Адами капитал – ел экономикасының теңдессіз ресурсы. Мемлекеттің заманауи талаптарға сай дамуы оның адамдарының біліктілігімен тікелей байланысты. Бірақ елімізде соңғы уақытта байқалып отырған кадр тапшылығы, оның ішінде білікті мамандардың жетіспеушілігі Қазақстанның жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін нығайта түсуге кедергі келтіріп отыр. Соңғы мәліметтерге қарасақ, елімізде, әсіресе дәрігерлер мен инженерлер жетіспейді.
Алшақтық 59%
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ таратқан мәлімет бойынша, шілде айында электронды еңбек биржасында 81,7 мың бос жұмыс орны мен 47,9 мың резюме орналастырылған. Мұндағы сұраныс пен ұсыныстың арасындағы алшақтық 59%-ды құрап отыр. Мұндай статистиканың еліміздегі еңбек нарығын сараптауға үлкен көмегі бар. Әйтсе де, бұл цифрлар осының алдындағы маусым айымен салыстырғанда азайған. Сол кездегі көрсеткіштерден кадрларға сұраныс, яғни бос жұмыс орындары 15%-ға, ал ұсыныс, яғни резюмелер саны 3%-ға төмендеген. Жыл басынан бергі биржадағы үлкен сұранысқа ие мамандықтардың ішінде медицина, білім беру, құрылыс, инженерия және сауда саласы мамандарының үлесі басым. «Әсіресе, медицина кадрларына деген қажеттілік елде өте жоғары деңгейде қалып отыр. Мысалы, маусым айында денсаулық сақтау саласының қызметкерлері үшін 30 мыңға жуық бос жұмыс орны тіркелді, ал түйіндемелер саны небәрі 561 дананы құрады. Айырмашылық 50 есе. Бір жағынан бұл эпидемиологиялық жағдайға байланысты дәрігерлерге деген сұраныстың едәуір артуымен байланысты. Екінші жағынан Қазақстанда медицина қызметкерлерінің тапшылығы қаншалықты зор екені көрініп тұр» делінген орталық таратқан ақпаратта. Резюмелердің санына қарап шілде айында кіші медициналық қызметкерлер мен мектеп оқытушылары арасында жұмыс іздеуде белсенділіктің артқанын байқауға болады. Мәселен, бір ай ішінде биржада фельдшерлердің резюмесінің саны 421-ге, мейіргерлердікі 237-ге, бастауыш сынып, шет тілі, денешынықтыру пәні мұғалімдерінің резюмесі сәйкесінше 283, 271 және 266 данаға көбейген. Медицина қызметкерлерінің арасындағы мұндай тенденцияны пандемия кезіндегі жұмыстың қиындығымен түсіндіруге болса, педагог қызметкерлердің белсенділігін жаңа оқу жылының жақындауымен байланыстыруға болады. «Сондай-ақ Қазақстан негізінен құрылыс және өнеркәсіптік секторлар үшін қажетті жоғары сыныпты инженерлердің тапшылығын көріп отыр. Бұл жылдан-жылға Қазақстанға осы мамандық бойынша шетелдік қызметкерлердің көбірек тартылатынын дәлелдеп тұрғандай. Мысалы, өткен жылы шетелдерден 2,3 мың инженер және 1,7 мыңға жуық түрлі техник пен механик келген. Ал цифрландыру және технологияларды дамыту дәуірінде тиісінше IT саласындағы мамандарға да сұраныс артып келеді. Тек электронды еңбек биржасы алаңында жыл басынан бері осы салада 3 мыңға жуық бос жұмыс орны жарияланды», – дейді ЕРДО баспасөз қызметі. Өңірлер бойынша айтар болсақ, аталған кезеңде Түркістан (+33%), Ақмола (+20%), Атырау (+7%) облыстарында бос жұмыс орындарының саны өскен. Қазақстанда кадрлар тапшылығын төмендету үшін 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жұмыс істейді. Оның аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту қарастырылған. Сонымен қатар халықаралық және қазақстандық білім беру алаңдарында тегін онлайн оқыту мүмкіндігі пайда болды. Айта кетер жайт, жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аудару бағдарламасы да жұмыс істеп тұр.Біліктілік пен құзырет кемшін
Елімізде кадр тапшылығымен қатар олардың сапасы да алаңдаушылық тудырып отыр. Сарапшылар қазақстандық мамандардың құзыреті мен біліктілігі кемшін екенін айтады. Оның бір себебі – білім беру бағдарламаларының заманауи талаптарға сәйкес келмейтіні. «2025 жылға дейінгі еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасында» бұл мәселе қарастырылғанымен, оқыту мекемелерінің әзірге әдістемесін өзгертуге құлық танытып отырғандары аз. Сонымен бірге еңбек нарығында «техникалық машықтардың өзектілігі» деген ұғым бар. Бүгінде олардың мерзімі қысқарып келеді. Мәселен, бұрын техникалық жоғары кәсіби білім алған маман біліктілігін арттырмай-ақ 10 жылға дейін жұмыс істей беретін болса, қазіргі технологиялық прогресс уақытында мұндай «машық өзектілігі» тек екі-ақ жылға жететін болып жүр. Соның өзінде Қазақстанда жұмыс істейтін техникалық мамандардың кәсіби оқудан немесе жалпы білім беру курстарынан тек 4-5%-ы ғана өтеді. Мұндай жағдайға алып келетін тағы бір жайт, талапкерлердің үштен екісі гуманитарлық мамандықтарды таңдайды. Ал еңбек нарығында техникалық мамандықтар үлкен сұранысқа ие. Соның нәтижесіндей бүгінде түлектердің 82%-ы немесе 371 мың адам мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс берушілердің аға буын өкілдерін жұмысқа алудағы және жұмыста жүргендерін ұзақ ұстаудағы құлықсыздығына алаңдап отыр. Біздің еліміздегі еңбекақы көлемінің еңбек өтіліне байлаулы болуы, олардың зейнеткерлікке шыққанға дейін-ақ жұмысқа қабілеті баяулайтынына қарамастан, өзгелерден көбірек айлық алатын жағдайға әкеліп отыр. Оның үстіне, аға буын өкілдерінің еңбек өнімділігі төмен болып келеді де, өзекті машығы болмағандықтан, бизнестің өзгеріп тұратын талаптарына қиын бейімделеді. «Жоғары білікті кадрлардың тапшылығы Қазақстанның технологиялық прогресін қамтамасыз ете алатын және экономикалық өсуге ықпал ететін жаңашыл идеялар мен инновацияларды туғызу мүмкіндігін төмендетіп отыр. Егер инженерлер мен техникалық мамандардың жетіспеушілігі ғылыми-техникалық прогрестің баяулауына әкелсе, мұғалімдер мен дәрігерлердің жетіспеушілігі білім беру сапасына және халыққа медициналық көмек көрсетуге кері әсер етеді», – дейді ЕРДО мамандары. Сондай-ақ Қазақстан жыл сайынғы таланттардың жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің рейтингінде жағдайын нашарлатып алды. 2013 жылғы 46- орыннан 2020 жылы 54-орынға сырғып отыр. Рейтингте барлығы 132 ел бар. Ал халықтың ересек бөлігінің сауаттылығын анықтау үшін 2018 жылы жүргізілген PIAAC зерттеуінде Қазақстан Экономикалық әріптестік және даму ұйымы (ОЭСР) бойынша көрсеткіші орташадан анағұрлым төмен елдердің тобына кірді. Бұл зерттеуде еліміз сауатты оқудан 249 балл, математикалық білімнен 247 балл алған. Бұл посткеңестік елдерден де төмен: Эстония (276/273), Литва (267/267) және Ресей (275/270).Нұрлан ҚОСАЙ