Қостанай облысының Рудный қаласында полицейлер ес-түссіз күйде табылған аяғы ауыр келіншекке көмек көрсетті, деп хабарлайды "Костанайские новости". Оқиға 7 тамыз күні болған. Рудный қаласының көшелерін аралап жүрген патрульдік полиция қызметкерлері аялдамада ес-түссіз күйде жатқан жүкті келіншекті байқап қалған. Полиция капитаны Мақсұт Досыбаев пен полиция лейтенанты Олжас Батырханов жерде жатқан келіншекке көмектесу кезінде оның жүктіліктің соңғы мерзімінде екенін байқайды. Олар шұғыл әрекет етіп, келіншекке көмек көрсетеді.
"Біз жедел жәрдем шақырдық. Бірақ, екі бірдей адамның өміріне қауіп төніп тұрғасын, кідіруге болмайтынын түсініп, оны перзентханаға дейін дереу жеткізу туралы шешім қабылдадық. Жолай кезекші бөлімге хабарластық. Ауруханаға шұғыл пациент жеткізілетіні туралы хабар берілді", – деп есіне алды полиция капитаны Мақсұт Досыбаев.Рудный қаласының тұрғыны ауруханаға жеткізілді, оған қажетті медициналық көмек көрсетілді. Дәрігерлердің айтуынша, ол сол күні ыстық ауа райынан есінен танып қалған. 36 жастағы Индира Әміреева полиция қызметкерлеріне көмек көрсеткені үшін және ең бастысы құрсақтағы баласын құтқарғаны үшін ризашылығын білдірді. Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіше, өткен жылы дәл осы патрульдік полицейлер көпқабатты үйдің тұрғындарын түнде болған өрттен құтқарған.