11 тамыз күні түнде Қапшағай қаласындағы «Дель-Мар» дәмханасының алдында бірнеше адам тамақтану мекемесінің екі күзетшісін соққыға жыққан оқиға сыртқы бейнебақылау камераларына түсіп, кейін кадрлар әлеуметтік желілерде таралды. Видеода төбелесті бастаған Қапшағай полиция бөлімінің жедел қызметкерлері екені айтылады.
Кейін белгілі болғандай, жабылатын уақыт келгендіктен күзетшілер қонақтардан дәмхананы босатуын сұраған екен. Ішімдікке тойып алған төртеу оған наразы болып, күзетшілерді сөйлесуге далаға шақырыпы. Дәмхана ауласына шыққан соң оларды соққының астына алған. Оқиға орнына патрульдік жасақ жеткеннің өзінде де, олардың бірі полиция қызметкері, Мәдибек есімді жедел уәкіл машинаның багажынан автомат алып шығып, формадағы полиция қызметкерлері тұрғанына қарамастан, оны күзетшілерге кезеп қорқытқан. Енді бүгінде Қапшағай қаласының полиция қызметкерлері жұмыстан босатылды. Алматы облысының Полиция департаменті ішкі қауіпсіздік қызметі мен кадрлар бөлімінің қызметкерлері тексеру жұмыстарын бастағанын хабарлады. Бұл іс Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігі «Бұзақылық» бойынша тергеліп жатыр. «Полиция қызметкерлерінің оқиғаға қатысуы – өрескел қателік. Олар теріс іс-әрекеттері үшін Ішкі істер органдарынан шығарылды. Олардың әрқайсысының кінәсі қылмыстық істі тергеу барысында анықталып, сараланады. Қоластындағы қызметкерлерінің тәртіпсіздігіне жол берген басшыларының жауапкершілігін қызметтік тергеу нәтижелері бойынша қарастырамыз», – деді облыстық Полиция департаментінің бастығы Серік Қүдебаев.Нұрлан ҚОСАЙ