Елорда полицейлері өтіп жатқан екі үйлену той мен құдалықты тоқтатты
Елорда полицейлері өтіп жатқан екі үйлену той мен құдалықты тоқтатты
©www.gov.kz
194
оқылды

Нұр-Сұлтан қаласы "қызыл аймақта" болғандықтан, инфекцияның таралуына жол бермеу үшін бірқатар шектеу шаралары қабылданған. Осыған орай, әкімдік, полиция және Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы өкілдерінен тұратын мобильді топтар карантин режимінің бұзылуын анықтауды жалғастыруда. Салтанатты, отбасылық және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізуге қатаң тыйым салынғанға қарамастан, кейбір азаматтар қаулыны елемей отыр.

Осылайша, Бөгенбай батыр көшесіндегі "El Plaza" мейрамханасының банкет залында той тоқтатылды. Ғимараттың ішінде 150-ден астам қонақ карантиндік шараларды сақтамай, тойлатып жүрген. Мобильді топ тексеру барысында үйлену тойдың жүріп жатқанын анықтады. Дәл сол күні "Baqsarai" және "Арман" мейрамханаларының банкет залында да той мен құдалық өткен.

Мекеме иелеріне қатысты жиналған материал ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша әкімшілік іс қозғау үшін уәкілетті органға жіберілді. Демалыс күндері мобильді топ 107 кәсіпкерлік нысанын тексеріп, 33 карантин бұзушылығын анықтаған.