Жұмыс та, жұмыссыз да көп
Жұмыс та, жұмыссыз да көп

Жұмыспен қамту орталықтарына жүгінетіндерге қа­рағанда жұмыс берушілер көбейген. Бірақ елдегі жұ­мыс­сыздар саны азаймай тұр. Өйткені жеке кәсіп­орындарды есептемегеннің өзінде жұмыс орында­рын­дағы тұрақ­сыздық пен қысқартуға ұшырағандардың саны өскен. Жұмыссыздықты жою үшін жасалған жоба қайда? Жыл сайын бөлінген қаржының қайтарымы бар ма? Жұмыспен қамту мамандары қандай уәж айтады?

Жұмыспен қамту жоспары

Үкімет басшысы жыл басында тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша жұмысты жалғастыру үшін жалақы мөлшерін он пайызға арттыра отырып, жұмыссыз қазақ­стандықтардың санын азайту ке­рек екені туралы тапсырма берді. Ол үшін қажетті құралдар мен қа­ражат та қарастырылып жатқаны айтылып, биыл жұмыссыздық дең­гейі 4,9%-дан аспайды деген еді. Сондықтан Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министрлігіне 1 маусымға дейін 2021-2025 жыл­дарға арналған «Еңбек» ұлттық жобасын енгізуді тапсырды. Соны­мен қатар Ұлттық экономика, Ең­бек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігі және әкімдік­терге 1 шілдеге дейін өңірлік жұ­мыспен қамту карталарын әзірлеп, «Еңбек» жобасының іс-шараларын іске асыруды қаржыландыруды қамтамасыз етуге міндеттеді. Бағ­дарлама бойынша биыл 700 мың адам, жұмыспен қамтудың дағ­да­рысқа қарсы Жол картасы бойын­ша 32 мың адамды жұмысқа орна­ластыру жоспарланған. Ал 440 мың адам бюджеттік инвестициялардың қатысуымен жүзеге асырылатын жобалар есебінен жұмыс табуы керек. Сөйтіп, биыл елімізде кадр­ларға қажеттілік 12,1 мың адам болған, бұл ретте орта және ірі кә­сіпорындар 37 мыңға жуық бос жұмыс орнын ұсынуы қажет. Бұл үшін республикалық бюджеттен 104,2 млрд теңге бөлінді.

Жарты жылда – жарты миллион

Жыл басында берілген тапсыр­маның қаншалықты орындалып жатқаны белгісіз, бірақ жуырда жеке кәсіпкерлік қызметпен айна­лысатындардан басқа жұмыс­шы­лардың көбісі қысқартуға ұшырап жатқаны мәлім болды. Бұл дегені­ңіз жұмыссыздардың саны кемудің орнына көбейгенін көрсетеді. Жарты миллионнан астам қа­зақстандық бұрынғы жұмыс орын­дарын тастап, ірі және орта кә­сіпорындарға, сондай-ақ шағын ұйымдарға ауысқан. Олардың дені жұмыстан кетуге өз еріктерімен арыз жазыпты. Биыл бірінші жар­ты­жылдықта 502,1 мыңға жуық адам жұмыстан кетсе, бұл өткен жыл­дың осы кезеңімен салыстыр­ғанда жұмыссыздардың саны 15%-ға артқанын көрсетіп отыр. Оның ішінде бұрынғы жұмысынан өз еркімен кеткендер көбейіпті. Бү­гінде мұндай адамдардың саны – 406,4 мың. Статистикаға сүйенсек, өнеркәсіп, сауда, білім беру, ден­саулық сақтау, құрылыс, әкімшілік және қосалқы қызмет көрсетуден кетушілердің саны өсіп отыр. Ал жарты жыл ішінде 9,4 мың адам қысқартуға ұшыраған. Бұл жұмыс­сыз қалғандардың қатары был­тырмен салыстырғанда 22,7%-ға өскенін көрсетеді. Бұдан бөлек, 3,8 мыңнан астам қызметкер еңбек тәртібін бұзғаны үшін жұмыстан босатылыпты. Өнеркәсіп, көлік және қойма, құрылыс, сауда, мем­лекеттік басқару, қорғаныс және әлеуметтік қамтамасыз ету орын­дарынан 250 қызметкер жұмыстан қуылған. Сонымен бірге, былтыр 6 айда кәсіпорынның таратылуына байланысты 1,4 мыңнан астам адам жалақысынан айырылған. Бұл да өткен жылмен салыстыр­ғанда 7,4%-ға көбейгенін көрсе­теді. Олардың басым көпшілігі тағы сол мемлекеттік басқару, қор­ғаныс және әлеуметтік қамсыз­дан­дыру, денсаулық сақтау, көлік және қоймалау, білім беру сала­сында еңбек еткендер. Бұдан бө­лек, отбасылық жағдайларға бай­ла­нысты жұмыстан кетуге мәжбүр болғандар саны 1,9 мың адам бо­лып отыр. Ал 268 қызметкер өз са­ласында біліктілік көрсеткіші төмен болғаны үшін қысқартуға ұшырағаны белгілі болды. Жұмыс­тан басқа да себептермен боса­тылғандар 78,9 мың адамға жеткен. Дегенмен бұл статистикалық көр­сеткішке кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорын­дардың қызметкерлері есепке алынбаған.

Жалған жұмыспен қамтылған

Есте болса, бірер ай бұрын «Ең­бек» бағдарламасы аясында жалған жұмыспен қамту және есептермен айла-шарғы жасау дерегі анықталды. «Nur Otan» партиясының партиялық бақылау комитеті жұмыссыздарды жалған жұмыспен қамту фактілері, жұ­мыспен қамту орталықтарындағы есептермен айла-шарғы жасау және бюджеттік кредиттерді мақ­сатсыз пайдалануды қамтитын бірқатар бұзушылықтың былығын ашып берді. Мәселен, 2019 жыл­дың өзінде ғана жалған жұмыспен қамтылған 118,8 мың адам анық­талыпты. Мәжіліс депутаты Әлия Әбсеметованың айтуынша, жұмыс берушілер өз қызметкерлерін жұ­мыстан шығарып, оларды жұ­мыс­пен қамту орталықтары арқылы әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастырған. Яғни, жұмыс істеп жүрген адамдар бұ­рынғыдай жұмысын жалғастырып жатыр, бірақ мемлекет олардың жалақысының 35%-ын субсидия­лайды. Осылайша, жұмыс беруші­ден жауапкершілік пен шығындар­ды алып тастап отырған. Соңғы төрт жылда республикалық бюд­жеттен шамамен 600 млрд теңге бөлінген. Алайда бағдарламаның нысаналы индикаторлары бір-біріне ұқсас болғандықтан бюджет қаражаты мақсатсыз жұмсалып келеді. Бағдарлама аясында оқы­тыл­ған жастардың тек 25%-ы ғана маман­дық бойынша жұмысқа ор­нала­сыпты. Ал прокуратура орган­дары жұмыспен қамту үшін бе­рілген 1,3 млрд теңгенің негізсіз мақсаттарға бөлінгенін, 555,3 млн теңгеге бюд­жеттік несиелерді мақ­сатсыз пай­даланудың 180 фактісін анықтады.

Сапалы өзгерістерді байқау қиын

Мәжілісмен Айқын Қоңыров «Жұмыспен қамтудың жол карта­сы» аясында жасалған жұмыс орын­дарының 86%-ы уақытша бол­ғанын айтты. Бұл үшін былтыр шамамен 1 трлн теңге бөлінген. «Ең­бек нарығында сапалы өзгеріс­терді байқау қиын. Қазіргі бағдар­ламалар ағымдағы проблемаларды шешудің, азаматтарды уақытша жұмысқа орналастырудың жедел құралы ғана болып отыр. Өйткені жұмыссыздарға көбінесе мау­сым­дық құрылыс пен жөндеуге байла­нысты жұмыстар ұсынылады. Бұл «Еңбек» бағдарламасына да қатыс­ты. Жекелеген өңірлерде жалған жұ­мыспен қамтылу пайызы 13-17%-ға дейін жетеді, ал тұрақты жұмыс орындары шамамен 40%», – дейді депутат.

Көптеген салада жұмыс бе­рушілер біліктілік­ті талап етеді. Ал жұмыссыздардың қатарында бі­ліктілігі жетіспейтіндер көп. Дәрі­герлерге де сұраныс болғанымен, кез келген адамды денсау­лық сақ­тау саласына жібере алмаймыз. Оның үстіне, айлыққа да келіс­пей­тіндер жетерлік.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саи­ров жұмыссыздықты жоюдың жал­ғыз жолы жұмыс орында­рын көбейту екенін айтады. Ол үшін орта және кіші бизнесті, өндіріс орындарын арттыру ке­рек. Алайда дәл қазір пандемияға байланысты өндіріс орындары да, орта және кіші бизнес те ақ­сап тұр. Қызмет көрсету саласы, оның ішінде дәм­хана мен мей­рамхана жабық. Ел­дегі жұмыс­сыздықты ауыздықтай алмауы­мыздың бір себебі осы. Оны реттеудің амалы – жұмыс­сыз­дарды қоғамдық жұмысқа қамту. Екіншіден, карантин талапта­ры­ның күшін жою үшін қалыпты жұмысқа оралу керек. Ол үшін халық тезірек екпе алуы тиіс.

Біліктілігі төмендерге бос орын аз

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының бас сарапшысы Ай­жан Мұқышбаева жұмыссыздық деңгейі уәде етілгендей 4,9 пайыз­дан аспаған деп отыр. Керісінше, былтырмен салыстырғанда төмен­деген. Бүгінде жұмыспен қамту орталықтарында 223 481 адам тір­­келіпті. «Жұмыс берушілер та­ра­пынан өтініш жаз айларында көп түседі. Мысалы, мамыр, мау­сым, шілде айларында бос орындар артты. Ауа райының жылуына бай­ланысты ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласында жұмыс қыза түседі. Ал кейде түйіндемелер жұмыс берушілер қойған талап­тарға сәйкес келмейді. Ауыл ша­руа­шылығы мен құрылыс сала­сында айлық төмен. Сондықтан жұмыссыздар бірнеше ай жұмыс­пен қамтылмай жүреді. Маусым айында сауда-саттық бойынша бос орындар көбейді», – дейді Айжан Мұқышбаева. Көптеген салада жұмыс бе­рушілер біліктілікті талап етеді. Ал жұмыссыздардың қатарында бі­ліктілігі жетіспейтіндер көп. Дәрі­герлерге де сұраныс болғанымен, кез келген адамды денсаулық сақ­тау саласына жібере алмаймыз. Оның үстіне, айлыққа да келіс­пей­тіндер жетерлік. Айжан Мұқыш­баева «Ең төменгі біліктілік бо­йын­ша аз жалақы – 42 500. Бұл еш­қандай оқу орнын бітірме­ген­дер­ге беріледі. Ал колледж бітір­гендерге, яғни кәсібилігі орта дең­гейдегі бос орындардың жала­қысы – 150 мың, жоғары тәжіри­белі мамандарға 250 мыңнан жоғары жалақы ұсынылады» деп отыр. Есепке сенсек, елдегі жұмыс­сыздарға мүмкіндік көп секілді. Әйтсе де, мемлекеттік бағдар­ла­ма­лардың бағыты дұрыс бол­ғанымен, іске асуына келгенде кемшіліктері көп екені жиі ай­тылады. Сол үшін халық қа­лау­лылары айтқандай, жұмыс­сыз­дықпен күресу үшін бір-бі­ріне ұқсас бағдарламалардың бағытын өзгертіп, бақылауды күшейткен жөн болар еді.

Жадыра МҮСІЛІМ