Жыл басынан бері шарықтаған азық-түлік бағасы халықтың қалтасын қағып жатыр. Ал күн сайын құбылатын бағаны бақылауда ұстауға Сауда және интеграция министрлігінің шамасы жетпей отыр. Министрлік енді азық-түлік экспортына тыйым салу арқылы бағаны сақтап қалудың амалына көшуді жоспарлады. Сұранысқа сай тауарлардың бағасын өз қалауы бойынша көтеретін кәсіпкерлерге бұл тәсіл әсер ете ала ма? Азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін сарапшылар қандай кеңес береді?
Қолданыстағы тәсіл көңіл көншітпейді
Өткен айда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын ұстап тұру жұмысына көңілі толмайтынын айтқан болатын. Айтуынша, жергілікті бюджеттен сауда желілеріне азық-түлік тауарларын арзанға сату үшін 30 млрд теңгеден астам іс жүзінде тегін қарыз бөлінді. Алайда қазіргі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру құралдары тиімсіздігін көрсеткен. Қолданыстағы шаралардың нарыққа әсері 1-4% аралығында ғана екенін ескертті. Сондай-ақ тұрақтандыру қорларында да жағдай осындай. Тұрақтандыру қорлары өнімдерінің нарықтағы үлесі 4%-дан аспайды. Демек, бұл қорлар арқылы бағаға әсер етуге тырысу да тым тиімді тәсіл емес. Сондықтан бағаны өсірмеудің өзге тәсілдері қарастырылғаны абзал. Айталық, Президет әкімдерге орталықтың айтқанына бас шұлғи бермей, өздігінше әрекет ету керегін үйренуге кеңес берген. Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, қолданыстағы құралдардың тиімділігін бағалауды және неғұрлым тиімді шаралар пакетін ұсынуды тапсырған-ды. Одан бөлек атқамінерлерді азық-түлік нарығындағы делдалдармен қоян-қолтық жұмыс істеуге шақырған болатын. Ал Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі әкімдермен бірлесіп өңірлерде осындай делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссия құруы тиіс. Бұл жұмысқа Қаржы мониторингі агенттігі де қосылып, азық-түлік бағасының нәтижесі туралы хабарлап тұруы қажет еді. Соның ішінде ірі қалалардың көтерме сауда нарықтарына ерекше назар аудару керек. Сөйтіп, алдымен бағаның өсу динамикасын, себептерін анықтап, бағаның көтерілуіне ықпал ететін факторларды дер кезінде біліп отыру керек еді. Бәлкім содан соң ғана Үкімет жұмыстарынан нәтиже шығуы мүмкін. Бірақ әзірге атқарушы билік Президент жүктеген міндеттерді толық орындаған жоқ, тек бағаны ұстап тұру бағытында имитация жасап жатқандай көрінеді. Сырт көзге.Жұмыс жоспарға сай ма?
Былтыр азық-түлік бағасын ұстап тұруға бірнеше млрд теңге қаржы бөлініпті. Бірақ бөлінген қаржы азық-түлік бағасын тұрақтандыра алмаған. Сауда және интеграция министрлігі берген мәліметке сүйенсек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларына апта сайын мониторинг жүргізіледі. Сөйтіп, бағаның қаншаға өскенін тіркеп отыру керек. Айталық, өткен айдағы жағдай бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы жыл басымен салыстырғанда 10 пайызға өскен. Жыл басынан бері сәбіз – 175,5 пайыз, картоп – 67,7 пайыз, күнбағыс майы –21,9 пайыз, пияз –19,9 пайыз, қарақұмық жармасы – 12,8 пайыз, қант 11,2 пайызға қымбаттапты. Әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың 16-сы бойынша баға өсімі байқалған. Десе де, кеспе бағасы тұрақты. Ал күріш –7,7 пайыз, жұмыртқа 6,1 пайызға арзандаған. Бірақ соңғысының былтыр жыл аяғында қатты қымбаттағанын министрлік назарға алмаған сияқты. Жыл басында жұмыртқа бағасы шарықтаған еді. Енд 6,1 пайызға арзандаса былтырғы бағасының деңгейіне түскен жоқ деген сөз. Ал ресми ақпараттарда «баға төмендеді» деп береді. Бұқараның көңілін аулауға таптырмас тәсіл. Енді министрліктің бағаның өсу себептерін түсіндірген қисынына үңілейік, Тиісті мекемелер көкөністердің маусымдық баға өсімі ішкі қорлардың қысқаруы мен қымбат бағадағы импорттың әсерінен де болып отыр деп біледі. Сондықтан азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және «айналым схемасы» шеңберінде жеңілдікті қарыздар беру арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу шараларын қарастырыпты. Айталық, жыл басынан бері тұрақтандыру қорларынан 24,5 мың тонна азық-түлік нарыққа шығарылса, қорға 9,3 мың тонна сатып алынған.Экспортқа тыйым салынбақ
Азық-түлік бағасын тұрақтандыру жөніндегі жұмыс шеңберінде экспортқа тыйым салу шаралары енгізілуі мүмкін. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, ведомство азық-түлік бағасын ұстап тұра алмайтын көрінеді. Бар мәселе – азық-түлік қауіпсіздігі көрсеткіштерін уақытылы қамтамасыз ету. Ал бұл үшін өнім болуы керек. Осы бойынша министрлік жұмыс істеп жатса керек. Оның сөзінше, мемлекеттік органдарды дер кезінде ақпараттандыру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігімен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп арнайы ақпараттық жүйе құрылады. Онда азық-түлік нарығындағы ахуал бойынша жедел деректер жинақталмақ. Соның негізінде тиісті шаралар қабылданбақ. Атап айтқанда экспортқа тыйым салу құралдары пайдаланылуы мүмкін. Бұдан басқа, ел аумағынан ұсақ және ірі қара малдың аналық басын алты ай мерзімге әкетуге уақытша тыйым салынды. Осылай деген министр тұрақтандыру қорлары нарықтың 2-3 пайызын ғана жабады және азық-түлік бағасына әрдайым тиімді әсер ете алмайтынын айтты. Демек, Үкіметтің өзі тұрақтандыру қорларының нарықтағы үлесін әлі де толық анықтай алмағаны белгілі болды. Министрлік бірде 4 пайыз десе, енді бірде 2-3 пайыз дейді. Ал нарықтағы бағаны тұрақтандыру үшін қолданатын қордың үлесін білмеу, одан қалса бірлескен ақпараттық жүйе құрамыз деу бағаны ұстап тұра алмайды.Күрделі өзгеріс болмайды
Экономист Мақсат Сералы ішкі нарықты отандық өніммен 90 пайыз қамтамасыз ету ғана бағаның тұрақтануына септігін тигізуі мүмкін екенін тілге тиек етті. Айтуынша, қазір ет өнімдерін экспорттауға тыйым салу қарастырылып жатыр. Бірақ ет өнімдері ішкі нарықты толық қамтамасыз етпейді. Оның үстіне, компаниялардың шетелге шығару бойынша өз келісімшарттары бар. Бұл шектеу келісімшартқа зардабын тигізе ме, оны да қарастыру керек. Әйтпесе, жеткізу бойынша келісімшартты орындамағаны үшін кейбір елдердің «қара тізіміне» жазылып кетуі мүмкін. Одан бөлек, ауыл шаруашылығында шөп тапшылығы туындап тұр. Бұл да ет өнімі, жалпы азық-түлік бағасына әсер етеді. «Қой еті базарларда 3 мыңнан асып кетті. Алдыңғы аптада ғана 3 200 еді, бұл аптада – 3 600. Сұраныс көп. Меніңше, экспортқа тыйым салу бағаның тұрақтауына күрделі өзгеріс әкелмейді», – дейді экономист.Қайтпек керек?
Экономистің пікірінше, Еуразиялық Одақ, ДСҰ-ның шарттарын қатаң орындай отырып, жеңілдік жасауды қолға алған жөн. «Қазақстандағы сол категориядағы тауарлар өндірілетін болса, шетелден келетін импорттық тауарларға белгілі бір шектеу жасау керек. Бұл отандық кәсіпорындардың дамуына алып келеді. Сөйтіп, отандық өнімдер ішкі нарықты қамтамасыз ете бастайды. Өйткені қазір бағаның өсуі тікелей ішкі нарықты қамтамасыз етпеудің салдарынан болып тұр. Доллармен келетін импорттық тауарларды тұтынамыз», – дейді экономист Мақсат Сералы. Екіншіден, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын қоймалар жоқ. «Көкөніс, жеміс-жидек пен мал өнімдері болсын, қысқы уақытқа дейін жеткізетін қойма тапшы. Қазіргі жағдайда шаруалардың өз өнімдерін сақтайтын қойма жасауға жағдайы жоқ. Сол үшін жергілікті әкімдіктер шаруалардың жағдайын жасап, бірақ қысқы уақытта осынша бағамен сатасыздар деген келісім жасау тиімді болады», – деп санайды экономист.Жадыра МҮСІЛІМ