Жалған транзит жарға жығады
Жалған транзит жарға жығады
132
оқылды

Жалған транзит елімізді қарайған кірістен қағып отыр. Екі жылда Қазақстан қос көрші Ресей мен Қырғыз Республикасы кесірінен 26 млрд теңгеден айырылды. Жалған транзит – импортқа төленетін ҚҚС-дан жалтару схемасы. Құжатта транзит деп көрсетілетін тауарлар шындығында елімізде қалып қояды. Осылайша, олардан кедендік алым алынбай қалады.

Шектеу кезінде де жалған транзит жойылмады

2021 жылдың қаңтар-сәуір айы аралығында жалған тран­зит­тің 440 дерегі тіркелген екен. Оның 274-і Ресей, 166-сы Қыр­ғыз Республикасы тарапынан бол­ған. Ал оның алдындағы 2019-2020 жылдары мұндай әре­кет­тер Ресейден 11,3 мың рет, Қыр­ғыз Республикасынан 9 мың рет анықталыпты. «Қабыл­данған кешенді ша­ралар нәтижесінде соңғы екі жыл­да жалған транзит деректерін азай­туға қол жеткіздік. 2019 жы­лы 28 пайызға, 2020 жылы 12 пайыз­ға азайды. Ал жыл басынан бергі төрт айда бұл көрсеткіш 1,9 пайызға қысқарды. Соның ар­қа­сында 2019 жылы ЕАЭК ел­дері­нен түсетін ҚҚС қарқыны ар­тып, 2019 жылы 122 пайыз бол­ған не­месе 122 млрд теңгеге ар­тып, 668 млрд теңгеге жетті. Ал 2020 жылы ол тек өсумен болды, яғни 139 пайызға немесе 113 млрд тең­геге артты. 2020 жылы бизнестің белсен­ді­лі­гі төмендегеніне қарамастан, ЕАЭК елдерінен түсетін ҚҚС көлемі азайған жоқ. Одан басқа 2020 жылдың ЕАЭК елдерінен ке­летін тауарлар бойынша түсім­дер сомасы үшінші елдерден ке­ле­тін соған ұқсас кірістерден 34 млрд теңгеге асып түсті», – делін­ген Қаржы министрлігі Мемле­кет­тік кірістер комитетінің ашық ақ­парат көздеріндегі хабарла­ма­сында. Мемлекетік орган, сондай-ақ та­сы­мал­даушылар заңды бұза отырып, қандай тауар түрлерін көбірек әкелетінін де ай­тып отыр. Мәселен, 2019-2020 жылдары Ресейден әке­лінген тауарлардың ішінде ағаш өнімдерінің (23 пайыз), азық-тү­ліктің (15 пайыз), Қырғыз Республика­сынан халық тұтынатын тауар­лар­дың (30 пайыз), жеміс-жидектің (23 па­йыз) үлесі анағұрлым көп.

Көлеңкелі тауар айналымы артқан

Еліміздің мүддесін қорғау үшін Мем­лекеттік кірістер комитеті 2019 жылдың 16 қаңтарынан бастап ЕАЭК елдерімен шекараға өз қызметкерлерін қойған екен. Осындай мо­ниторинг нәтижесінде, кедендік қадаға­лауды алып тастап, эко­но­микалық кеңес ая­сында тауар айналы­мының еркін режимін енгізгелі салық төлеуден жалтарудың түрлі схе­малары, соның ішінде жалған транзит әдісі пайда болған. Соның ішінде транзит деп көрсетілген тауарларды алым-салығын тө­лемей Қазақстанда қалдыруды көз­дейтін көлеңкелі тауар айналымының үлесі көбірек болып тұр. Көлеңкелі та­сымалдың жолын кесудің бір жолы – навигациялық пломбалар ілу. Сондай-ақ 2020 жылдың соңында им­порттан бастап бөлшек саудаға дейінгі немесе экспортқа дейінгі кесіп өтетін жолын қада­ғалау үшін тауарларға арнап ілеспелі жүкқұжат енгізу бойынша пилотты жоба қолға алынған болатын «Біздің жүргізген жұмыстарымыздың нә­тижесінде еліміз арқылы өтуі тиіс жүк­тердің 17 пайызы Қазақстанда қалып қоя­тыны анық­талды. Бұл транзиттік та­сымалдағы әр­бір алтыншы жүк деп айтуға болады. Оларға навигаиялық пломбалар арқылы бақылау қойылған. Бұл мақсатта Қаржы министрлігі тарапынан 2 000 навигациялық пломбаларды жалға алуға 2021 жылдың бюджетінен 214,8 млн теңге қарастырды. Бірақ тасымалдаушы­лар ол талапқа бағынғысы келмейді, жүр­гізу­шілер пломбаларды жұлып тастайды. Өйт­кені оларға оны тағып жүруді заң мін­деттемейді. Осы жоба басталғалы ЕАЭК ел­де­рінен келе жатқан жүктердің пломба­ла­ры жұлынған 61 дерек тіркел­ді. Осылай­ша, біз түсетін са­лықтардан бө­лек, оларды қадағалауға жұмсап отырған қаражат түрінде де шығынға ұшырап отырмыз. Сондықтан да бұл мәселені біз ЕАЭК аясында көтердік. Ресей мен Қырғыз Республикасы елдерінің салық қызметтері мен жалған транзиттің ҚҚС салығын төлеу туралы жұмыстар жүр­гізіліп жатыр. Сон­дай-ақ Қазақстанның бастама таны­туымен бұл мәселе «Еура­зиялық экономи­калық ықпал­дастықтың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағы­тына» енгізілді», – деп хабарлайды МКК өкілдері. тарнзит тауар Әйтсе де, навигациялық пломбаның кө­мегі көп болып тұр. Асауға тұсау болған бұл те­тіктің арқасында бүгінде бюджетке 1,4 млрд теңге түскен. Осы күшейтілген салықтық ша­ралардың арқасында ЕАЭК елдері тара­пынан жалған тразит үлесі 2019 жылғы 23 пайыздан 2020 жылы 7 пайызға түскен.

Ел игілігіне қарсы қылмыс

Бұған дейін кеден саласындағы заңна­маларға өзгерістер енгізіледі деп хабар­ланған болатын. Соған сәйкес ел Прези­денті кеден­дік реттеу және кәсіпкерлік қызмет бойынша өзгерістер енгізілген заңға қол қойды. Енді жаңа өзгерістерге сәйкес, камералық кедендік тексеру алты айдан екі айға дейін қысқармақ, сондай-ақ аяқтай шығып тексеру шараларына да шектеу қойылмақ. Мұның барлығы кеден саласындағы жемқорлықты тыюға және мем­лекеттік қызметтерді көрсету мер­зімін қыс­­қартуға бағытталған. Мамандар кеден сала­сын­дағы өзгерістер шектеу мен тыюдан тұр­мау керегін айтады. Шындап келгенде, жал­ған транзит – еліміздің эко­номикалық қауіп­сіздігіне қарсы жасалып жатқан қылмыс. «Менің ойымша, транзит жүктердің Қа­зақстанда қалуына қазақстандық бизнес­мендер мүдделі. Өйткені олар үшін бұл арзан­ға шығар еді. Сонымен қатар елімізде мұндай жағдайдың болуы бұл жерде таза жемқорлық факторы бар еке­нін білдіреді. Ендеше, таяқ­тың екі ұшы бар демекші, мұндай әрекеттер бюджетке зиян. Транзиттік жүктерден тек жол ақы­сы алынады да, қалған импорттық алым-салықтар алынбайды. Сондықтан да, бұл тауарларды кеден қоймаларына алып бару керек те, оны импорт деп тіркеп, қосымша құн салығы мен кеден төлемдері төленгеннен кейін ғана саудаға шығару керек болмаса Кеден кодексі бойынша кез келген жағдайда тәркіленіп алынып, мәселен сауда нүк­те­лерінен кеден қойма­ларына апару қажет. Егер тасымалдау­шылардың мемлекетке келтірген зияны белгілі бір сомадан асып кетсе, бұл қыл­мысқа жатады», – дейді экономист Сапарбай Жобаев. Шындығын айтқанда, бұл мәселеде ке­деншілердің дәрменсіздігі байқалады. Болмаса, құжат әуелден-ақ өтірік толты­рылады. Жүктің елімізде қалатыны анық. Сондықтан да бұл мәселені шешу үшін өтірік құжатта көрсетілген тран­зиттің екінші ше­тіндегі компания да белгілі бір дәрежеде жаза тарту керек. Бірақ әзірге ондай шешімді та­лап етуге кеден қыз­ме­тінің құзыреті жетпейді. Заң­дағы соңғы өзгерістер тек ішкі рет­теуге арналған. «Еуразиялық экономикалық кеңес ая­сында тауарларды сыныптарға бөлу, навига­циялық пломбаларды қолдануда бірыңғай ұлттық оператор тағайындау сынды жаңа өзгерістер бар. Сондай-ақ заңға тәуекелдер мәртебесінің талапта­рын анықтау туралы ұғым енгізілгелі жатыр. Олардың конфиден­циалды және конфиденциалды емес кри­терийлерін анықтау мүмкіндіктері бекітілмек. Ал екінші деңгейлі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға ма­­мандандырылған ұйымдарға борыш­тарды қайта құрылымдауға, сыйақылар мен борыш­тарды есептен шығаруға, тұрақсыздық айып­тарын алып тастауға өкілеттіктер берілген», – дейді Мемле­кеттік кірістер комитеті Әдіснама депар­таменті Кедендік әдіснама басқармасы­ның басшысы Болат Ибраимов. Сонымен, күні бүгінде жалған транзит мә­селесіне қарсы күрес кең көлемде жү­ріп жат­қанымен, бұл мәселе ашық күйінде қалып отыр. Ендеше, жалған транзит Елбасымыздың бастамасымен құрылып, өзінің қалыптасу дәуі­рін қиын да болса бастан кешіп жатқан Еу­разиялық экономикалық кеңестің тиім­ді­лік әлеуе­тін мансұқтап, жарға жыпаса игі еді.

Нұрлан ҚОСАЙ