Тұлғаларымыздан айырған кесапат
Тұлғаларымыздан айырған кесапат
181
оқылды

Коронавирус пандемиясы адамзатқа оңай тиіп жатқан жоқ. Әлем коронавирустың алдында қауқарсыз күй кешуде. Жер бетін жайпаған індет тыйылар емес. Соңғы бір жылда COVID-19 індетінен қаншама жақсы мен жайсаңымыздан айырылып қалдық. Бұл дертке тоқтам бар ма?

Сәуір айында бірнеше тұл­ғамыздан айырылып қалдық. Олар­дың қатарында белгілі сая­саттанушы Дастан Қадыржанов та бар. Ол 54 жасында өмірден өтті. Жақындары мен әріптес­терінің айтуынша, ковид жұқ­тырып, ауруханаға түскен екен. Өкінішке қарай, бұл дерттен айық­пастан көз жұмды.

Өнер мен ғылымдағы орындары ойсырады

Дастан Қадыржанов түрлі саяси мәселе туралы сараптамалар жазып жүрген мықты маманның бірі еді. Мәскеу мемлекеттік уни­верситетін бітірген, мамандығы – тарихшы-шығыстанушы. Ол Сыртқы істер министрлігінде, телеарналарда жұмыс істеген. «Отанның жүрегі» және «Мейір­бан баланың оқиғасы» кітап­тарының, «Үлкен жалғыздықтың кішкене хикаялары» атты өлеңдер жинағының авторы. Сәуір айында өмірден өткен тағы бір тұлға – Ким Серікбаев. Әс­­кери ғылымдар докторы, пол­ков­ник 88 жасқа қараған шағын­да ко­ронавирус дертінен көз жұм­ды. Ол ауруханада 5 күн жатып, емделген. Ким Серікбайұлы 1934 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келді. Қазақ мемлекеттік университетін, Уфа әскери училищесін және Мәскеу әскери академиясын бі­тірген. 1956-1966 жылдары Қиыр Шығыс, Мәскеу, Орта Азия әске­ри окургтерінде взвод, рота, ба­тальон командирі, штаб бастығы, полк командирі болып қызмет атқарған. Әр жылдары Мемле­кеттік қорғаныс комитеті төра­ға­сының кеңесшісі, Президент аппараты жанынан құрылған қорғаныс бөлімінің жетекшісі және өзге де жауапты қызметтерді атқарған. Қазақтың сүйікті актрисасы Ғазиза Әбдінәбиева да коро­навирустың құрбаны. Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық академиялық драма театрының актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, актриса 72 жасында өмірден озды. Ол Қазақ ұлттық консерва­ториясының «Актерлік шеберлік» факультетін бітірген. Консер­ваторияның 4-курсында оқып жүріп, 1969 жылы Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жас­өспірімдер театрына қабылда­нады. 1969-1993 жылдары осы театрда еңбек етті. Сондай-ақ ол «Сіз кімсіз, Ка мырза?», «Біржан сал», «Кемпір», «Зауал» сияқты бас-аяғы 20-ға жуық фильмде ойнаған.

Жазушылардан да айырылдық

Қазақтың дара ақындарының бірі Есенғали Раушанов 16 сәуір күні өмірден өтті. Ол 1957 жылы Қарақалпақстанның Хожелы қаласында дүниеге келген. Еңбек жолын Өзбекстанның Жызақ облысы Мырзашөл ауданындағы «Достық» газетінде әдеби қыз­меткер, бөлім меңгерушісі болып бастаған. Кейін «Жалын» жур­на­лында бөлім меңгерушісі, «Арай» журналында поэзия бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, «Зерде» журналының бас редак­торы, 1995 жылдан бастап, «Жа­зушы» баспасының директоры болған. Ақын энциклопедиялық білімге ие, үш тілді қатар мең­герген полиглот, қайраткер еді. Өмірінің соңғы жылдары Жазу­шылар одағында басшылық қызмет атқарды.

Біз коронавирустың салда­рынан өмірден өткен барлық қайраткерді, журналистерді, елдің алдында жүрген азамат­тардың есім-сойын тізіп шығуды мақ­сат тұтпадық. Тіпті, былтыр өмірден өткен тұл­ға­ларды да қоспадық. Тек пандемияның қан­ша­лықты қауіпті екенін, ұлт мәдениеті мен әдебие­тіне, ру­ха­ниятына қандай соққы жа­сағанын су­реттегіміз келді...

Коронавирус дертінен тағы бір Халық жазушысы қайтыс болды. Жазушы Қабдеш Жұма­діл 85 жасқа қараған шағында дү­ниеден өтті. Ол 1936 жылы 24 сә­уірде Шыңжаң өлкесінің Тар­бағатай аймағы Малдыбай ауы­лында дүниеге келген. 1956 жы­лы Қытай үкіметінің жол­дамасымен Алматыға келген. Ол өз есте­лі­гінде: «Жазушылықтың азап еке­ні рас. 20 томдай кітап жазыппын. Бұл – тілеп алған ауруың. Мен өмірімді қайта бастасам, тағы да жазушы болу жолын таңдар едім. Бұл кәсіптің рақаты – алған сыйлығың, ата­ғың да емес. Әр кітапты бітіріп, соңғы нүктесін қойған кезіңде жүрегіңді бір қуаныш билейді. Ол сәттегі ләззатты ештеңеге айырбастай алмайсың. Қоғам­нан мезі бол­ғанда тарихи ро­ман жазудың рақатына батамын. Сол кезеңде сен ежелгі адам­дар­мен сөйлес­кендей боласың, би­лермен, хандармен, ба­тырлармен бір табақтан ас ішіп, дәмдес бо­ласың, осының бәрі рақат. Бұл ра­қатты тек қалам ұстаған жазу­шы тү­сінеді» деген екен. Жазушы бар ғажапты қалам мен қағаздан тапты. Соның арқасы болар, оның қаламынан 10 роман туды, 20-дан астам повесть жазды. Одан бөлек, 70-тен астам әңгімесі бар.

Атамекенін әнмен тербеп өтті...

30 сәуірде қазақтың тағы бір талантты ұлы, композитор Ес­кендір Хасанғалиев өмірден озды. Ол 1940 жылы 13 ақпанда Батыс Қазақстан облысында туған. 1959 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерва­ториясының вокальды-хор фа­культетін, 1978 жылы әл-Фараби атындағы Шымкент мәдениет институтын бітірген. Өмірін өнерге арнаған композитордың «Атамекен», «Әдемі», «Асыл арман», «Өмірімнің жазы», «Ес­кірмеген махаббат» әндері елге танымал. Қазақтың ән өнеріне зор үлес қосқан тұлға. Шығар­машылық ғұмырында орыс, татар, неміс ақындарының өлең­деріне де ән жазған. 200-ге жуық ән, романс және хорға арналған шығармалардың авторы. Белгілі қазақстандық актер Әлімғазы Райымбеков 19 қаң­тарда 86 жасқа қараған шағында өмірден озды. Актер 1936 жылы 1 желтоқсанда Алматы облысында дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын ауылда жүргізуші болып бастаған. 1965 жылы алғашқы «Ән қанатында» фильмінің спорттық іс-шараларына ша­қырту алады. 1966 жылы «Қилы кезең» фильміне түседі. 1968 жылы қазақ киносының інжу-маржанына айналған «Тақиялы періште» кинофильміндегі Тай­лақтың рөлін ойнады. Актер былтыр 20 желтоқсанда 85 жыл­дық мерейтойын атап өткен еді. Оның 10 баласы, 22 немересі және 20 шөбересі бар. Актердің фильмографиясында «Қан мен тер», «Ән қанатында», «Асуда», «Көк маршрут» сияқты 10-нан аса танымал картина бар. Биыл шілде айында Қазақ­станның Халық ақыны Әселхан Қалыбекова да өмірден озды. Ол 1950 жылы 22 сәуірде Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылында туған. Белгілі халық ақыны Ергөбек Құттыбайұлының ұрпағы. Ақынның айтыс өнеріне қосқан үлгі-өнегесі мол. Әселхан Қалыбекова – айтыс әлемінде алып самұрыққа ұқсайтын, қа­на­тымен дауыл тұрғызып, ек­пінімен найзағай ойнататын, елінің сү­йікті перзентіне айналған аяулы тұлға. Республикалық, ха­лық­ара­лық айтыстарда топ жа­рып, на­мысты қолдан бермеген, от ауыз­ды, орақ тілді, арқалы ақын. Белгілі дінтанушы, шығыс­танушы, исламтанушы ғалым Әб­саттар қажы Дербісәлі де пнев­мо­ния мен жүрек дертінен көз жұмды. «Бұл – бүкіл қазақ рухания­тына ортақ ауыр қайғы. Әбсаттар Бағысбайұлы бүкіл саналы ғұмырын имандылыққа арнап, асыл дініміздің тура жолын ха­лыққа дұрыс жеткізу ісіне өл­шеусіз еңбек сіңірді. Еліміздің Бас мүфтиі лауазымында жүрген уақытта қажы ағамызбен қызмет барысында жолығып тұрдық. Қай кезде де өзінің кең мінезімен, терең білімімен, парасатты бол­мысымен руханият биігінен кө­рініп, еліміздегі ұлтаралық ке­лісім мен дінаралық татулықтың өркен жаюына өлшеусіз үлес қосқан жан еді. Әбсаттар қажы ағамыздың зиялы болмысы, еліне сіңірген еңбегі, жазған рухани шығармалары, жамағатты иман жолына шақыруда айтқан ақыл сөздері ешқашан тозбас рухани қазына болып халқының жадында мәңгілік сақталады. Марқұмның жатқан жерi жарық, топырағы торқа болып, нұры пейіште шалқысын» деп жазды Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева. Жазушы Қуанышбай Құр­манғали, режиссер Александр Пономарев, белгілі театр және кино актері Ілияс Тұрманов, суретші Әбілқасым Сәрсенбаев та коронавирустың құрбаны. Біз коронавирустың салда­рынан өмірден өткен барлық қайраткерді, журналистерді, елдің алдында жүрген азамат­тардың есім-сойын тізіп шығуды мақсат тұтпадық. Тіпті, былтыр өмірден өткен тұлғаларды да қоспадық. Тек пандемияның қаншалықты қауіпті екенін, ұлт мәдениеті мен әдебиетіне, ру­ханиятына қандай соққы жа­сағанын суреттегіміз келді... Әттеген-ай, бұл дертке тоқтам болып, жақсылар өлмес болса-шы...

Айым БЕКТҰР