Жұмыспен қамту орталықтарына жүгінетіндерге қарағанда жұмыс берушілер көбейген. Бірақ елдегі жұмыссыздар саны азаймай тұр. Өйткені жеке кәсіпорындарды есептемегеннің өзінде жұмыс орындарындағы тұрақсыздық пен қысқартуға ұшырағандардың саны өскен. Жұмыссыздықты жою үшін жасалған жоба қайда? Жыл сайын бөлінген қаржының қайтарымы бар ма? Жұмыспен қамту мамандары қандай уәж айтады?
Жұмыспен қамту жоспары
Үкімет басшысы жыл басында тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша жұмысты жалғастыру үшін жалақы мөлшерін он пайызға арттыра отырып, жұмыссыз қазақстандықтардың санын азайту керек екені туралы тапсырма берді. Ол үшін қажетті құралдар мен қаражат та қарастырылып жатқаны айтылып, биыл жұмыссыздық деңгейі 4,9%-дан аспайды деген еді. Сондықтан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне 1 маусымға дейін 2021-2025 жылдарға арналған «Еңбек» ұлттық жобасын енгізуді тапсырды. Сонымен қатар Ұлттық экономика, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және әкімдіктерге 1 шілдеге дейін өңірлік жұмыспен қамту карталарын әзірлеп, «Еңбек» жобасының іс-шараларын іске асыруды қаржыландыруды қамтамасыз етуге міндеттеді. Бағдарлама бойынша биыл 700 мың адам, жұмыспен қамтудың дағдарысқа қарсы Жол картасы бойынша 32 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған. Ал 440 мың адам бюджеттік инвестициялардың қатысуымен жүзеге асырылатын жобалар есебінен жұмыс табуы керек. Сөйтіп, биыл елімізде кадрларға қажеттілік 12,1 мың адам болған, бұл ретте орта және ірі кәсіпорындар 37 мыңға жуық бос жұмыс орнын ұсынуы қажет. Бұл үшін республикалық бюджеттен 104,2 млрд теңге бөлінді.Жарты жылда – жарты миллион
Жыл басында берілген тапсырманың қаншалықты орындалып жатқаны белгісіз, бірақ жуырда жеке кәсіпкерлік қызметпен айналысатындардан басқа жұмысшылардың көбісі қысқартуға ұшырап жатқаны мәлім болды. Бұл дегеніңіз жұмыссыздардың саны кемудің орнына көбейгенін көрсетеді. Жарты миллионнан астам қазақстандық бұрынғы жұмыс орындарын тастап, ірі және орта кәсіпорындарға, сондай-ақ шағын ұйымдарға ауысқан. Олардың дені жұмыстан кетуге өз еріктерімен арыз жазыпты. Биыл бірінші жартыжылдықта 502,1 мыңға жуық адам жұмыстан кетсе, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жұмыссыздардың саны 15%-ға артқанын көрсетіп отыр. Оның ішінде бұрынғы жұмысынан өз еркімен кеткендер көбейіпті. Бүгінде мұндай адамдардың саны – 406,4 мың. Статистикаға сүйенсек, өнеркәсіп, сауда, білім беру, денсаулық сақтау, құрылыс, әкімшілік және қосалқы қызмет көрсетуден кетушілердің саны өсіп отыр. Ал жарты жыл ішінде 9,4 мың адам қысқартуға ұшыраған. Бұл жұмыссыз қалғандардың қатары былтырмен салыстырғанда 22,7%-ға өскенін көрсетеді. Бұдан бөлек, 3,8 мыңнан астам қызметкер еңбек тәртібін бұзғаны үшін жұмыстан босатылыпты. Өнеркәсіп, көлік және қойма, құрылыс, сауда, мемлекеттік басқару, қорғаныс және әлеуметтік қамтамасыз ету орындарынан 250 қызметкер жұмыстан қуылған. Сонымен бірге, былтыр 6 айда кәсіпорынның таратылуына байланысты 1,4 мыңнан астам адам жалақысынан айырылған. Бұл да өткен жылмен салыстырғанда 7,4%-ға көбейгенін көрсетеді. Олардың басым көпшілігі тағы сол мемлекеттік басқару, қорғаныс және әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау, көлік және қоймалау, білім беру саласында еңбек еткендер. Бұдан бөлек, отбасылық жағдайларға байланысты жұмыстан кетуге мәжбүр болғандар саны 1,9 мың адам болып отыр. Ал 268 қызметкер өз саласында біліктілік көрсеткіші төмен болғаны үшін қысқартуға ұшырағаны белгілі болды. Жұмыстан басқа да себептермен босатылғандар 78,9 мың адамға жеткен. Дегенмен бұл статистикалық көрсеткішке кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындардың қызметкерлері есепке алынбаған.Жалған жұмыспен қамтылған
Есте болса, бірер ай бұрын «Еңбек» бағдарламасы аясында жалған жұмыспен қамту және есептермен айла-шарғы жасау дерегі анықталды. «Nur Otan» партиясының партиялық бақылау комитеті жұмыссыздарды жалған жұмыспен қамту фактілері, жұмыспен қамту орталықтарындағы есептермен айла-шарғы жасау және бюджеттік кредиттерді мақсатсыз пайдалануды қамтитын бірқатар бұзушылықтың былығын ашып берді. Мәселен, 2019 жылдың өзінде ғана жалған жұмыспен қамтылған 118,8 мың адам анықталыпты. Мәжіліс депутаты Әлия Әбсеметованың айтуынша, жұмыс берушілер өз қызметкерлерін жұмыстан шығарып, оларды жұмыспен қамту орталықтары арқылы әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастырған. Яғни, жұмыс істеп жүрген адамдар бұрынғыдай жұмысын жалғастырып жатыр, бірақ мемлекет олардың жалақысының 35%-ын субсидиялайды. Осылайша, жұмыс берушіден жауапкершілік пен шығындарды алып тастап отырған. Соңғы төрт жылда республикалық бюджеттен шамамен 600 млрд теңге бөлінген. Алайда бағдарламаның нысаналы индикаторлары бір-біріне ұқсас болғандықтан бюджет қаражаты мақсатсыз жұмсалып келеді. Бағдарлама аясында оқытылған жастардың тек 25%-ы ғана мамандық бойынша жұмысқа орналасыпты. Ал прокуратура органдары жұмыспен қамту үшін берілген 1,3 млрд теңгенің негізсіз мақсаттарға бөлінгенін, 555,3 млн теңгеге бюджеттік несиелерді мақсатсыз пайдаланудың 180 фактісін анықтады.Сапалы өзгерістерді байқау қиын
Мәжілісмен Айқын Қоңыров «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жасалған жұмыс орындарының 86%-ы уақытша болғанын айтты. Бұл үшін былтыр шамамен 1 трлн теңге бөлінген. «Еңбек нарығында сапалы өзгерістерді байқау қиын. Қазіргі бағдарламалар ағымдағы проблемаларды шешудің, азаматтарды уақытша жұмысқа орналастырудың жедел құралы ғана болып отыр. Өйткені жұмыссыздарға көбінесе маусымдық құрылыс пен жөндеуге байланысты жұмыстар ұсынылады. Бұл «Еңбек» бағдарламасына да қатысты. Жекелеген өңірлерде жалған жұмыспен қамтылу пайызы 13-17%-ға дейін жетеді, ал тұрақты жұмыс орындары шамамен 40%», – дейді депутат.Көптеген салада жұмыс берушілер біліктілікті талап етеді. Ал жұмыссыздардың қатарында біліктілігі жетіспейтіндер көп. Дәрігерлерге де сұраныс болғанымен, кез келген адамды денсаулық сақтау саласына жібере алмаймыз. Оның үстіне, айлыққа да келіспейтіндер жетерлік.
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров жұмыссыздықты жоюдың жалғыз жолы жұмыс орындарын көбейту екенін айтады. Ол үшін орта және кіші бизнесті, өндіріс орындарын арттыру керек. Алайда дәл қазір пандемияға байланысты өндіріс орындары да, орта және кіші бизнес те ақсап тұр. Қызмет көрсету саласы, оның ішінде дәмхана мен мейрамхана жабық. Елдегі жұмыссыздықты ауыздықтай алмауымыздың бір себебі осы. Оны реттеудің амалы – жұмыссыздарды қоғамдық жұмысқа қамту. Екіншіден, карантин талаптарының күшін жою үшін қалыпты жұмысқа оралу керек. Ол үшін халық тезірек екпе алуы тиіс.Біліктілігі төмендерге бос орын аз
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының бас сарапшысы Айжан Мұқышбаева жұмыссыздық деңгейі уәде етілгендей 4,9 пайыздан аспаған деп отыр. Керісінше, былтырмен салыстырғанда төмендеген. Бүгінде жұмыспен қамту орталықтарында 223 481 адам тіркеліпті. «Жұмыс берушілер тарапынан өтініш жаз айларында көп түседі. Мысалы, мамыр, маусым, шілде айларында бос орындар артты. Ауа райының жылуына байланысты ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласында жұмыс қыза түседі. Ал кейде түйіндемелер жұмыс берушілер қойған талаптарға сәйкес келмейді. Ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласында айлық төмен. Сондықтан жұмыссыздар бірнеше ай жұмыспен қамтылмай жүреді. Маусым айында сауда-саттық бойынша бос орындар көбейді», – дейді Айжан Мұқышбаева. Көптеген салада жұмыс берушілер біліктілікті талап етеді. Ал жұмыссыздардың қатарында біліктілігі жетіспейтіндер көп. Дәрігерлерге де сұраныс болғанымен, кез келген адамды денсаулық сақтау саласына жібере алмаймыз. Оның үстіне, айлыққа да келіспейтіндер жетерлік. Айжан Мұқышбаева «Ең төменгі біліктілік бойынша аз жалақы – 42 500. Бұл ешқандай оқу орнын бітірмегендерге беріледі. Ал колледж бітіргендерге, яғни кәсібилігі орта деңгейдегі бос орындардың жалақысы – 150 мың, жоғары тәжірибелі мамандарға 250 мыңнан жоғары жалақы ұсынылады» деп отыр. Есепке сенсек, елдегі жұмыссыздарға мүмкіндік көп секілді. Әйтсе де, мемлекеттік бағдарламалардың бағыты дұрыс болғанымен, іске асуына келгенде кемшіліктері көп екені жиі айтылады. Сол үшін халық қалаулылары айтқандай, жұмыссыздықпен күресу үшін бір-біріне ұқсас бағдарламалардың бағытын өзгертіп, бақылауды күшейткен жөн болар еді.Жадыра МҮСІЛІМ