Бірінші болу үшін жаралған
Бірінші болу үшін жаралған
180
оқылды

«Спортта қол жеткізген әр жетістік биік белестерге жол ашады». Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасының алғашқы шабуылшысы, ҚР және РФ спорт шебері, РФ үш дүркін чемпионы, Ресей кубогының иегері, Достастық чемпиондары кубогының иегері, Қазақстан әйелдер ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Рәзия Нүркенова спорттағы өмірі туралы осылай деген болатын.

2020 жылғы тамызда Рәзия Төлеуқызының мезгілсіз қайтыс болуы Қазақстан мен Ресейдің барлық спорт өкілдеріне қатты батты. Рәзия Нүркенованы танитындардың бәрі өз естеліктерінде оның спортқа деген шексіз махаббаты, мамандыққа деген адалдығы және адами тамаша қасиеттері туралы айтады. Рухы мықты көшбасшы әрі шебер ұйымдастырушы ретінде өзінің спортта жүрген жылдарында Рәзия Төлеуқызы жоғары деңгейдегі майталман маман ретінде жоғары беделге ие болды. Спорт саңлағының жолы мектептен басталды. Бірде қызықты доп ойынын көрген Рәзия футболды жақсы көріп қалады. Сабақтан кейін ол жаттығуға қуана барып, уақыт өте келе гандболды жақсы игеріп, спорт шеберіне үміткер болды. Оның алғашқы тәлімгері – шәкірттері гандболдан КСРО құрамасында ойнаған Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Олег Петрович Ли. Рәзия Төлеуқызының өзі еске алғандай, оның әйелдер футболына жолы 1987 жылы «Собеседник» журналындағы жазбадан басталған: «Қарағанды педагогикалық институтының екінші курсынан кейін бізді дәстүрлі түрде студенттік жұмысқа жіберді. Біз Бурабайға бардық. Онда «Собеседник» апталығы көзге түсіп, біз Кишиневте әйелдер командалары арасында «Собеседник» сыйлығына арналған алғашқы футболдан Бүкілодақтық турнир өтетінін білдік. Айтпақшы, дәл осы оқиғадан кейін бүкіл Одақта әйелдер футболы өрлей бастады. Біз газетті алып, ректорымыз Сұлтан Қапарұлы Досмағамбетовке әйелдер футбол командасын құруға көмек сұрап бардық. Ол қуана қолдап: «Жарқыраңдар!», – деді». Қажетті қаржы бөлінді, біз турнирге бардық. Командада әр түрлі спорт түрлерінен: баскетбол, жеңіл атлетика, гандбол, шаңғы ойыншылар болды. Бізді жігіт достарымыз жаттықтырды. Осылайша Қазақстанда футболдан әйелдердің алғашқы командасы құрылды». Қарағандыдағы «Олимп» бірінші әйелдер футбол клубы Рәзия Нүркенованың бастапқы алаңына айналып, онда ол 1987 жылдан 1991 жылға дейін «10» нөмірлі шабуылшы ретінде тамаша оййын көрсетті. 1989 жылы ол қарағандылық «Олимп» командасымен Кеңес Одағының жалпыодақтық дене-шынықтыру және сауықтыру чемпионатына қатысты. Әйелдер арасындағы бұқаралық жарыс әрі қарай футболдан КСРО-ның алғашқы чемпионаты болып жалғасты. Қарағандылық нәзік жандардан құралған футболшылар Кеңес Одағының барлық турнирлеріне қатысты. Оның әрқайсысына қатысқан құрама команданың жаттықтырушылары кезекті ойындарда Рәзия Нүркенованың шапшаңдығы мен жылдам шешім қабылдайтын мықты ойыншы екенін үнемі атап өтетін. Спортшыны халықаралық жарыстарға жиі шақыра бастады. Соның бірі 1991 жылы Қытайда өткен әйелдер футболынан алғашқы әлем чемпионаты. 1992 жылы Рәзия Нүркенованың спорттық мансабының жаңа кезеңі басталды. Спортшы Ресейдің Самара қаласының ЦСКА ВКС футбол клубынан шақырту алады. 2001 жылға дейін шабуылдаушы жартылай қорғаушы болып ойнады. Осы командамен ол үш дүркін чемпион, Ресейдің төрт дүркін вице-чемпионы, екі дүркін қола жүлдегері және Ресей кубогының иегері атанды. Он бес жылғы белсенді ойынның арқасында Рәзия Төлеуқызы мол тәжірибе жинап, жаттықтырушы қабілетін дамытты. 2001 жылы ЦСК ВВС спорт мектебінің жаттықтырушысы болып тағайындалды. 2007 жылдан бастап Ресей әйелдер жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысының көмекшісі болды. 2009 жылдан 2018 жылға дейін әскери-әуе күштерінің ЦСК кәсіби әйелдер командасында бас жаттықтырушы болып жұмыс істеді, сонымен бірге УЕФА судьясы болды. 2017 жылы Рәзия Нүркенова Самарада қыздарға арналған алғашқы «Мега» жеке футбол клубын ашты. Ол бірнеше жыл бойы өзі бастамашылық еткен клубтың президенті әрі құрылтайшысы болды. 12 жасқа дейінгі қыздар айналысатын «Мега» Рәзия Төлеуқызының жеке брендіне айналды, өйткені ата-аналар балаларын оның есіміне қарап әкелетін. Бүгінгі таңда клуб өзінің басшысы салған даңқты дәстүрлерді жалғастырып, сәтті дамып келеді. Рәзия Нүркенованың футболшы әрі бапкер ретіндегі абыройы жыл өткен сайын асқақтап, «Мегаға» өз септігін тигізеді. Осы биікті бағындырып, өз командасы туралы арманын іске асырған Рәзия Нүркенова бапкерлік көкжиегін кеңейту үшін кезекті қадам жасады. 2018 жылы танымал бапкерге Қазақстанда футбол бойынша ұлттық әйелдер құрамасын басқару туралы ұсыныс келіп түсті. Мұны ой елегінен өткізген Рәзия Төлеуқызы Қазақстан футбол федерациясы басшылығының шақыруын қабылдады. Басқа елде болса да, Рәзия Төлеуқызы жаттығу барысын қашықтан бақылап, қыздарымен байланысын үзген жоқ. Жалпы, Рәзия Нүркенова арадағы алшақтыққа қарамастан, жақындары, достары мен әріптестеріне ақыл-кеңесін айтып, үнемі қолдау көрсетіп отыратын. Бұл – оның бойындағы ерекше қасиеттерінің бірі. Рәзия Төлеуқызы өсіп, өнген әулеттегі сегіз баланың ішіндегі ең кенжесі еді. Жақындары оның кішкентай кезінен бастап мықты, мақсат қоя білетін, еркін өскендігін еске алады. Ол үнемі туыстары мен жақындарына көмектесіп, қолдау көрсеткен. Бүгінде айрандай ұйып отырған үлкен әулетке қарап, Рәзия Нүркенованың көпжылдық еңбегінің жемісін аңғаруға болады. Спортшының негізгі тірегі оның анасы – Нақыш Кабдоллақызы, ал оның жеңістері мен жеңілістерінің ең басты сыншысы – үлкен ағасы Сапар болды. Рәзия бүкіл Нүркеновтер әулеті үшін үлгі бола білді. Оның туыстары оны мақтан тұтты. Рәзия Төлеуқызымен бірге оқыған, жұмыс істеген, футбол ойнаған адамдар да оны құрметтеп, мақтанышпен еске алады. Қыз бен әпке ретінде ол нәзік, мейірімді әрі жұмсақ, әріптес пен дос ретінде – адал да әділ, ал жаттықтырушы ретінде – елгезек әрі мейірбан болатын. Сондықтан шәкірттері оны екінші анасындай көрді, өйткені ол әрқашан бәріне құшағын жайып, тыңдай білетін. Спорт мамандары Рәзия Төлеуқызының келуімен Самарада әйелдер футболына деген көзқарас толық өзгергенін сан мәрте айтқан. Оның шәкірттері үздіктер қатарынан көрініп, 2009 жылы 18 жасқа дейінгі чемпионатта Ресей чемпиондары атанды. Қазақстанда да, Ресейде де Рәзия Төлеуқызы Нүркенованы ерекше құрметпен еске алады. Мықты ойыншы және жоғары деңгейлі жаттықтырушы ретінде ол екі елдің әйелдер футболының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Рәзия Нүркенованың есімі халықаралық спорт қоғамдастығының арасында да биік. Бапкердің мезгілсіз қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатында ФИФА президенті Джанни Инфантино былай деген болатын: «Оның ЦСК ойыншысы және жаттықтырушысы, Ресей әйелдер жасөспірімдер құрамасының жаттықтырушысының көмекшісі, 2018 жылдан бастап Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері ретіндегі елеулі есімі алаңда да, басқа да жерде ешқашан ұмытылмайды. Оның орны бөлек еді». Есімін сақтар ел барда жақсының аты өшпейді. Рәзия Нүркенова –мінсіз шеберліктің, шыдамдылықтың, кәсіпқойлықтың, адамгершілік пен мейірімділіктің синонимі. Оның жарқын жолы әлемдік спорт тарихына жоғары кәсіби әрі бірегей ойыншы мен жаттықтырушының үлгісі ретінде енетіні анық.