Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Telegram желісіндегі ресми арнасы жуырда Шымкент қаласы Мәдениет басқармасының лауазымды тұлғалары аса ірі көлемде пара беруге әрекет жасады деген күдікпен ұсталғанын жариялады. Бірақ нақты кім екені, басқарманың өзінің қызметкері ме, әлде оған қарасты мекемелердің басшылары мен лауазымды тұлғалары ма, ол жағын ашып айтпады. Ал бұқара пара бермек болған шендінің кім екенін біле алмай әуре.
Онда «Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі агенттікпен бірге Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының лауазымды тұлғаларын әшкереледі. Олар мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тоқтатқаны үшін 80 млн теңге сомасында аса ірі мөлшерде пара беруге әрекет жасады деп күдіктелді» деп жазылған. Бүгінде аталған тұлғалар ұсталып, Шымкент қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына қамалған. Іс бойынша тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Алайда бұл ақпарат тараған соң Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы ресми мәлімдеме жасады. «Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та жарияланған материалдарға сәйкес мынаны мәлімдейміз: Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының лауазымды тұлғалары (басшы, басшының орынбасарлары) барлығы жұмыс орнында екенін назарларыңызға жеткіземіз. Сонымен қатар еңбек демалысында жүрген 3 маманнан басқа қызметкерлер де түгел жұмыс орнында. Басқармаға құқық қорғау органдары тарапынан ресми хат келіп түскен жоқ» делінген Шымкент қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының Instаgrаm-дағы ресми парақшасында. Сөйтіп, басқарманың лауазымды тұлғалары жұмыста екенін мәлімдеп үлгерді. Бірақ басқармаға қарасты бірнеше мекемедегі лауазымды тұлғалар түгел ме, мәселе сонда болып тұр. Әдетте мекеме басшылары мен олардың орынбасарлары, тіпті бас есепшілері де лауазымды тұлғалардың қатарына жатады. Антикор жариялаған ақпаратта дәл осындай лауазымдағы тұлғалардың бірі туралы айтылған болуы ғажап емес. Ал ұсынылған 80 миллион деген аз ақша емес. Біздің пайымдауымызша, дәл мұндай ірі сома кемі жартымиллиардтық есепті жабу үшін берілсе керек. Егер жымқырылған ақшаның 5-10 мың доллар, тіпті 100 мың доллар болғанның өзінде оны жабуға 80 миллион теңге ұсыну қисынсыз болар еді. Бұл сомаңыз 200 мың долларға жақын. Демек, кім де болса, өте көп мөлшердегі бюджет қаржысының жымқырылуы мен ысырабы үшін қозғалған істі жабуға талпынған деген сөз. Тіпті, ұсталған тұлғалар өздерінен жоғары тұрған шенділердің тапсырмасын орындаған болуы да мүмкін. Өйткені Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты кітапхана, музей сияқты мекемелер үшін бұл сома өте қомақты. Әрі әдетте олар мол қаржыны игеруге қатыстырыла да бермейді. Бәлкім, содан да шығар, шымкенттіктер арасында қазір түрлі болжам айтылып жүр. Олардың бірқатары Наурыз мейрамы үшін жұмсалған 565 миллион теңгенің ізін жасыруға бағытталған іс болуы мүмкін екенін айтады. Дегенмен мәселенің ақ-қарасы тергеу аяқталған соң белгілі болары сөзсіз. Ал әзірге жұрт бал ашып қана жүр. Айтпақшы, Шымкентте Наурыз мерекесін тойлауға 565 миллион теңге жұмсалған деген шудың шыққанына біраз болды. Осы қаржыға тапсырыс беруші – «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы» МКҚК болып танылған. Басшысы Сәкен Майғазиев. Бұл туралы Zertteu_kz жобасы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Барлық сатып алу тікелей бір көзден алу тәсілімен өткені де заңсыз екені айтылған. Кейін әкімдікке жақын құрылымдар мен шенділерді жақтаушы блогерлер «мұншама қаржы жұмсалған жоқ, ол жылдық шараларға бөлінген сома» дегенге саясатын түрлі уәж айтқан еді.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы