Әнші Бүркітке әкімшілік хаттама толтырылды
Әнші Бүркітке әкімшілік хаттама толтырылды
© 1tv.kz фото
108
оқылды
Алматыда бургер орталығының ашылуына қатысқан жұлдыздарға айыппұл салынды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат. 8 тамыз күні Royal Tulip Almaty қонақүйінде көптеген қазақстандық жұлдыздардың қатысуымен Black Star Burger орталығының ашылуы өтті. Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылов атап өткендей, ойын-сауық мекемелерінің иелері әкімшілік жауапкершіліктен және ірі айыппұлдардан сытылып кету үшін жеке адамдарға немесе әртүрлі жеке кәсіпкерлерге бұл орындарды жалға береді.
«Royal Tulip Almaty қонақүйінде шектеу және карантиндік талаптарды бұзу фактісі бойынша әкімшілік өндірісті қарау барысында мыналар анықталды: шектеулі карантиндік талаптардың бұзылуын ұйымдастырушы – ЖК Култасов Е.М. Royal Tulip Almaty ол азаматқа келісім бойынша жаздық алаңқайын жалға берген» , – деді Сәдуақас Байғабылов.
Жеке кәсіпкерге «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормаларды бұзу» бойынша хаттама толтырылып, шара қолданылды. Айыппұл 230 АЕК-ті (670 мың теңге) құрауы мүмкін. Сонымен қатар сол шараға қатысқан әнші Луина мен оның жұбайына, әнші Бүркітке 30 АЕК (шамамен 87 мың теңге) көлемінде хаттама толтырылғанын мәлім етті.
«Медеу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері іс-шараның басқа қатысушыларына мониторингтік топ шеңберінде тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр, оларға да әкімшілік шаралар қолданылады», – деді департамент басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылов.