Таласта тұңғыш рет компьютерлік томография кабинеті ашылды
Таласта тұңғыш рет компьютерлік томография кабинеті ашылды
215
оқылды

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында Жамбыл облысы Талас ауданы Қаратау қаласында алғаш рет компьютерлік томография кабинеті ашылды. «Мейірім» медициналық орталығы ұйытқы болған бастамаға аудан әкімдігі қолдау білдіріп, аурухана жанынан арнайы бөлме бөліп берген. Қазір онда заманауи жоғары технологиялық 80 кескінді компьтерлік томограф орнатылып отыр.

Әлемдік пандемия жағдайында бұл әрине аудан жұртшылығы үшін үлкен олжа. Себебі КТ коронавирустық пневмония диагнозын дәл қоятын сенімді құрылғы болып табылады. Одан бөлек компьютерлік томография өзге де диагностикалық тексерулер жүргізуге қауқарлы. Талас - томография Компьютерлік томографиялық кабинеттің ашылуына аудан әкімінің орынбасары Роман Қырықбаев қатысып, мұндай игі бастамаға мұрындық болған «Мейірім» медициналық орталығына алғысын білдірді. Осылайша заманауи қондырғы шалғай Талас ауданына да жетіп отыр. Енді қаратаулықтар Алматы немесе Тараз қаласына ағылмай, аудан орталығынан тексерістен өте алады. Сондай-ақ жақын маңдағы Сарысу ауданының тұрғындары үшін де томография кабинеті теңдессіз қазынаға айналуда. Әлемдік пандемия жағдайында бұл ауылдағы ағайын үшін жасалған игі іс екені даусыз.

Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы