Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, қалада 278 жалпы білім беретін мектеп бар. Оның 207-сі мемлекеттік, 71-і жекеменшік. Қыркүйекте тағы 8 жекеменшік мектеп ашылады.
«Шамамен қала мектептерінде 1-ден 11-сыныпқа дейін 280 мыңнан астам бала оқиды. Бүгінде 30 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барады», – деді Л. Жылқыбаева. Білім басқармасының басшысы мектептерде белсенді дайындық жүріп жатқанын, денсаулығына байланысты емделіп жүргендерді қоспағанда, мемлекеттік білім беру ұйымдарының қызметкерлерінің 100% екпе алғанын айтты.Дәстүрлі оқыту форматына көшу қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылады. Сонымен қатар бастауыш, орта және жоғары сынып оқушыларының мектепке бөлек (балалар әлеуметтік қашықтықты сақтау үшін мектепке әртүрлі кіреберістен жіберіледі) кіруі қарастырылған.«Біз балалардың офлайн режимінде оқуын қамтамасыз ету үшін бар күшімізді салып жатырмыз. Өйткені мұғалімдер мен оқушылар арасындағы тікелей қарым-қатынасты ештеңе алмастыра алмайды. Бүгінде барлық білім беру ұйымдары Ashyq арқылы кіргізіледі. Оған қоса, әр білім ордасы қажетті мөлшерде дезинфекциялаушы және антисептикалық заттармен қамтамасыз етілген», - деді Л. Жылқыбаева.