«Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі облыстық сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы биыл 18 ақпанда Қызылорда облыстық партия филиалы Саяси кеңесі бюросының қаулысымен бекітілген болатын. Бүгінде аталған бағдарламаны іске асыру қарқынды түрде жүргізіліп жатыр.
Атап айтсақ, осы мерзімде Жол картасында қамтылған іс-шаралардың 16 пайызы орындалды. Бұл бағдарламада қамтылған әрбір бағыттың кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанын көрсетеді. «Nur Otan» партиясының Қызылорда облысы бойынша сайлауалды бағдарламасында 19 елді мекенді, соның ішінде биыл Қазалы қаласы, Жосалы және Жалағаш кенттерін, Жаңақорған ауданының Бірлік, Шиелі ауданының Қодаманов, Бекежанов атындағы елді мекендерін газбен қамтамасыз ету көзделген болатын. Жосалы және Жалағаш ауданының орталығы көгілдір отынға қосылды. Жосалы кентіндегі кварталішілік газдандыру жұмыстарына республикалық және облыстық бюджеттен 2,69 млрд, Жалағаш кентінің газдандыру жұмыстарына 3 млрд 691 млн теңге қаржы бөлінді. Жалпы, жыл соңына дейін Жол картасы аясында Қазалы қаласын, Шиелі ауданының Бекежанов және Қодаманов ауылдары толықтай табиғи газға қосылып, тұрғындардың газ тұтыну үлесі 67,4 пайызға жеткізілді.А.ЖАСАН