Халқымыздың маңдай терімен жеткен басты жетістігі, Тәңірдің бізге берген зор бақыты, баға жетпес мәңгілік құндылығымыз – ел Тәуелсіздігіне биыл 30 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде тәуелсіздіктің арқасында Солтүстік Қазақстан облысының қол жеткізген жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, өңірді жан-жақты дамыту бағытында атқарылған қыруар жұмыс туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Іргебайұлы АҚСАҚАЛОВ AIQYN газетіне сұхбатында егжей-тегжейлі әңгімелеп берді.
– Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жыл ішінде Солтүстік Қазақстан облысында атқарылған ауыз толтырып айтарлықтай қандай өзгерістерді атап өтер едіңіз? – Тәуелсіздік – біздің ең басты игілігіміз. Мемлекетіміздің тарихындағы жаңа дәуір дәл осы тәуелсіздіктен бастау алды. Ата-бабаларымыз аңсаған, сонау Керей мен Жәнібек ту тігіп, еншісін алғаннан басталған ел егемендігінің жемісін бүгінгі ұрпақ көріп отырғаны көңілге қуаныш ұялатады. «Көппен көрген ұлы той» дегендей, егемендіктің елең-алаң шағындағы бар ауыртпалықты елмен бірге біздің өңір де бастан өткерді. Өткен кезеңді зерделеп, жүріп өткен жолымызға көз салсақ, талай қиындықты жеңіп, қанша белесті бағындырғанымызға бүгінде қайран қаламыз. Бұл тұрғыда сылдыр сөзден гөрі нақты деректер бар шындықты айғақтай түседі. Мәселен, 30 жыл ішінде өңірлік жалпы өнім 15 еседен астам, яғни 1,3 млрд теңгеден 1,5 трлн теңгеге дейін артты. Жан басына шаққанда жалпы өңірлік өнім 1,4 мың теңгеден 2,5 млн теңгеге дейін, яғни 23 есе көбейді. Ауыл шаруашылығы өнімін өндіру 8,7 млн теңгеден 779 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 1991 жылы 7,5 млн теңге болса, былтыр 305 млрд теңгені құрады. Өткен жылы инвестициялар көлемі 281 млрд теңгені құрады, бұл 1998 жылғыдан 85 есе артық. Тұрғын үйді пайдалануға беру 32 есеге, атап айтқанда 10 мың шаршы метрден 306 мың шаршы метрге дейін ұлғайды. Тәуелсіздік жылдарында білім беру саласына бөлінген қаржы 215 млн теңгеден 95 миллиардқа дейін өсті. 1991-2020 жылдар аралығында облыста 44 мектеп салынды. Осының барлығына тәуелсіздіктің, сауатты жүргізілген мемлекеттік саясаттың арқасында қол жеткізілді. – Солтүстік Қазақстан облысы – еліміздің солтүстік қақпасы. Ресеймен шекаралас ауылдардың жағдайы қалай? Жалпы, барлық ауылдың жол, су мәселесі толық шешілді ме? – Шынымен де, шекаралас аумақта орналасқан ауылдар стратегиялық тұрғыдан маңызды болып саналады. Болашағы бар, болашағы жоқ, спутниктік ауылдарға қарағанда шекарадағы ауылдар басымдыққа ие. Оларды дамытуға мемлекет тарапынан қаржы бөлінеді. Мұндай ауылдардың инфрақұрылымын дамытуға, бірінші кезекте жол мен су мәселесіне баса назар аударылады әрі әлеуметтік салаға басымдық беріледі. Облыста Ресей шекарасынан 50 шақырым қашықтықта орналасқан 93 елді мекен бар. Онда 35 мыңнан астам адам түтін түтетіп отыр. 17 ауылда тұрғындар саны 50-ге де жетпейтінін атап өту керек. Шекаралас ауылдарда «Еңбек» бағдарламасы бойынша үй салып, оңтүстік өңірлерден жұмыс күшін тартуға ниетті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жетерлік. Сондықтан бұл ауылдардың тамырына қан жүгіретін күн алыс емес. Жолдардың жағдайына келсек, біздің облыс аумағы жағынан шағын болғанымен, жолдың ұзындығы бойынша өңірлер арасында үшінші орында. 9 мың шақырым жол бар. Автожолдар экономиканың қантамыры іспетті, яғни жол сапасы неғұрлым жақсы болса, экономика соғұрлым тиімді дамиды. Былтыр 35 млрд теңгеге әрбір оныншы шақырым немесе 954 шақырым жол жөнделді. Нәтижесінде, 117 мың тұрғыны бар 150 ауыл арасындағы жол қатынасы жақсарды. Ауылдардың ішіндегі жолдардың жағдайына көп уақыттан бері назар аударылмай келген болатын. Биыл осы мақсатқа 5,8 млрд теңге бөлініп, 74 ауылдың ішіндегі жолдардың жағдайы жақсартылды. Үстіміздегі жылы тағы 24 ауыл қамтылады. Әсіресе, қазіргі және бұрынғы аудан орталықтарының жолын жөндеуге баса назар аударылмақ. Сапалы жолдардың үлесі 58-ден 69 пайызға дейін арттырылды. Облысты дамытудың кешенді жоспары арқасында біз бұл көрсеткішті 98 пайызға жеткізбекшіміз. 2025 жылға дейін 5 мың шақырым жол жөнделмек. облыстағы ауылдардың тең жартысы осы жолдардың бойында орналасқан. Онда 250 мың адам тұрады. Сумен қамту мәселесі де біртіндеп шешімін тауып келеді. Бұл бағыт қомақты қаржыны қажет етеді, сондықтан жыл сайын қыржыландыру көлемі арттырылып келеді. Былтыр 60 мың тұрғыны бар 76 елді мекенді сумен қамту сапасы жақсартылып, бұл мақсатқа 6,5 млрд теңге бөлінді. Биыл 11,4 млрд теңге бағытталып отыр. Былтыр 2,9 мың отбасының үйіне су енгізілсе, биыл тағы 3 мыңнан астам шаңырақ осындай мүмкіндікке ие болмақ. Жыл соңына дейін тұрғындардың 83,5 пайызын сапалы ауызсумен қамтуды жоспарлап отырмыз. Облысты дамытудың кешенді бағдарламасы су желілерін дамытуға серпін бермек. Алдағы бес жыл ішінде 78 ауылға су тартып, ауылдарды 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтымақпыз. Жалпы, биыл 115 ауылды жаңартуға 17 млрд теңге жұмсалады. Бұл ауылдардағы мектептер, балабақшалар, дәрігерлік амбулаториялар, жолдар мен су құбырлары күрделі жөндеуден өткізіледі. – Солтүстік Қазақстан – еліміздің астықты өңірі. Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев өңірімізге келген сапарында «облыс егіншілері, сөзсіз, жер өңдеу, астық өндіру ісінде жоғары деңгейдегі мамандар болып саналады» деп оң бағасын берген болатын. Ауыл шаруашылығы саласында қандай оң өзгерістер бар? Биылғы қуаңшылықтың кері әсерін болдырмас үшін қандай шара қолданылып жатыр? – Елімізде өндірілетін астықтың төрттен бір бөлігі, майлы дақылдардың үштен бірі біздің облысымызға тиесілі. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі бір жылда 27 пайызға, 613 млрд теңгеден 779 млрд теңгеге дейін артты. Егемендіктің елең-алаң шағында бұл көрсеткіш небәрі 8,7 млн теңге болатын. Жаңа кешенді бағдарлама аясында осы көрсеткішті 1 трлн теңгеге жеткізу міндетін қойып отырмыз. Ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру тұрақты өсімнің негізіне айналды. Мемлекет тарапынан қабылданып отырған кешенді шаралар ауыл шаруашылығын дамытуға септігін тигізуде. Біздің облыс майлы дақылдар өндірісі бойынша елімізде көшбасшы орында. Жыл сайын 1 млн гектар алқапқа майлы дақылдар себіледі. Бұл – республикадағы барлық алқаптың үштен бірі. Күнбағыс алқаптары 70 пайызға, қарақұмық алқаптары 5 есеге арттырылды. Ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру міндеті орындалды, енді біз майлы дақылдарды қайта өңдеумен айналысып жатырмыз. Биылғы қуаңшылық малға да, жанға да ауыр тиіп тұр. Мал азығы тапшылығын болдырмау мақсатында әр ауданда осы мәселені үйлестіретін жедел штабтар құрылды. Агроқұрылымдар мен әкімдіктер арасында арзан бағамен және пай есебінен жемазық сату жөнінде меморандумдар жасалып жатыр. Біз, әрине баға белгілей алмаймыз, дегенмен 1 тонна шөпті 15 мың теңгеге сатуға кеңес беріп отырмыз. Өкінішке қарай, жемазық бағасын шарықтатып, бизнес жасап отырғандар да баршылық. Әр ауданда өткізіліп жатқан жәрмеңкелерде мал азығы бекітілген бағамен сатылады. Осы күнге дейін 29 жәрмеңке өткізіліп, оған 250 агроқұрылым қатысты. Шөптің 1 тоннасы 12-15 мың теңгеге, кебек 30-50 мың теңгеге сатылды. Осы бағыттағы жұмыс әрі қарай да жалғасын табады. Жалпы, алдағы қыстан қысылмай шығу үшін 850 мың тонна шөп қажет. 5 тамызға дейін агроқұрылымдар 578,0 мың тонна немесе 68 пайызын әзірледі. Сүрлем дайындауға тамыздың екінші жартысында кіріседі. – Облыста қандай инвестициялық жобалар жүзеге асырылады? Олардан не күтіледі? – Солтүстік Қазақстан облысына 15 млрд теңге инвестиция тартып, 200-ден астам тұрақты жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмыз. Жоғарыда айтып өткендей, майлы дақылдарды өңдеу үшін маусым айында майды экстракциялау зауытының құрылысы басталды. Оның қуаты 370 мың тонна майлы дақылдарды өңдеуге шақталған. Барлық май зауыттары толық қуатта жұмыс істесе, майлы дақылдардың 90 пайызы біздің облысымызда өңделеді. Агросекторда жоғары мақсаттарға жету үшін сүт бағытын дамытудың маңызы зор. Қазақстанда соңғы үш жылда 32 сүт кешені салынса, тек Солтүстік Қазақстан облысында 12 сүт фермасы іске қосылды. Биыл тағы 16 кешен құрылысын жүргізіп жатырмыз. Соның оны жыл соңына дейін іске қосылады. Жыл сайын 10-15, жалпы 52 тауарлы-сүт фермасын ашамыз. Нәтижесінде, сүт өндірісі көлемін 598 мың тоннадан 1 млн тоннаға, яғни 1 млрд литрге жеткізуді көздеп отырмыз. Еліміздің бір тұрғыны жылына 340 литр сүт тұтынатынын ескерсек, біздің өңір 1,7 млн адамды сүтпен қамтып отыр. 1 млрд литр сүт өңдеген кезде 3 млн адам біздің тұтынушымызға айналады деген сөз. Сүт табиғи таза өнім болғандықтан, әсіресе қазіргі пандемия жағдайында тұрғындардың иммунитетін нығайту үшін өте қажет. Сондай-ақ әр үйдің дастарқанында жергілікті жерде өндірілген қаймақ, айран, ірімшік тұрғаны абзал. «Маслодел» және Eurasian milk сүт зауыттары сүт және ірімшік өнімдерін өндіретін жаңа заманауи желілерді іске қосты. Ет өндіруге де назар аударылады. Ол үшін де инвестжобалар жүзеге асырылады. 13 мың бас малға арналған екі бордақылау алаңының құрылысы жүргізіліп жатыр. Барлығы осындай 6 алаң салынады. Сондай-ақ жылына 6 мың тонна ет өндіретін 2 құс фабрикасының құрылысы басталды. Тағы бір маңызды жоба – жылыжай кешенінің құрылысы. Бүгінде облыс тұрғындары жылына 13 мың тоннадан астам қияр мен қызанақ тұтынады. Жаңа жылыжай жылына 2,8 мың тонна көкөніс өсіруге қауқарлы. Петропавлда қағаз өндіретін фабриканың құрылысы жүргізіліп жатыр. Онда жылына 5 мың тонна қағаз шығарылады. Бұл импортқа тәуелділікті азайтады. Біз экологиялық өндіріске бет бұрдық. Инвесторлар қағазды сабаннан жасамақшы. Қазір бүкіл әлем полиэтиленнен бас тартып, табиғатқа зияны жоқ, экологиялық таза өнімдерді қолдануға бағыт алды. Күзде кірпіш зауытын іске қосып, құрылысшыларды жергілікті құрылыс материалымен қамтамасыз етеміз. Осыдан бір жарым жыл бұрын құрылған «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағында 3 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Электротехникалық зауыттың ашылуы да биылғы күзге жоспарланған. Мұнда жылына 13 мың трансформатор шығарылып, экспортқа жол тартады. Трансұлттық CLAAS компаниясы биыл алғашқы комбайндарын жинайды. Бұл комбайн бағасын екі есеге арзандатуға мүмкіндік жасамақ. Шаруалар комбайн сатып алғанда өз қаржысын үнемдесін деген мақсатпен осы жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Заманауи техниканың көмегімен олар көктемгі егіс және күзгі орақ науқанына шығындалатын уақытты қысқартады. Танымал брендтің біздің өңірге келуі басқа инвесторлар үшін айшықты белгі. Яғни, облыстың инвестициялық тартымдылығы артып келеді деген сөз. Арнайы экономикалық аймаққа енген мәскеулік «Велфарм» компаниясы Петропавлда зауыт салуға 15 млрд теңге бағыттамақ. Бұған дейін ламинатты фанера, жұмсақ контейнер, термос-вагон өндіретін кәсіпорындар іске қосылған болатын. Жалпы, облыста инвестиция көлемі 1,8 трлн теңгені құрайтын 75 жобадан тұратын пул жасалды. Былтыр инвестиция көлемі 20 пайызға артып, 281 млрд теңгеге жетті. Соның ішінде шетелдік инвестиция 20 млрд теңге. Биыл тағы 400 млрд теңге инвестиция тартпақшымыз. Жағымды инвестахуал өздігінен қалыптаспайды. Ол үшін біраз тер төгуге тура келді. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалғаннан бері инвесторлармен талай кездесу өткіздік. Біздің өңірде бизнесті дамытуға барлық жағдай жасалған. – Тұрғындардың табысы артты ма? Қанша жаңа жұмыс орны ашылды? – Экономикадағы тұрақтылық, әрине тұрғындардың табысының артуына септігін тигізеді. Мұны төмендегі сандардан-ақ аңғаруға болады. 2016 жылы облыс бойынша еңбекақы қоры 137 млрд теңге болса, былтыр 207 млрд теңгеге жетті. Яғни, төрт жылда 51 пайызға артты. Зейнетақы қорына төлемдер 1,9 есеге ұлғайды. Облыс бойынша орташа айлық еңбекақы 1,7 есеге артып, 2016 жылы 94 мың теңге болса, 2020 жылы 156 мың теңгені құрады. Биыл 13 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Жаңадан 5,3 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 12 мыңға жеткіземіз. Жоғарыда айтып өткен сүт фермалары 64 елді мекеннің маңайында салынып жатқанын ескерсек, екі мыңнан астам ауылдық тұрақты жұмыс орнымен қамтылады. – Ескі үйлерді ысырып, орнына жаңа үй салудан Петропавл қаласы алдыңғы шепте. Бұл жұмыс тұрғындардың наразылығын тудырып жатқан жоқ па? Петропавлда баспана неге қымбат? – Тұрғын үй құрылысына қатысты мәліметтерді сараладық. Соңғы 5 жыл ішіндегі сандарды салыстырсақ, тұрақты өсім байқалады. 2015 жылы 140 мың шаршы метр баспана немесе 1 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілді. Ал былтырғы көрсеткіш бұдан үш есе артық. 306 мың шаршы метр немесе 3 300 пәтер. 12 мыңнан астам солтүстікқазақстандық қоныстойын тойлап, қуанбаса өкінген емес. 24 көпқабатты үй салынды. Биыл 23 көпқабатты үй салу жоспарда бар. Бұл – 340 мың шаршы метр немесе 3,5 мың пәтер. Былтыр облыс орталығында 48 құрылыс алаңында жұмыс жүргізілсе, биыл 56 алаң. Тұрғын үй қоры ескі үйлерді ысыру есебінен де жаңартылады. Соңғы үш жыл ішінде бір мыңнан астам үй жермен-жексен етіліп, тұрғындарға жаңа пәтер берілді. Биыл 700 шақты үйді ысыру жоспарда бар. Осы жобаның нәтижесінде қаланың көркін бұзып тұрған ескі үйлердің орнына заманауи көпқабатты баспаналар бой көтеріп келеді. Мәселен, 30 жекеменшік үйдің орнына 300-ден астам пәтер пайда болады. Облыс орталығы айтарлықтай түрлене түскеніне халық куә. Соңғы төрт жылда Петропавл қаласын дамытуға 6 млрд теңге жұмсалды. Аулалар жөнделіп, жолдар асфальтталды, тегін автотұрақтар, балалар алаңдары салынды, көшелер жарықтандырылды. Бұл жұмыс жалғасын табады. Петропавл қаласының тарихы терең. Облыс орталығы аумағында тарихи нысан көп. Олардың жартысынан астамы жартылай қираған. Осыдан үш жыл бұрын біз оларды қалпына келтіруді қолға алдық. Ол үшін иелерін іздестіріп, инвесторларды тарттық. Бизнесмендер Шамсутдинов көпестің үйін, Брусиловский көшесіндегі тарих және сәулет ескерткішін, басқа да көптеген нысанды жөндеді. Баспана бағасының қымбаттауына бірнеше себеп бар. Бұған дейін облыс орталығында салынған үйлер аз екенін ескерген жөн. Қарқынды құрылыс тек соңғы үш жыл ішінде ғана жүргізіліп жатыр. Ал сұраныс көп. Кейбіреулер қайталама нарықтағы пәтерлердің қымбаттауына үйлері ысырылған тұрғындар үшін әкімдіктің пәтер сатып алып бергені әсер етті деп есептейді. Біз бұл мәселені де зерделедік. Былтыр Петропавлда пәтер сату бойынша 11 797 мәміле жасалған болса, соның 285-і ғана қалалық әкімдікке тиесілі. Бұл – 2,4 пайызы. Көріп отырғандарыңыздай, бұл мәселе баспана нарығына айтарлықтай әсер етпейді. Оның үстіне, біз жаңарту бағдарламасын қолға алдық. Оған сәйкес, үйлері ысырылған қалалықтарға тек жаңа үйлерден пәтер беріледі. Бұл қайталама нарықтағы пәтерлер құнының шарықтауын ауыздықтайды деген ойдамыз. Баспана қымбаттамас үшін қалаға құрылыс компанияларын тартып, көп тұрғын үй салу керек. Сондықтан біз қазір еліміздегі ірі компания – «Базис А»-мен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Компания басшылығы коммерциялық тұрғын үй салуға мүдделі. – Білім беру саласына ойыссақ. Бұрын елдің шетінде, желдің өтінде тұрған Петропавл қаласында қазақ мектептерінің саны саусақпен санарлық болушы еді, қазір көбейді ме? Жаңа білім ошақтары салынып жатыр ма? Балабақшалар жеткілікті ме? – Биыл әлеуметтік саланы қаржыландыруға 177 млрд теңге бөлінсе, соның басым бөлігі – 95 млрд теңгесі білім саласына тиесілі. Біздің өңірдегі мектептердің 60 пайыздан астамы 50-80-жылдары салынған. Сол себепті соңғы екі жылда осы мәселені шешу үшін қыруар қаржы жұмсалды. 10 млрд теңгеге 249 мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Бұл – барлық мектептің жартысы. Биыл білім нысандарын жөндеуге 2 млрд теңге бағыттаймыз. Соңғы жылдары 3 жаңа мектеп бой көтерді. Биылғы оқу жылында тағы бір мектеп есігін айқара ашады. Сондай-ақ тағы екі мектеп құрылысы жоспарда бар. Жаңа мектептердің барлығы да қазақ тілінде білім береді. Білім саласына бөлінген қаржы өз жемісін беріп келеді. Осының барлығы білім сапасын арттыруға, оқу үлгерімін жақсартуға септігін тигізді. Нәтижесінде, мектеп түлектерінің жоғары оқу орындарына түсу көрсеткіші жақсарды. 2017 жылы түлектердің 58 пайызы ЖОО-ларға оқуға түссе, былтыр бұл көрсеткіш 69 пайызды құрады. Облыста 483 мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар. 18 мыңнан астам бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту 100 пайызды құрайды. 1-3 жасар балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту үшін 2025 жылға қарай 3 мыңнан астам орын ашылады. Қазірдің өзінде балабақшалардың 95 пайызы өз мәртебесін бөбекжай-балабақша етіп өзгертті. Бұл 1-3 жас аралығындағы 4 мыңнан астам баланы қамтуға мүмкіндік жасады. – Онкологиялық аурулар бойынша Солтүстік Қазақстан облысы алдыңғы орында. Неліктен? Бұл індеттің алдын алу және емдеу үшін қандай шаралар қолданылып жатыр? Денсаулық сақтау саласында қандай жетістіктер бар? – Денсаулық сақтау саласында құрал-жабдықты жаңартуға басымдық беріп отырмыз. Бұл салаға 12 млрд теңге бөлінді. Бұл 2019 жылғыдан 4 есе артық. Ауруханаларға заманауи МРТ аппараттары, компьютер томографы, сандық маммографтар, УЗИ, рентген аппараттары, ангиограф сатып алынды. Бір жыл бұрын өңірде бір ғана ангиограф болса, былтыр тағы екеуі орнатылды. Бұл инсульт пен инфарктқа ұшыраған науқастарға ота жасауда аса қажет. Былтыр жаңа аппараттың көмегімен 1 200 ота жасалды. Пандемия кезінде жаңа осы заманғы инфекциялық аурухананың бой көтергені басымызға қонған бақпен тең. 8 осы заманғы жылжымалы медициналық кешен, 38 реаномобиль сатылып алынды. Негізгі ауруханаларға 5 оттегі стансасы орнатылды. Жыл соңына дейін тағы 6 ауданда осындай жұмыс атқарылып, облыста оттегімен қамтамасыз ету мәселесі толықтай шешімін табады. Көпбейінді заманауи аурухана құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл жоба медицина саласын жаңа деңгейге көтереді. Мұнда жоғары технологиялық медициналық құралдар орнатылып, заманауи ем-дом жасалады. Еліміздің аймақтары арасында Солтүстік Қазақстан облысы JCI халықаралық стандарттары бойынша аурухана салған алғашқы өңір атанбақ. Солтүстікқазақстандықтар басқа елдерге барып емделу машақатынан құтылады. Петропавлда соңғы рет емхана 11 жыл бұрын салынған екен. Қазір осы олқылықтың орнын толтырудамыз. Қаланың шағынаудандарында өз емханалары болады. Біздің өңір үшін өзекті мәселелердің бірі – дәрігер тапшылығы. 3 жыл ішінде облысқа 262 жас маман кеді. Биыл тағы 128 дәрігерді күтіп отырмыз. Оларға бұған дейін 1,5 млн теңгеден көтермеақы төленіп келген болса, енді бұл соманы 2,5 млн теңгеге дейін арттыру туралы шешім қабылданды. Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру деңгейін арттыру өз нәтижесін беріп жатыр. 3 жыл ішінде онкологиядан өлім көрсеткіші 13 пайызға, қантамырлары жүйесі ауруларынан өлім көрсеткіші – 10 пайызға, инсульт пен инфаркттан 2 пайызға азайды. Сәбилердің шетінеуі 13 пайызға кеміді. Туберкулез 37 пайызға азайды. Бұл сандардың артында дәрігерлер мен жаңа құрал-жабдықтың арқасында құтқарылған қаншама адамның өмірі тұр. Қорытындылай келе айтарым, Елбасының тапсырмасы бойынша қабылданып, ел Президенті қолдаған облысты дамытуға арналған кешенді жоспарға сәйкес облыс бюджеті 430 млрд теңгені құрады. Яғни, қазынамыз бірден 30 пайызға артты. Мұндай бюджет бұрын-соңды болмаған. Бұл қаржы әртүрлі салаға жұмсалғанымен, мақсат біреу ғана – солтүстікқазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру. Осының барлығы – ел тәуелсіздігінің арқасында қол жеткізген жемісіміз. Баршамыз үшін ерекше әрі мерейлі 2021 жылды біз елеулі әлеуметтік және экономикалық жетістіктермен атап өтуіміз керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда» дегеніндей, бұл мерейтойды солтүстікқазақстандықтар нақты істермен атап өтеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп жарияланған биылғы жыл даңғаза акциялар мен даурықпа шаралар өткізетін уақыт емес екенін атап өткен болатын. Біздің өңір дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Алдымызда тұрған маңызды және жауапты міндеттер жетерлік. Халықтың өмір сапасын жақсарту – біз үшін басты мақсат. – Әңгімеңізге рақмет!Сұхбаттасқан Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы