Азық-түлік бағасы аспандап барады
Азық-түлік бағасы аспандап барады
215
оқылды

Жыл басынан бері шарықтаған азық-түлік бағасы халықтың қалтасын қағып жатыр. Ал күн сайын құбылатын бағаны бақылауда ұстауға Сауда және интеграция министрлігінің шамасы жетпей отыр. Министрлік енді азық-түлік экспортына тыйым салу арқылы бағаны сақтап қалудың амалына көшуді жоспарлады. Сұранысқа сай тауарлардың бағасын өз қалауы бойынша көтеретін кәсіпкерлерге бұл тәсіл әсер ете ала ма? Азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін сарапшылар қандай кеңес береді?

Қолданыстағы тәсіл көңіл көншітпейді

Өткен айда Үкіметтің кеңей­тілген отырысында Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеу­меттік маңызы бар азық-тү­лік бағасын ұстап тұру жұмысына көңілі толмайтынын айтқан бо­ла­тын. Айтуынша, жергілікті бюд­жеттен сауда желілеріне азық-түлік тауарларын арзанға сату үшін 30 млрд теңгеден астам іс жүзінде тегін қарыз бөлінді. Алайда қазіргі әлеуметтік маңы­зы бар азық-түлік тауарларының ба­ғасын ұстап тұру құралдары тиім­сіздігін көрсеткен. Қол­да­ныс­тағы шаралардың нарыққа әсері 1-4% аралығында ғана екенін ескертті. Сон­дай-ақ тұрақтандыру қор­ларында да жағдай осындай. Тұрақтандыру қорлары өнім­дері­нің нарықтағы үлесі 4%-дан ас­пай­ды. Демек, бұл қорлар ар­қы­лы бағаға әсер етуге тырысу да тым тиімді тәсіл емес. Сондықтан бағаны өсірмеудің өзге тәсілдері қарастырылғаны абзал. Айталық, Президет әкімдерге орталықтың айтқанына бас шұлғи бермей, өз­дігінше әрекет ету керегін үйре­нуге кеңес берген. Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, қол­даныстағы құралдардың тиім­­ділігін бағалауды және не­ғұр­лым тиімді шаралар пакетін ұсынуды тапсырған-ды. Одан бөлек атқамінерлерді азық-түлік нарығындағы делдалдармен қоян-қолтық жұмыс істеуге ша­қырған болатын. Ал Бәсекелес­тік­ті қорғау және дамыту агенттігі әкімдермен бірлесіп өңірлерде осындай делдалдық схемаларды тек­серу жөніндегі комиссия құруы тиіс. Бұл жұмысқа Қаржы мониторингі агенттігі де қосылып, азық-түлік бағасының нәтижесі туралы хабарлап тұруы қажет еді. Соның ішінде ірі қалалардың кө­терме сауда нарықтарына ерек­ше назар аудару керек. Сөй­тіп, алдымен бағаның өсу дина­ми­касын, себептерін анықтап, баға­ның көтерілуіне ықпал ететін факторларды дер кезінде біліп отыру керек еді. Бәлкім содан соң ғана Үкімет жұмыстарынан нә­­тиже шығуы мүмкін. Бірақ әзір­ге атқарушы билік Прези­дент жүктеген міндеттерді то­лық орын­даған жоқ, тек бағаны ұстап тұру бағытында имитация жа­сап жат­қандай көрінеді. Сырт көзге.

Жұмыс жоспарға сай ма?

Былтыр азық-түлік бағасын ұс­тап тұруға бірнеше млрд теңге қаржы бөлініпті. Бірақ бөлінген қаржы азық-түлік бағасын тұрақтандыра ал­маған. Сауда және интеграция ми­нистрлігі берген мәліметке сүйен­сек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларына апта сайын мониторинг жүргізіледі. Сөйтіп, бағаның қаншаға өскенін тіркеп отыру керек. Айталық, өткен ай­дағы жағдай бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары­ның бағасы жыл басымен салыстыр­ғанда 10 пайызға өскен. Жыл басынан бері сәбіз – 175,5 пайыз, картоп – 67,7 пайыз, күн­бағыс майы –21,9 пайыз, пияз –19,9 пайыз, қарақұмық жармасы – 12,8 пайыз, қант 11,2 пайызға қымбат­тапты. Әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың 16-сы бойынша баға өсімі байқалған. Десе де, кеспе бағасы тұрақты. Ал күріш –7,7 пайыз, жұ­мыртқа 6,1 пайызға арзандаған. Бірақ соңғысының былтыр жыл ая­ғында қатты қымбаттағанын ми­нистр­лік назарға алмаған сияқты. Жыл басында жұмыртқа бағасы шарықтаған еді. Енд 6,1 пайызға ар­зандаса былтырғы бағасының дең­гейіне түскен жоқ деген сөз. Ал рес­ми ақпараттарда «баға төмендеді» деп береді. Бұқараның көңілін ау­лауға таптырмас тәсіл. Енді министрліктің бағаның өсу себептерін түсіндірген қисынына үңілейік, Тиісті мекемелер көкөніс­тердің маусымдық баға өсімі ішкі қорлардың қысқаруы мен қымбат бағадағы импорттың әсерінен де болып отыр деп біледі. Сондықтан азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптас­тыру және «айналым схемасы» шеңберінде жеңілдікті қарыздар беру арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу шараларын қарас­тырыпты. Айталық, жыл басынан бері тұрақтандыру қорларынан 24,5 мың тонна азық-түлік нарыққа шы­ға­рылса, қорға 9,3 мың тонна сатып алынған. азық-түлік Өткен айдағы жағдай бойынша тұрақтандыру қорларында 18,7 мың тонна әлеуметтік маңызы бар тауар­лар, оның ішінде ұн – 9,7, қант – 3,3, макарон – 1,4, сондай-ақ 0,9 мың тонна күріш бар. Бұдан бөлек, 31,8 мың тонна тауар, оның ішінде 15,9 мың тонна картоп, 5,3 мың тонна пияз, 5,3 мың тонна сәбіз және т.б. жет­кізуге форвардтық шарттар жаса­лыпты. Жергілікті бюджеттерден «ай­налым схемасы» бойынша жеңіл­дік­ті қарыздар беруге 33,2 млрд теңге бөлінген. Бағалардың маусымдық ауытқуы кезінде тұрақтандыру қор­ла­рындағы әлеуметтік маңызы бар тауарлар нарықтық бағадан 20-30%-ға төмен, «айналым схемасы» шең­беріндегі тауарлар нарықтық бағадан 25-40%-ға арзан бағада сатылады. Бұлар бұқараға жария қылғанға жақ­сы көрсеткіштер. Алайда тұрақтан­дыру қорлары өнімдерінің нарықта­ғы үлесі 4 пайыздан аспайтынын сөз басында айттық. Демек, Үкімет пен әкімдіктердің бағаны тұрақтандыруға шамасы жете қоймайтын тәрізді. Өйткені механизмі әлі де болса ескі.

Экспортқа тыйым салынбақ

Азық-түлік бағасын тұрақтан­дыру жөніндегі жұмыс шеңберінде экспортқа тыйым салу шаралары енгізілуі мүмкін. Сауда және инте­гра­ция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, ведомство азық-түлік бағасын ұстап тұра алмайтын кө­рінеді. Бар мәселе – азық-түлік қауіп­сіздігі көрсеткіштерін уақыты­лы қамтамасыз ету. Ал бұл үшін өнім болуы керек. Осы бойынша минис­тр­лік жұмыс істеп жатса керек. Оның сөзінше, мемлекеттік органдарды дер кезінде ақпараттандыру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігімен және басқа да мемлекеттік органдар­мен бірлесіп арнайы ақпараттық жүйе құрылады. Онда азық-түлік нарығындағы ахуал бойынша жедел деректер жинақталмақ. Соның не­гізінде тиісті шаралар қабыл­данбақ. Атап айтқанда экспортқа тыйым салу құралдары пайдаланылуы мүм­кін. Бұдан басқа, ел аумағынан ұсақ және ірі қара малдың аналық басын алты ай мерзімге әкетуге уақытша ты­йым салынды. Осылай деген ми­нистр тұрақтандыру қорлары нарық­тың 2-3 пайызын ғана жабады және азық-түлік бағасына әрдайым тиімді әсер ете алмайтынын айтты. Демек, Үкіметтің өзі тұрақтандыру қорлары­ның нарықтағы үлесін әлі де толық анықтай алмағаны белгілі болды. Министрлік бірде 4 пайыз десе, енді бірде 2-3 пайыз дейді. Ал нарықтағы бағаны тұрақтандыру үшін қолдана­тын қордың үлесін білмеу, одан қалса бірлескен ақпараттық жүйе құрамыз деу бағаны ұстап тұра алмайды.

Күрделі өзгеріс болмайды

Экономист Мақсат Сералы ішкі нарықты отандық өніммен 90 пайыз қамта­масыз ету ғана бағаның тұрақ­тануына септігін тигізуі мүмкін еке­нін тілге тиек етті. Айтуынша, қазір ет өнімдерін экспорттауға тыйым салу қарастырылып жатыр. Бірақ ет өнім­дері ішкі нарықты толық қам­тамасыз етпейді. Оның үстіне, ком­паниялар­дың шетелге шығару бойынша өз ке­лісімшарттары бар. Бұл шектеу ке­лісімшартқа зардабын тигізе ме, оны да қарастыру керек. Әйт­песе, жеткізу бойынша келісім­шартты орындамаға­ны үшін кейбір елдердің «қара тізі­міне» жазылып кетуі мүмкін. Одан бө­лек, ауыл ша­руашылығында шөп тап­шылығы туындап тұр. Бұл да ет өнімі, жалпы азық-түлік бағасына әсер етеді. «Қой еті базарларда 3 мың­нан асып кетті. Алдыңғы аптада ғана 3 200 еді, бұл аптада – 3 600. Сұраныс көп. Меніңше, экспортқа тыйым салу бағаның тұрақтауына күрделі өзгеріс әкелмейді», – дейді экономист.

Қайтпек керек?

Экономистің пікірінше, Еура­зиялық Одақ, ДСҰ-ның шарттарын қатаң орындай отырып, жеңілдік жасауды қолға алған жөн. «Қазақ­стан­дағы сол категориядағы тауарлар өндірілетін болса, шетелден келетін импорттық тауарларға белгілі бір шектеу жасау керек. Бұл отандық кәсіпорындардың дамуына алып келеді. Сөйтіп, отандық өнімдер іш­кі нарықты қамтамасыз ете бастайды. Өйткені қазір бағаның өсуі тікелей ішкі нарықты қамтамасыз етпеудің салдарынан болып тұр. Доллармен келетін импорттық тауарларды тұ­тынамыз», – дейді экономист Мақсат Сералы. Екіншіден, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын қоймалар жоқ. «Көкөніс, жеміс-жидек пен мал өнім­дері болсын, қысқы уақытқа де­йін жет­кізетін қойма тапшы. Қа­зіргі жағ­дайда шаруалардың өз өнім­дерін сақтайтын қойма жасауға жағ­дайы жоқ. Сол үшін жергілікті әкім­діктер шаруалардың жағдайын жасап, бірақ қысқы уақытта осынша бағамен сата­сыздар деген келісім жасау тиімді болады», – деп санайды экономист.

Жадыра МҮСІЛІМ