Соттың өзі сотталып жатыр. Иә, Қарағандыда өзгеге үкім шығаратын сот істі болып, бас бостандығынан айырылды.
Биылғы 6 айда Қарағанды облысы соттарына 1 128 қылмыстық іс келіп түскен. Бұл 2020 жылға қарағанда 8 іске көп. Оның 916-ы адам сотына қатысты. 782 іс үкім шығарумен ғана шектелсе, 887 істе 801 адам сотталды. Олардың қатарында судья да бар. Бірақ ол жалғыз емес, сыбайласымен бірге сотталды.Бір қылмыс – екі сотталушы
Сот процесі мамырда басталды, сотталушылар ақпан айынан бері уақытша қамау изоляторында отырған болатын. Міне, 10 тамызда Қарағандыда парақорлық жасады деп айыпталған судья мен заңгер ісі бойынша үкім шықты. Сот Қарағанды облыстық ауданаралық экономикалық сот судьясы Ержан Ғабдуллин «Оливия» компаниясының заңгері Елена Кантер-Скрипкинадан пара ретінде 10 мың еуро және 3 миллион теңге ақша алған» деген қорытынды жасады. Судья Ғабдуллин «алаяқтық жасады» және «пара алуға итермеледі» деп айыпталып, 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілсе, заңгер Кантер-Скрипкина «пара беруге тырысты» деген айыппен 3 жылға түрме жазасын алды. Судьяның пәтерін тінту кезінде табылған 10 мың еуро мен 3 миллион теңге мемлекет есебіне тәркіленді. – Ғабдуллинге қатысты сот оның антты бұзғанын және қылмысы сот билігінің беделін түсіретінін қаперге алды. Сондықтан сот оны 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кескен дұрыс деп тапты. Ал Кантер-Скрипкина бойынша, сот оның кінәсін мойындап, ісіне өкінетінін, тергеуге көмектескенін, қылмысты ауырлататын жағдайлардың жоғын ескеріп, үш жыл бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі. Екі сотталушы да өмір бойы мемлекеттік қызметте еңбек ету құқығынан айырылды, – дейді судья Саян Аққожин.Бәрі де жемқорлықтың салдары
Тергеу мәліметтері бойынша, арендалық тұрғын үй құрылысы бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесін даулап жатқан «Оливия» ЖШС өкілі, заңгер Кантер-Скрипкина судья Ғабдуллиннен өзі қалайтын шешім шығаруға атсалысуды сұраған. «Басқа судья қарап жатқан іс бойынша жағымды шешім шығартуға көмектесемін деп уәде берген Ғабдуллин 10 мың еуро және 3 млн теңге көлемінде пара алған» делінген сот материалында. Кантер-Скрипкина айыбын мойындап, өкінетінін айтқан. Ал Ғабдуллин кінәсін мойындамайтынын, ақшаны ескі танысы Кантер-Скрипкина «мазасын алып, қоңырау шала бермес үшін» уақытша алып, кейін қайтарып бермек болғанын айтты. Бұрынырақ болған жарыссөзде мемлекеттік айыптаушы Ғабдуллинді 6 жылға, ал Кантер-Скрипкинаны 3 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Ғабдуллиннің қорғаушысы оны толық ақтауды өтінсе, Кантер-Скрипкинаның адвокаты жеңіл жаза беруді сұраған. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді қазақ, ол барлық тәрбие бесіктен басталады дегені. Ал «Ет сасыса тұз себеміз, тұз сасыса не себеміз?» деп ашынғанда айтқан. Әділ деген сотымыз сотталып жатыр. Енді не дер екенбіз?Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы