Жылқы түрмеде не істеп жүр?
Жылқы түрмеде не істеп жүр?
©А.Ахметқазы

­Құқық саласында да түрлі тәжірибеге бара­тын­дар бар. Мүмкін нәтижесін беріп қалар. Жақында түр­меге жылқыны да кіргізді. Ішкі істер министрлігі Қыл­мыстық-атқару жүйесі комитетінің Қарағанды облысы бойынша депар­таменті «Ит анашаны тап­қанда, атпен неге жерас­ты қазбасын таппаймыз» деген екен-мыс...

Көп оқыды ма?

Марқұм жазушы Қабдеш Жұ­маділов «Орбұлақ шайқасы деген тарихта болған емес» деген мақа­ласында: «Ал енді «Орбұлақ шай­қа­сы» атты фильмге келейікші. Ашығын айтайын, фильм маған ұнамады. Өйткені концепциясы жалған, баяндалатын оқиға жал­ған... Сол баяғы окоп! Өздерінше шындыққа жақындатпақ болып, «окоптың» бетін қамыспен, бұ­тамен жапқан болыпты... XVIII ғасырдағы атты әскер соғысында окоп не бітіреді? Сезімтал жылқы жануар қазылған ұраға өлсе де баспайды. Жарайды, алғашқы екпінмен он-жиырмасы құлады дейік. Қалған әскер кейін серпіл­мей ме? Бұл маңайда биік тау да жоқ. Қалың қол Белжайдың бел-белесінен шауып өте бермей ме? 50 мың атты әскер окоптағы аз сар­­­­­баздан қалай жеңіледі?» деген бо­латын. Бұл жерде киноға да, окопқа да тірелейін деп тұрған біз жоқ, тек «департаменттегілер де осыны оқып алды ма?» деген ри­за­шылық қой. Олай болса, неге қуан­басқа? Ал оқымаған болса, тарихты да, жылқы малының се­зімталдығын да біліп отыр. Де­пар­таменттегілер «не істеді?» дейсіз ғой...

Қазына емес, қашуға арналған қазылған жер ғой іздегені

Қарағанды облысының түр­ме­сінде сотталушылар қашып шы­ғу үшін қазған жасырын жер­лерді анықтауда. Міне гәп, қайда? Олар­дың іздегені қазына емес. Ішкі істер министрлігі Қылмыс­тық-атқару жүйесі комитетінің Қа­рағанды облысы бойынша де­пар­­таментіне қарасты АК-159/11 ме­кемесі режимдік бөлімінің қыз­меткерлері 6505 әскери бөлі­мінің 4-атқыштар батальонының әске­рилерімен бірлесіп, сотталу­шы­лар­дың күзетіліп отырған ны­сан­нан қашып кетуіне жол бермеу мақ­­сатында, жерастынан қазыл­ған жасырын орындарды анықтау үшін жылқы малын пайдаланып келеді. «Осындай тәжірибе тұрақты түрде барлық түзеу мекемелерінде жүргізіліп, абақтыдан қашудың жолын кесуге көмектеседі. Егер жүріп келе жатқан жануар кенет тоқтай қалса, бұл қызметкерлерге сол жерді мұқият тексеруге себеп тудырады. Себебі жылқы жерас­тында қуыс, ойылған жерге бас­пайды» деп мәлім етті АК-159/11 мекемесі режимдік бөлімінің бас­тығы Әсет Шаймерденов. Тек­серу барысында қазылған орын­дар анықталған жоқ.

Киноны көп көрді ме?

Жылқы малы сезімтал, жерас­ты қазылған орынмен жүрмейді-міс. Олай болса, мұны басқа ел­дерге де айтуымыз керек шығар?! Өйткені былтырғы жылдың қыр­күйек айында Дағыстанда түрмеде отырған 6 адам жерасты жолын қазып, қашып кеткен болатын. Не де болса, «Побег из тюрьми» деген киноның табынушылары болса керек. Бұл туралы Ресейдің федералдық қылмыстық-атқару қызметінің өңірлік басқармасы мәлім етті. Үңгір тексеріс кезінде анықталған. «Бірден жаза өтей­тіндердің санағы жүргізілді, оның барысында алты адамның жоқ екені анықталды» деп дабылдатты сақшылар. Қашқындарды іздесті­руге Дағыстан бойынша феде­рал­дық қылмыстық-атқару қыз­меті басқармасының жеке құрамы жұмылдырылды. Уақытша іздеу бекеті құрылып, бағдар берілді. «Ізін суытпай резервтік топтар мен іздеу топтары жіберілді» деп хабарлады ведомство. «360» теле­арнасы өз дереккөздеріне сілтеме жасай отырып, колониядан қаш­қан жаза өтеушілердің 8-ден 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылғандар екенін мәлім етті. Олардың екеуі «кісі өлтіру» бабы бойынша сотталған. Құрығы ұзын құқық қорғаушылар қашқын­дарды ұстады-ау. Бірақ «қырағы» күзетшілер солармен бірге оты­ратын болса керек...

Жерүстімен қашқандар...

Айтамыз-ау. Жерді қазып не керек? Жерүстімен қашып кетуге де болады. Сондай оқиғаның бірі жақында тіркелді. Қарағанды об­лысында түрмеден қашып кеткен сотталушы үш айдан кейін қолға түсті. Ол осы уақытқа дейін Жа­ңаарқа ауданындағы қыстақ­тар­дың бірінде жасырынып келген. Ұрлық жасағаны үшін АК 159/20 колониясында жазасын өтеп жүр­ген ер адам мекеменің сыртындағы нысандардың біріне жұмысқа орналастырылған. Сондықтан да күнделікті таңертең жұмысқа барып, кешке өзге сотталушы­лар­мен бірге қайтып жүрген. Әйтсе де, 11 мамыр күні ол үш серігімен бірге жоғалып кетеді. Осыдан соң жедел-іздестіру шаралары бас­талып, қашқындардың екеуі қол­ға түскен. Ал үшінші сотталушыға іздеу жариялады. Жедел-іздестіру шаралары барысында мекеменің қауіпсіздік қызметі Жаңаарқа аудандық полиция бөлімі ма­мандарымен бірге қыстақтардың бірінен сотталушыны тапты. Қазір сотталушы уақытша ұстау абақтысына жабылды. Әрине, бұл түрмеден қашқан­дардың санын азайтар. Дегенмен жақында еркіндікті аңсаған тұт­қын дуалдан да секіріп кетті. Оған қандай амал ойлап табамыз?!

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы