Токио-2020 олимпиадасында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 11 студенті мен түлегі бақ сынады. Олар жүзуден 2016 жылғы Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин, Виталий Худяков, Нұрдәулет Жұмағали, Олимпиаданың күміс және қола жүлдегері Елдос Сметов, Жансай Смағұлов, Данияр Қайсанов, Әлішер Ерғали, Олимпиаданың қола жүлдегері Игорь Сон, Жанна Мамажанова, Рио-де-Жанейро 2016 олимпиада ойындарының қола жүлдегері Эльмира Сыздықова, Санжар Мұсаев, Олимпиаданың қола жүлдегері Нұрислам Санаев. Токио-2020 Олимпиадасына қатысушы түлектер мен студенттер еліміздің әрі Қазақ Ұлттық университетінің абыройын асқақтап, өскелең ұрпаққа үлгі бола білген спортшылар. Олимпиада төрінде бірі туымызды көкке көтергенде ел болып бөркімізді аспанға атсақ, енді бірінің тілеуін тілеп халық болып қолдадық. Бұл қуаныш қара шаңырақ ҚазҰУ-дың да беделін көтере түсті. Дзюдошы Елдос Бақтыбайұлы ҚазҰУ-дың заң факультетін бітірген. Токио-2020 олимпиадасында 60 келі салмақта ел намысын қорғап, қола медальға қол жеткізді. Осы орайда, біз Елдос Сметовтың ұстазы, биофизика және биомедицина кафедрасының доценті, биология ғылымдарының кандидаты Зифа Асқарованы әңгімеге тарттық. – Университетімізді тәмамдап кеткен, әрі әлі оқуын жалғастырып жатқан барлық спортшылар біздің мемлекеттің намысы, һам мақтанышы. Ал біздер ұстаздар үшін қуаныш. Неге десеңіз баласы тұлпарға мінгенде «тақымын басып» отыратын біз де екінші анамыз. Міне, қанша жыл өтсе де студентім Елдос Сметов әлі күнге кешегідей есімде қалған. Оның да бір себебі, қаншалықты спорт шебері болса да адами құндылығының жоғары болғандығынан болар. Достарымен, курстастарымен тату-тәтті қарым-қатынаста болды. Менің «Адам физиолгиясы» атты пәніме бір жыл бойына қатысқан-ды. Ол кездің өзінде ол бірнеше олимпиадалар мен халықаралық, республикалық жарыстардан жүлделерге ие болып жүретін. Сондағысы, бойында «чемпионмын» дейтіндей мысқылдай мақтаныштың яки менмендіктің нышаны байқалмайтын. Ол жарысқа барып қанша шалдығып-шаршап қайтса да берілген тапсырманы орындайтын. Мен Елдос шәкіртімнің бұған дейінгі Рио-де-Жанейро 2016-да, Азия ойындарында, Әлем чемпионаттарында жеткен барлық жеңісі үшін қаймана халықтың бірі және ұстазы ретінде қуаныштымын. Студент кезінде жеткен жеңістіріне өзі де қуанатын, өзгені де қуанта білетін. Әлі де сол қалпынан таймай келе жатыр. Әлі де ұзаққа шабатынына сенем, – деп жауап берді ұстазы. Токио-2020 олимпиадасының тағы бір жүлдегері – Игорь Сон, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың денешынықтыру және спорт мамандығы бойынша білім алуда. Ол 61 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ауыр атлетикадан жұлқа көтеру және серпе көтеру жаттығуы бойынша 294 (131+163) келіні бағындырып, Қазақстан қоржынына қола медаль салды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев өз атынан және университет ұжымы атынан Елдос Сметов пен Игорь Сонның жеңістеріне құттықтауын жолдады. Еліміздің бедел-абыройын асқақтатқан ҚазҰУ студенттерінің спорттағы жетістіктерімен мақтана отырып, барлық спортшыларымыздың болашағына зор үміт артамыз!