Коронавирус індетінің жаппай таралуына байланысты көпшілік әлем мемлекеттерінде миллиардтаған адам күнделікті күнкөріс көздерінен айырылды. Жұқпалы аурудан сақтану мақсатында еларалық шекаралар жабылып, тұрғындар карантинге үйіне қамалды. Қазақстанда да жұмыссыздық деңгейі күрт өсіп, халық қаржылық қиындықтарға тап болды.
Қазақстан қалай жәрдемдесті?
Қолданыстағы заң бойынша, жұмыссыз қалған жандар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін әлеуметтік төлем алуға құқылы. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сүйенсек, індеттің алғашқы кезеңінде елімізде жұмыссыздық деңгейі 2020 жылдың сәуір айында шырқау шегіне жеткен. Сол айда республикада 4 млн 200 мың адам жұмыссыз деп танылды.Үкімет жұмыссыз қалған жандарға қолдау ретінде 42 500 теңге жәрдемақы төледі. Сондай-ақ әлеуметтік осал топтар үшін коммуналдық қызметтердің төлеміне 15 000 теңге жәрдемақы қарастырылды. Алайда бірреттік жәрдемақы алуға 8,2 млн азамат өтініш берген болатын, олардың жартысының өтініші қанағаттандырылмады. Бірақ кейін мемлекеттен жәрдемақы алушылар қатары тым азайып кетті. Мәселен, 2021 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылар саны 70,3 мың адамға дейін құлдырап кеткен. Оның ішінде 47 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды. Бірақ бұл Қазақстанда жұмыссыздар аяқастынан азайып кеткенін білдірмейді. Тағы да сол ресми дерекке сүйенсек, Ұлттық статистика агенттігі бюросының сайтында елде жұмыссыздар саны 451,3 мың деп көрсетілген. Ресми дерек бойынша, коронавируспен күресу үшін мемлекет 114 миллиард 826 миллион теңге бөлген.Көршілер не ұсынды?
Көршілердегі жағдай да оңып тұрған жоқ. Ресейде карантиннің салдарынан жұмысынан айырылғандарға 12 130 рубль төленді. Оның көлемі Мәскеуде 19 500 рубльді құрады. Сондай-ақ ана капиталы ретінде үш жасқа дейінгі әр балаға 5 мың рубль берілді. Өзбекстанда коронавирусқа қарсы күреске барлығы 720 млн доллар бөлінген. Оның 2,25 триллион сомы (221,8 миллион доллар) мемлекеттің дағдарысқа қарсы қорынан, 500 миллион доллары халықаралық қаржы институттарынан берілді.Басқа мемлекеттердің көмегі
Карантин кезінде әлемдегі ең алпауыт мемлекет АҚШ өз азаматтарына үлкен көмек көрсетті. Мұнда елдегі шағын кәсіпкерлерге берілген несие көлемі 50 млрд доллардан асып жығылған әрі олар барлық салық төлемінен босатылған. Ал жұмыссыз қалған әрбір отбасына 3 000 доллар көлемінде жәрдемақы берілді. Германияда ісі уақытша тоқтаған немесе шектеуге мәжбүр болған кәсіпкерлер үш ай жәрдемақы алса, ал қарапайым жұмысшылар жартылай жұмыс күніне ауыстырылған. Жұмыс күні қысқаруына байланысты олардың жалақылары да азайды. Бірақ Алман мемлекеті тарапынан жұмыскерлерге 60 пайыздық үстемеақы беріліп отырды. Сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтушылар мен жеке кәсіпкерлерге қайтарымсыз 5 мың еуродан бөлінді. Ұлыбританияда тұрғындарға 2 500 фунт төленді. Франция азаматтарына экономикалық көмек ретінде 45 млрд еуро бөлді. Сондай-ақ шағын және орта бизнеске 3 000 млрд еуро көлемінде грант тағайындады. Карантин кезінде әрбір француз коммуналдық төлемнен толық босатылған. Италияның көптеген кәсіпорны карантинге байланысты жұмысшыларын міндетті демалысқа жіберуге мәжбүр болды. Бірақ еңбек демалысындағы италиялықтарға Рим билігі оған дейін алып келген жалақыларының 80 пайызын төлеп тұрды. Ал мектепке дейінгі және оқушы балалары бар әр отбасына 500 еуро көлемінде өтемақы үлестірді.Испанияда пандемиядан күнкөрісі қиындаған әрбір азаматқа 500 еуродан төлеуді бекітіпті.Дәулет АСАУ