­жейлі әңгімелеп берді.

– Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жыл ішінде Солтүстік Қазақстан облысында атқарылған ауыз толтырып айтарлықтай қандай өзгерістерді атап өтер едіңіз? – Тәуелсіздік – біздің ең басты игілігіміз. Мемлекетіміздің тарихындағы жаңа дәуір дәл осы тәуелсіздіктен бастау алды. Ата-бабаларымыз аңсаған, сонау Керей мен Жәнібек ту тігіп, еншісін алғаннан бастал­ған ел егемендігінің жемісін бүгінгі ұрпақ кө­ріп отырғаны көңілге қуаныш ұялатады. «Көп­пен көрген ұлы той» дегендей, еге­мен­діктің елең-алаң шағындағы бар ауырт­па­лықты елмен бірге біздің өңір де бастан өт­керді. Өткен кезеңді зерделеп, жүріп өт­кен жолымызға көз салсақ, талай қиын­дықты жеңіп, қанша белесті бағындырға­нымызға бүгінде қайран қаламыз. Бұл тұр­ғыда сылдыр сөзден гөрі нақты деректер бар шындықты айғақтай түседі. Мәселен, 30 жыл ішінде өңірлік жалпы өнім 15 еседен астам, яғни 1,3 млрд теңгеден 1,5 трлн теңгеге дейін артты. Жан басына шаққанда жалпы өңірлік өнім 1,4 мың теңгеден 2,5 млн теңгеге дейін, яғни 23 есе көбейді. Ауыл шаруашылығы өнімін өндіру 8,7 млн тең­геден 779 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Өнер­кәсіп өнімінің көлемі 1991 жылы 7,5 млн теңге болса, былтыр 305 млрд теңгені құ­рады. Өткен жылы инвестициялар көлемі 281 млрд теңгені құрады, бұл 1998 жылғыдан 85 есе артық. Тұрғын үйді пайдалануға беру 32 есеге, атап айтқанда 10 мың шаршы метр­ден 306 мың шаршы метрге дейін ұлғайды. Тәуелсіздік жылдарында білім беру саласы­на бөлінген қаржы 215 млн теңгеден 95 мил­лиардқа дейін өсті. 1991-2020 жылдар ара­лығында облыста 44 мектеп салынды. Осының барлығына тәуелсіздіктің, сауатты жүргізілген мемлекеттік саясаттың арқа­сында қол жеткізілді. – Солтүстік Қазақстан облысы – еліміздің солтүстік қақпасы. Ресеймен шекаралас ауыл­­дардың жағдайы қалай? Жалпы, барлық ауылдың жол, су мәселесі толық шешілді ме? – Шынымен де, шекаралас аумақта орналасқан ауылдар стратегиялық тұрғыдан маңызды болып саналады. Болашағы бар, болашағы жоқ, спутниктік ауылдарға қа­рағанда шекарадағы ауылдар басымдыққа ие. Оларды дамытуға мемлекет тарапынан қаржы бөлінеді. Мұндай ауылдардың ин­фрақұрылымын дамытуға, бірінші кезекте жол мен су мәселесіне баса назар аударылады әрі әлеуметтік салаға басымдық беріледі. Облыста Ресей шекарасынан 50 шақырым қашықтықта орналасқан 93 елді мекен бар. Онда 35 мыңнан астам адам түтін түтетіп отыр. 17 ауылда тұрғындар саны 50-ге де жет­пей­тінін атап өту керек. Шекаралас ауылдарда «Ең­бек» бағдарламасы бойынша үй салып, оң­түстік өңірлерден жұмыс күшін тартуға ниет­ті ауыл шаруашылығы тауарын өн­діру­шілер жетерлік. Сондықтан бұл ауыл­дардың тамырына қан жүгіретін күн алыс емес. Жолдардың жағдайына келсек, біздің облыс аумағы жағынан шағын болғанымен, жолдың ұзындығы бойынша өңірлер ара­сында үшінші орында. 9 мың шақырым жол бар. Автожолдар экономиканың қан­тамыры іспетті, яғни жол сапасы неғұрлым жақсы болса, экономика соғұрлым тиімді дамиды. Былтыр 35 млрд теңгеге әрбір оныншы шақырым немесе 954 шақырым жол жөнделді. Нәтижесінде, 117 мың тұрғыны бар 150 ауыл арасындағы жол қатынасы жақсарды. Ауылдардың ішіндегі жолдардың жағдайына көп уақыттан бері назар аударылмай келген болатын. Биыл осы мақсатқа 5,8 млрд теңге бөлініп, 74 ауылдың ішіндегі жолдардың жағдайы жақ­сартылды. Үстіміздегі жылы тағы 24 ауыл қамтылады. Әсіресе, қазіргі және бұрынғы аудан орталықтарының жолын жөндеуге баса назар аударылмақ. Сапалы жолдардың үлесі 58-ден 69 пайызға дейін арттырылды. Облысты дамы­тудың кешенді жоспары арқасында біз бұл көрсеткішті 98 пайызға жеткізбекшіміз. 2025 жылға дейін 5 мың шақырым жол жөнделмек. облыстағы ауылдардың тең жар­тысы осы жолдардың бойында орна­ласқан. Онда 250 мың адам тұрады. Сумен қамту мәселесі де біртіндеп шешімін тауып келеді. Бұл бағыт қомақты қаржыны қажет етеді, сондықтан жыл сайын қыржыландыру көлемі арттырылып келеді. Былтыр 60 мың тұрғыны бар 76 елді мекенді сумен қамту сапасы жақсартылып, бұл мақсатқа 6,5 млрд теңге бөлінді. Биыл 11,4 млрд теңге бағытталып отыр. Былтыр 2,9 мың отбасының үйіне су енгізілсе, биыл тағы 3 мыңнан астам шаңырақ осындай мүмкін­дік­ке ие болмақ. Жыл соңына дейін тұрғын­дардың 83,5 пайызын сапалы ауызсу­мен қам­туды жоспарлап отырмыз. Облысты дамы­тудың кешенді бағдарламасы су желілерін дамытуға серпін бермек. Алдағы бес жыл ішінде 78 ауылға су тартып, ауыл­дарды 100 пайыз сапалы ауызсумен қам­тымақпыз. Жалпы, биыл 115 ауылды жаңартуға 17 млрд теңге жұмсалады. Бұл ауылдардағы мектептер, балабақшалар, дәрігерлік ам­булаториялар, жолдар мен су құбырлары күрделі жөндеуден өткізіледі.  – Солтүстік Қазақстан – еліміздің ас­тық­­ты өңірі. Елбасы, «Nur Otan» партия­сының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев өңі­рімізге келген сапарында «облыс егін­шілері, сөзсіз, жер өңдеу, астық өндіру ісінде жоғары деңгейдегі мамандар болып са­налады» деп оң бағасын берген болатын. Ауыл ша­руашылығы саласында қандай оң өзгеріс­тер бар? Биылғы қуаңшылықтың кері әсерін болдырмас үшін қандай шара қолданылып жатыр? – Елімізде өндірілетін астықтың төрттен бір бөлігі, майлы дақылдардың үштен бірі біздің облысымызға тиесілі. Ауыл шаруа­шылығы жалпы өнімінің көлемі бір жылда 27 пайызға, 613 млрд теңгеден 779 млрд тең­геге дейін артты. Егемендіктің елең-алаң шағында бұл көрсеткіш небәрі 8,7 млн теңге болатын. Жаңа кешенді бағдарлама аясында осы көрсеткішті 1 трлн теңгеге жеткізу мін­детін қойып отырмыз. Ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру тұрақты өсімнің негізіне айналды. Мемлекет тарапынан қабылданып отырған кешенді шаралар ауыл шаруашылығын дамытуға септігін тигізуде. Біздің облыс майлы дақылдар өндірісі бойынша елімізде көшбасшы орында. Жыл сайын 1 млн гектар алқапқа майлы дақылдар себіледі. Бұл – республикадағы барлық алқаптың үштен бірі. Күнбағыс алқаптары 70 пайызға, қарақұмық алқаптары 5 есеге арттырылды. Ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру міндеті орындалды, енді біз майлы дақылдарды қайта өңдеумен айналысып жатырмыз. Биылғы қуаңшылық малға да, жанға да ауыр тиіп тұр. Мал азығы тапшылығын болдырмау мақсатында әр ауданда осы мәселені үйлестіретін жедел штабтар құрылды. Агроқұрылымдар мен әкімдіктер арасында арзан бағамен және пай есебінен жемазық сату жөнінде меморандумдар жасалып жатыр. Біз, әрине баға белгілей алмаймыз, дегенмен 1 тонна шөпті 15 мың теңгеге сатуға кеңес беріп отырмыз. Өкі­нішке қарай, жемазық бағасын шарықтатып, бизнес жасап отырғандар да баршылық. Әр ауданда өткізіліп жатқан жәрмеңкелерде мал азығы бекітілген бағамен сатылады. Осы күнге дейін 29 жәрмеңке өткізіліп, оған 250 агроқұрылым қатысты. Шөптің 1 тон­насы 12-15 мың теңгеге, кебек 30-50 мың теңгеге сатылды. Осы бағыттағы жұмыс әрі қарай да жалғасын табады. Жалпы, алдағы қыстан қысылмай шығу үшін 850 мың тонна шөп қажет. 5 тамызға дейін агроқұрылымдар 578,0 мың тонна немесе 68 пайызын әзір­леді. Сүрлем дайындауға тамыздың екінші жартысында кіріседі. – Облыста қандай инвестициялық жоба­лар жүзеге асырылады? Олардан не күтіледі? – Солтүстік Қазақстан облысына 15 млрд теңге инвестиция тартып, 200-ден астам тұрақты жұмыс орнын ашуды жос­парлап отырмыз. Жоғарыда айтып өткен­дей, майлы дақылдарды өңдеу үшін маусым айында майды экстракциялау зауытының құрылысы басталды. Оның қуаты 370 мың тон­на майлы дақылдарды өңдеуге шақ­талған. Барлық май зауыттары толық қуатта жұмыс істесе, майлы дақылдардың 90 па­йызы біздің облысымызда өңделеді. Агро­сек­торда жоғары мақсаттарға жету үшін сүт бағытын дамытудың маңызы зор. Қазақ­стан­да соңғы үш жылда 32 сүт кешені са­лынса, тек Солтүстік Қазақстан облысында 12 сүт фермасы іске қосылды. Биыл тағы 16 кешен құрылысын жүргізіп жатырмыз. Соның оны жыл соңына дейін іске қо­сылады. Жыл сайын 10-15, жалпы 52 тауар­лы-сүт фермасын ашамыз. Нәтижесінде, сүт өндірісі көлемін 598 мың тоннадан 1 млн тоннаға, яғни 1 млрд литрге жеткізуді көз­деп отырмыз. Еліміздің бір тұрғыны жы­лына 340 литр сүт тұтынатынын ескерсек, біздің өңір 1,7 млн адамды сүтпен қамтып отыр. 1 млрд литр сүт өңдеген кезде 3 млн адам біздің тұтынушымызға айналады деген сөз. Сүт табиғи таза өнім болғандықтан, әсі­ресе қазіргі пандемия жағдайында тұр­ғын­дардың иммунитетін нығайту үшін өте қажет. Сондай-ақ әр үйдің дастарқанында жергілікті жерде өндірілген қаймақ, айран, ірімшік тұрғаны абзал. «Маслодел» және Eurasian milk сүт зауыттары сүт және ірімшік өнімдерін өндіретін жаңа заманауи же­лілерді іске қосты. Ет өндіруге де назар аударылады. Ол үшін де инвестжобалар жүзеге асырылады. 13 мың бас малға арналған екі бордақылау алаңының құрылысы жүргізіліп жатыр. Бар­лығы осындай 6 алаң салынады. Сон­дай-ақ жылына 6 мың тонна ет өндіретін 2 құс фабрикасының құрылысы басталды. Та­ғы бір маңызды жоба – жылыжай кеше­нінің құрылысы. Бүгінде облыс тұрғындары жылына 13 мың тоннадан астам қияр мен қызанақ тұтынады. Жаңа жылыжай жылына 2,8 мың тонна көкөніс өсіруге қауқарлы. Петропавлда қағаз өндіретін фабри­каның құрылысы жүргізіліп жатыр. Онда жылына 5 мың тонна қағаз шығарылады. Бұл импортқа тәуелділікті азайтады. Біз эко­логиялық өндіріске бет бұрдық. Инвес­торлар қағазды сабаннан жасамақшы. Қазір бүкіл әлем полиэтиленнен бас тартып, та­биғатқа зияны жоқ, экологиялық таза өнімдерді қолдануға бағыт алды. Күзде кірпіш зауытын іске қосып, құ­ры­лысшыларды жергілікті құрылыс ма­териа­лымен қамтамасыз етеміз. Осыдан бір жарым жыл бұрын құрылған «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағында 3 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Электротехникалық зауыттың ашылуы да биылғы күзге жоспарланған. Мұнда жы­лына 13 мың трансформатор шығарылып, экспортқа жол тартады. Трансұлттық CLAAS компаниясы биыл алғашқы комбайндарын жинайды. Бұл комбайн бағасын екі есеге арзандатуға мүмкіндік жасамақ. Шаруалар комбайн сатып алғанда өз қаржысын үнемдесін деген мақсатпен осы жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Заманауи техниканың көмегімен олар көктемгі егіс және күзгі орақ науқанына шығындалатын уақытты қысқартады. Танымал брендтің біздің өңірге келуі басқа инвесторлар үшін айшықты белгі. Яғни, облыстың инвестициялық тартымдылығы артып келеді деген сөз. Арнайы экономикалық аймаққа енген мәскеулік «Велфарм» компаниясы Пе­тропавлда зауыт салуға 15 млрд теңге бағыттамақ. Бұған дейін ламинатты фанера, жұмсақ контейнер, термос-вагон өндіретін кәсіпорындар іске қосылған болатын. Жалпы, облыста инвестиция көлемі 1,8 трлн теңгені құрайтын 75 жобадан тұратын пул жасалды. Былтыр инвестиция көлемі 20 пайызға артып, 281 млрд теңгеге жетті. Соның ішінде шетелдік инвестиция 20 млрд теңге. Биыл тағы 400 млрд теңге инвестиция тартпақшымыз. Жағымды инвестахуал өздігінен қалып­таспайды. Ол үшін біраз тер төгуге тура кел­ді. Солтүстік Қазақстан облысының әкі­мі болып тағайындалғаннан бері инвес­торлармен та­лай кездесу өткіздік. Біздің өңірде бизнесті дамытуға барлық жағдай жасалған. – Тұрғындардың табысы артты ма? Қанша жаңа жұмыс орны ашылды? – Экономикадағы тұрақтылық, әрине тұрғындардың табысының артуына септігін тигізеді. Мұны төмендегі сандардан-ақ аңғаруға болады. 2016 жылы облыс бойынша еңбекақы қоры 137 млрд теңге болса, былтыр 207 млрд теңгеге жетті. Яғни, төрт жылда 51 пайызға артты. Зейнетақы қорына төлемдер 1,9 есеге ұлғайды. Облыс бойынша орташа айлық еңбекақы 1,7 есеге артып, 2016 жылы 94 мың теңге болса, 2020 жылы 156 мың теңгені құрады. Биыл 13 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Жаңадан 5,3 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 12 мыңға жеткіземіз. Жоғарыда айтып өткен сүт фермалары 64 елді мекеннің маңайында салынып жатқанын ескерсек, екі мыңнан астам ауылдық тұрақты жұмыс орнымен қамтылады. – Ескі үйлерді ысырып, орнына жаңа үй салудан Петропавл қаласы алдыңғы шепте. Бұл жұмыс тұрғындардың наразылығын ту­дырып жатқан жоқ па? Петропавлда баспана неге қымбат? – Тұрғын үй құрылысына қатысты мә­ліметтерді сараладық. Соңғы 5 жыл ішіндегі сандарды салыстырсақ, тұрақты өсім байқалады. 2015 жылы 140 мың шаршы метр баспана немесе 1 мыңнан астам пәтер пай­далануға берілді. Ал былтырғы көрсеткіш бұдан үш есе артық. 306 мың шаршы метр немесе 3 300 пәтер. 12 мыңнан астам сол­түстікқазақстандық қоныстойын тойлап, қуанбаса өкінген емес. 24 көпқабатты үй салынды. Биыл 23 көпқабатты үй салу жоспарда бар. Бұл – 340 мың шаршы метр немесе 3,5 мың пәтер. Былтыр облыс орталығында 48 құрылыс алаңында жұмыс жүргізілсе, биыл 56 алаң. Тұрғын үй қоры ескі үйлерді ысыру есебінен де жаңартылады. Соңғы үш жыл ішінде бір мыңнан астам үй жермен-жексен етіліп, тұрғындарға жаңа пәтер берілді. Биыл 700 шақты үйді ысыру жоспарда бар. Осы жобаның нәтижесінде қаланың көркін бұзып тұрған ескі үйлердің орнына заманауи көпқабатты баспаналар бой көтеріп келеді. Мәселен, 30 жекеменшік үйдің орнына 300-ден астам пәтер пайда болады. Облыс орталығы айтарлықтай түрлене түскеніне халық куә. Соңғы төрт жылда Петропавл қаласын дамытуға 6 млрд теңге жұмсалды. Аулалар жөнделіп, жолдар асфальтталды, тегін автотұрақтар, балалар алаңдары салынды, көшелер жарықтан­дырылды. Бұл жұмыс жалғасын табады. Петропавл қаласының тарихы терең. Облыс орталығы аумағында тарихи нысан көп. Олардың жартысынан астамы жартылай қираған. Осыдан үш жыл бұрын біз оларды қалпына келтіруді қолға алдық. Ол үшін иелерін іздестіріп, инвесторларды тарттық. Бизнесмендер Шамсутдинов көпестің үйін, Брусиловский көшесіндегі тарих және сәулет ескерткішін, басқа да көптеген ны­санды жөндеді. Баспана бағасының қымбаттауына бір­неше себеп бар. Бұған дейін облыс орта­лығында салынған үйлер аз екенін ескерген жөн. Қарқынды құрылыс тек соңғы үш жыл ішінде ғана жүргізіліп жатыр. Ал сұраныс көп. Кейбіреулер қайталама нарықтағы пә­терлердің қымбаттауына үйлері ысырылған тұрғындар үшін әкімдіктің пәтер сатып алып бергені әсер етті деп есептейді. Біз бұл мә­селені де зерделедік. Былтыр Петропавлда пәтер сату бойынша 11 797 мәміле жасалған болса, соның 285-і ғана қалалық әкімдікке тиесілі. Бұл – 2,4 пайызы. Көріп отырған­дарыңыздай, бұл мәселе баспана нарығына айтарлықтай әсер етпейді. Оның үстіне, біз жаңарту бағдарламасын қолға алдық. Оған сәйкес, үйлері ысырылған қалалықтарға тек жаңа үйлерден пәтер беріледі. Бұл қайталама нарықтағы пәтерлер құнының шарықтауын ауыздықтайды деген ойдамыз. Баспана қымбаттамас үшін қалаға құрылыс компа­нияларын тартып, көп тұрғын үй салу керек. Сондықтан біз қазір еліміздегі ірі компания – «Базис А»-мен келіссөз жүргізіп жатыр­мыз. Компания басшылығы коммерциялық тұрғын үй салуға мүдделі. – Білім беру саласына ойыссақ. Бұрын елдің шетінде, желдің өтінде тұрған Петропавл қаласында қазақ мектептерінің саны сау­сақпен санарлық болушы еді, қазір көбейді ме? Жаңа білім ошақтары салынып жатыр ма? Балабақшалар жеткілікті ме? – Биыл әлеуметтік саланы қаржы­ландыруға 177 млрд теңге бөлінсе, соның басым бөлігі – 95 млрд теңгесі білім сала­сына тиесілі. Біздің өңірдегі мектептердің 60 пайыздан астамы 50-80-жылдары салын­ған. Сол себепті соңғы екі жылда осы мәсе­лені шешу үшін қыруар қаржы жұмсалды. 10 млрд теңгеге 249 мектепке күрделі жөн­деу жүргізілді. Бұл – барлық мектептің жартысы. Биыл білім нысандарын жөндеуге 2 млрд теңге бағыттаймыз. Соңғы жылдары 3 жаңа мектеп бой көтерді. Биылғы оқу жы­лында тағы бір мектеп есігін айқара ашады. Сондай-ақ тағы екі мектеп құрылысы жоспарда бар. Жаңа мектептердің барлығы да қазақ тілінде білім береді. Білім саласына бөлінген қаржы өз же­місін беріп келеді. Осының барлығы білім сапасын арттыруға, оқу үлгерімін жақсартуға септігін тигізді. Нәтижесінде, мектеп түлек­терінің жоғары оқу орындарына түсу көр­сеткіші жақсарды. 2017 жылы түлектердің 58 пайызы ЖОО-ларға оқуға түссе, былтыр бұл көрсеткіш 69 пайызды құрады. Облыста 483 мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар. 18 мыңнан астам бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. 3-6 жас ара­лығындағы бүлдіршіндерді балабақ­шамен қамту 100 пайызды құрайды. 1-3 жасар ба­лаларды мектепке дейінгі біліммен қамту үшін 2025 жылға қарай 3 мыңнан астам орын ашылады. Қазірдің өзінде балабақ­ша­лардың 95 пайызы өз мәртебесін бөбекжай-балабақша етіп өзгертті. Бұл 1-3 жас аралы­ғындағы 4 мыңнан астам баланы қамтуға мүмкіндік жасады. – Онкологиялық аурулар бойынша Сол­түстік Қазақстан облысы алдыңғы орында. Неліктен? Бұл індеттің алдын алу және емдеу үшін қандай шаралар қолданылып жатыр? Денсаулық сақтау саласында қандай же­тістіктер бар? – Денсаулық сақтау саласында құрал-жабдықты жаңартуға басымдық беріп отырмыз. Бұл салаға 12 млрд теңге бөлінді. Бұл 2019 жылғыдан 4 есе артық. Ауру­ханаларға заманауи МРТ аппараттары, компьютер томографы, сандық маммо­графтар, УЗИ, рентген аппараттары, ан­гиограф сатып алынды. Бір жыл бұрын өңірде бір ғана ангиограф болса, былтыр тағы екеуі орнатылды. Бұл инсульт пен ин­фарктқа ұшыраған науқастарға ота жасауда аса қажет. Былтыр жаңа аппараттың кө­мегімен 1 200 ота жасалды. Пандемия кезінде жаңа осы заманғы инфекциялық аурухананың бой көтергені басымызға қонған бақпен тең. 8 осы заман­ғы жылжымалы медициналық кешен, 38 реано­мобиль сатылып алынды. Негізгі ауру­ханаларға 5 оттегі стансасы орнатылды. Жыл соңына дейін тағы 6 ауданда осындай жұмыс атқарылып, облыста оттегімен қам­тамасыз ету мәселесі толықтай шешімін табады. Көпбейінді заманауи аурухана құры­лысы жүргізіліп жатыр. Бұл жоба медицина саласын жаңа деңгейге көтереді. Мұнда жо­ғары технологиялық медициналық құ­рал­дар орнатылып, заманауи ем-дом жа­салады. Еліміздің аймақтары арасында Солтүстік Қазақстан облысы JCI халықа­ра­лық стандарттары бойынша аурухана салған алғашқы өңір атанбақ. Солтүстікқазақ­стан­дықтар басқа елдерге барып емделу ма­шақатынан құтылады. Петропавлда соңғы рет емхана 11 жыл бұрын салынған екен. Қазір осы олқы­лық­тың орнын толтырудамыз. Қаланың ша­ғынаудандарында өз емханалары болады. Біздің өңір үшін өзекті мәселелердің бірі – дәрігер тапшылығы. 3 жыл ішінде облысқа 262 жас маман кеді. Биыл тағы 128 дәрігерді күтіп отырмыз. Оларға бұған дейін 1,5 млн теңгеден көтермеақы төленіп келген болса, енді бұл соманы 2,5 млн теңгеге дейін арт­тыру туралы шешім қабылданды. Денсаулық сақтау саласын қаржылан­дыру деңгейін арттыру өз нәтижесін беріп жатыр. 3 жыл ішінде онкологиядан өлім көр­сеткіші 13 пайызға, қантамырлары жүйесі ауруларынан өлім көрсеткіші – 10 пайызға, инсульт пен инфаркттан 2 пайызға азайды. Сәбилердің шетінеуі 13 пайызға кеміді. Туберкулез 37 пайызға азайды. Бұл сандардың артында дәрігерлер мен жаңа құрал-жабдықтың арқасында құтқарылған қаншама адамның өмірі тұр. Қорытындылай келе айтарым, Елба­сының тапсырмасы бойынша қабылданып, ел Президенті қолдаған облысты дамытуға арналған кешенді жоспарға сәйкес облыс бюджеті 430 млрд теңгені құрады. Яғни, қазынамыз бірден 30 пайызға артты. Мұн­дай бюджет бұрын-соңды болмаған. Бұл қаржы әртүрлі салаға жұмсалғанымен, мақ­сат біреу ғана – солтүстікқазақстандық­тар­дың әл-ауқатын арттыру. Осының барлығы – ел тәуелсіздігінің арқасында қол жеткізген жемісіміз. Баршамыз үшін ерекше әрі мерейлі 2021 жылды біз елеулі әлеуметтік және экономикалық жетістіктермен атап өтуіміз керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың: «Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда» дегеніндей, бұл мерейтойды солтүстікқазақ­стандықтар нақты істермен атап өтеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та «Тәуел­­сіздіктің 30 жылдығы» деп жариялан­ған биылғы жыл даңғаза акциялар мен дау­рықпа шаралар өткізетін уақыт емес екенін атап өткен болатын. Біздің өңір дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Алдымызда тұрған маңызды және жауапты міндеттер жетерлік. Халықтың өмір сапасын жақсарту – біз үшін басты мақсат. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы