1 қыркүйек – Білім күні. Енді оқушылардың алғашқы қоңырауы дәстүрлі форматта мектептерде өтетін болды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.
Сонымен қатар министр мектеп формасына қатысты да ақпаратпен бөлісті.«1 қыркүйекте болатын Білім күні салтанатты іс-шарасы дәстүрлі форматта, мектеп аумағында 1-сынып оқушылары үшін ұйымдастырылады. Оларға салтанатты түрде алғашқы оқулығы Әліппе табысталады. Ал 2 мен 11-сынып оқушылары тікелей бекітілген кабинеттерге барып, сонда тақырыптық сынып сағаттарына қатысатын болады», – деді Асхат Аймағамбетов.
Министр барлық білім беру ұйымдарында цифрлық платформаларға қолжетімділік қамтамасыз етілетінін айтты.«Жаңа оқу жылында мектеп формасы негізінен сақталады. Бірақ пандемия жағдайына байланысты мектепке классикалық үлгідегі ыңғайлы киіммен келуге де рұқсат беру бойынша шешім қабылданды», – деді ол.