Бахрейн Корольдігінде қыздарды жыныстық құлдыққа итермелеген Шымкенттің үш тұрғынына қатысты сот үкімі шықты. Жабық режимде өткен сот отырысында оларға 6 жылдан аса уақытқа бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – деп хабарлайды Otyrar.kz. Іс материалдарына сүйенсек, сотталған азаматтар арнайы схемамен жас қыздарды алдау арқылы шетелге алып кетіп отырған. Олар құрбандарына қонақүйде, бар және басқа да жерлерден жалақысы жоғары жұмыс тауып беруге уәде еткен екен. Алайда шетел асқан бойжеткендерді ондағы жеңгейтайға қомақты қаржыға сатып отырыпты. Бұл іс бойынша жәбірленушілер саны – жетеу. Олар бір жыл бойы жыныстық құлдықта болған. Белгілісі, онда өзге де елдердің азаматшалары құлдыққа болыпты. Басым бөлігі кезінде ТМД-құрамында болған ел тұрғындары екен. Қыздарды жеңіл жүріске салушылар жәбірленушілерді жабық ғимаратта күштеп ұстап, құжаттары мен ұялы телефондарын тартып алған. Тіпті бір-бірімен сөйлесуге рұқсат етпеген. Бахрейнде бұл қылмыстың басты ұйымдастырушысы ретінде Маджит есімді жеңгетай анықталды. Ол шымкенттік делдалдар арқылы қыздарды қомақты қаржыға сатып алып отырған.
«Іс материалдарына сәйкес Бахрейн Корольдігінде жүрген жәбірленушілер жеңгетаймен достасып та кеткен. Оның есімі – Маджит. Ол өзге де қыздарды тартуға көмектессеңдер, қомақты сыйақы беремін деп уәде беріпті. Бізде жалпы алғанда 3 қылмыстық іс қаралды. Барлығы осы Маджит арқылы шетелге жеткізіліп отырған», – деді Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының судьясы Сәбит Төреханов.Айта кетейік, Шымкентте Бахрейнде әйелдерді сексуалдық құлдыққа сату ісі бойынша тағы бір атышулы сот процесі жүріп жатыр. Бұл жолы трансұлттық қылмыстық топтың ұйымдастырушылары айыпталушылар қатарында. Жалпы саны – 16 адам. Олардың ішінде қазақстандық қана емес, Ресей мен Қырғызстан азаматтары да бар. Белгілісі, айыпталушылар 4 жыл бойы жас қыздарды алдау арқылы шетелге жіберіп, жыныстық қызмет көрсетуге итермелеп келген. Жәбірленушілер арасында кәмелет жасына толмағандар да бар. Күдіктілер өткен жылдың күзінде кезекті операция кезінде ұсталды. Бұл қылмыстық іс бойынша да сот процесі жабық режимде өтіп жатыр.