Бастауыш, орта және жоғары сынып оқушылары мектепке бөлек кіргізіледі
Бастауыш, орта және жоғары сынып оқушылары мектепке бөлек кіргізіледі
©inform.kz
409
оқылды

Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, қалада 278 жалпы білім беретін мектеп бар. Оның 207-сі мемлекеттік, 71-і жекеменшік. Қыркүйекте тағы 8 жекеменшік мектеп ашылады.

«Шамамен қала мектептерінде 1-ден 11-сыныпқа дейін 280 мыңнан астам бала оқиды. Бүгінде 30 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барады», – деді Л. Жылқыбаева. Білім басқармасының басшысы мектептерде белсенді дайындық жүріп жатқанын, денсаулығына байланысты емделіп жүргендерді қоспағанда, мемлекеттік білім беру ұйымдарының қызметкерлерінің 100% екпе алғанын айтты.

«Біз балалардың офлайн режимінде оқуын қамтамасыз ету үшін бар күшімізді салып жатырмыз. Өйткені мұғалімдер мен оқушылар арасындағы тікелей қарым-қатынасты ештеңе алмастыра алмайды. Бүгінде барлық білім беру ұйымдары Ashyq арқылы кіргізіледі. Оған қоса, әр білім ордасы қажетті мөлшерде дезинфекциялаушы және антисептикалық заттармен қамтамасыз етілген», - деді Л. Жылқыбаева.

Дәстүрлі оқыту форматына көшу қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылады. Сонымен қатар бастауыш, орта және жоғары сынып оқушыларының мектепке бөлек (балалар әлеуметтік қашықтықты сақтау үшін мектепке әртүрлі кіреберістен жіберіледі) кіруі қарастырылған.