Орал қаласы Самал-3 шағынауданындағы «Мичурин» бау-бақша қоғамының тұрғындары «ӨЖК Серик» ЖШС-нің Шаған өзені бойында құрылыс жүргізіп жатқанына наразы. Тұрғындардың арыз-шағымына байланысты «Nur Otan» партиясы облыстық филиал жанындағы партиялық бақылау комиссиясының және қоғамдық экологиялық кеңестің бірлескен отырысы өтті.
Аталмыш отырыста «Мичурин» бау-бақша қоғамы тұрғындарының арызы қаралды. Тұрғындар Орал қаласы Самал-3 шағынауданындағы Шаған өзенінің бойындағы құрылыс нысанын жүргізу жұмыстары нәтижесінде өзен жағасындағы ағаштардың кесілгенін айтты. Олар жерді тегістеу жұмыстары салдарынан өзен арнасы жіңішкеріп, табиғи экожүйеге зақым келтірілді деп есептейді. Сонымен қатар Шаған өзені ортақ пайдаланылатын объектіге жатқанымен, құрылыс учаскесінде өзен суын пайдалануға инвестор тыйым салып отырғанын да тілге тиек етті. – Самал-3 шағынауданындағы саяжай тұрғылықты мекенжай болып саналады. 2019 жылдан бері өзен бойында ойын-сауық аймағы пайда болды. Көпшілікке арналған көңіл көтеру орнында аттракцион бар. Жағажайда музыка дыбысы қатты естіледі. Осы құрылыс нысанын салмастан бұрын инвестор тұрғындармен ешқандай келісім жасаған жоқ. «ӨЖК Серик» ЖШС Шаған өзені қасына бөгет тұрғызды. Салдарынан өзен арнасы кебе бастады. Орман ағаштарының біраз бөлігін кесіп, сол жерді тегістеп тастады. Қазір ол жерде аң-құс азайып кетті. Біз талап ете бастағаннан кейін ғана су жіберетін қақпаны ашып, өзен арнасын сәл толтырып қойды, – деген Лариса Румянцева комиссия мүшелеріне фотоайғақтарды көрсетті. Шағым айтушылар құрылыс жүргізілген аумақ ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жер екенін баса айтты. «Мичурин» бау-бақша қоғамы бірнеше жыл бұрын осы учаскені игеру жөнінде ұсыныс айтқанымен, қала әкімдігі бұл жерді пайдалануға мораторий жарияланғанын, шектеу мерзімі аяқталуын күтуді ұсынған. Бірақ Шаған өзені бойындағы аумақ инвестор қолына өткен. AQJAIYQ әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы АҚ шешімімен 2020 жылы «ӨЖК Серик» ЖШС «Самал шағынауданында жағалау бекіту және су жинау құрылысын жүргізу және жағжай салу» инвестициялық жобасы қолдау тапқан. Ал мичуриндіктер құрылыс нысанына қатысты мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізілмегенін жазған.Әбілмансұр ЖАСАН