Елордада жалпыға бірдей міндетті орта білім беру бағдарламасы аясында материалдық көмек көрсету шаралары басталды, деп хабарланды әкімдіктің ресми сайтында.
Материалдық көмектің мөлшері – 40 мың теңге. Былтыр оны 13 245 оқушы алса, биыл 15 мыңға жуық оқушыны қамту жоспарланып отыр. Көмек алатын балалардың нақты санаттары да айқындалған. Олар:- мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар;
- жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз, сол сияқты мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын отбасылардан шыққан балалар;
- жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған отбасыларда тұратын балалар;
- төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар;
- білім беру ұйымының алқалы органы белгілейтін білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттары;
- Биыл материалдық көмек "Атамекен" Ұлттық палатасы ұсынған "BMC Sales" цифрлы платформасы арқылы көрсетіледі. Ал әрбір оқушының ақшасы арнайы картаға әлеуметтік бірлік болып түседі. Оны белгілі сауда орнында және нақты тауар түріне ғана жұмсауға болады.