Мәдениетте тағы да жемқорлық
Мәдениетте тағы да жемқорлық
127
оқылды

Қызылорда облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқарма­сының басшысы жеке кәсіпкерден объек­тіні кедергісіз қабылдап, оған тие­сілі қаржыны уақытылы аударып бе­ру үшін 1 млн теңге көлемінде пара алу дерегімен күдікке ілінді. Әзірге сот санк­циясымен күдіктіге қатысты «кү­зет­пен ұстау» түріндегі бұлтартпау ша­расы қолданылған. Бұл туралы Қызыл­орда облысы бойынша сыбай­лас жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз қызметі хабарлаған.

Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды

Бұдан бөлек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Telegram же­лісіндегі ресми арнасы жуырда Шымкент қаласы Мәдениет басқармасының лауа­зымды тұлғалары аса ірі көлемде пара беруге әрекет жасады деген күдікпен ұсталғанын жариялаған еді. Бірақ нақты кім екені, бас­қарманың қызметкері ме, әлде оған қарасты мекеме басшылары мен лауазымды тұлға­лары ма, ол жағын ашып айтпаған. Ресми дереккөзде: «Шымкент қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі агенттікпен бірге Шымкент қала­сы­ның Мәдениет, тілдерді дамыту және ар­хивтер басқармасының лауазымды тұл-ғаларын әшкереледі. Олар мемлекеттік ор­гандардың лауазымды тұлғаларына бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қыл­мыстық істі тоқтатқаны үшін 80 млн теңге сомасында аса ірі мөлшерде пара беруге әрекет жасады деп күдіктелді» деп жазылған. Бүгінде аталған тұлғалар ұсталып, Шымкент қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына қамалған. Іс бойынша тергеп-тексеру жүр­гізіліп жатыр. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимыл­да­майды» дегендей, ақпарат анық болмаса, бұлай жарияламас еді. Алайда бұл ақпарат тараған соң қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы ресми мәлімдеме жасап, лауа­зымды тұлғалардың барлығы жұмыс орнында екенін жеткізген. Бұған қатысты түрлі бол­жам айтылып жатыр. Тіпті, бірі Наурыз мейрамы үшін жұмсал­ған 565 миллион теңгенің ізін жасыруға бағытталған іс болуы мүмкін екенін айтады. Дегенмен мәселенің ақ-қарасы тергеу аяқталған соң белгілі бола жатар. Біздің айтқымыз келгені бұл емес. Жалпы, соңғы жылдары мәдениет саласында жемқорлықтың көбейгені. Естеріңізде болса, осыдан бір жыл бұрын Нұр-Сұлтан қаласындағы Максим Горький атындағы мемлекеттік драма театрының жөндеу жұмыстарына бөлінген 574 млн теңгенің 400 миллионы ұрланғаны туралы ақпарат тараған. Ақпаратты Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы қызмет өкілдері де растаған. Бір жылдан соң бұл оқиғаға қатысты Алматы ауданының №2 аудандық соты сот үкімін жариялады. Театр директоры Қасеновке өз орынбасары Сәттібаевпен бірге «4 эпизод бойынша алдын ала сөз байласу арқылы ақша жымқырды және жымқыруға оқталды» деген айып тағылды. Сондай-ақ сотталушылардың қатарында «АДС САПА» ЖШС техникалық қадағалау сарапшысы Ербатыров, «СТ-Инжи­ниринг» ЖШС директоры Кенжетаев та болды. Бұл қылмысты «Ади-Жан» ЖШС директоры Дастанов пен «Астана-Көкше» ЖШС директоры Байсалбеков ұйым­дастырған. Сот Қасенов, Дастанов, Ербатыровтың театрды күрделі жөндеуге бөлінген 370,5 мил­лион теңге көлеміндегі ақшаны жым­қырғанын анықтаған еді. пара Бұл бір ғана оқиға емес. Осыдан үш-төрт жыл бұрын ел-жұрт «әкемтеатр» деп ерекше құрмет тұтатын М. Әуезов атын­дағы акаде­миялық драма театрдың бұ­рынғы директоры Ерлан Біләл де 1,5 млн парамен ұсталған еді. Сот оны айыпты деп тауып, пара көлемінен 35 есе жоғары кө­лемде айып­пұл салған-ды. Өткен жылдың мамырында «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» басқарма төрағасы Гүлнәр Сәрсенованың да басы дауға ілік­кенін білеміз. Сәрсенова ақшаны «дер кезінде» қайтарғаны үшін қамауға алынған жоқ. Статистикаға сүйенсек, 2018 жылдың басынан 2020 жылға дейін мәдениет және спорт саласында 135 сыбайлас жемқорлық тіркеліп, келтірілген шығын 698 млн тең­геден асып түскен екен. Сондай-ақ рес­пуб­­ликалық және өңірлік деңгейдегі 10-нан астам басшы сотталған. Мәдениет және спорт саласында отызға жуық басқа да шенеунік пен қатардағы қызметкерлер жауапкершілікке тартылған. Мұның бәрі 2020 жылға дейінгі деректер.

Өнерге керегі тазалық емес пе?

Белгілі өнертанушы, дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутай: «Қызылордадағы, Шым­кенттегі жемқорлыққа байланысты дау­лар­дың түбі аталған облыстардың әкімдік­терінің кабинеттерінде жатыр. Оның себебі облыстық, қалалық мәдениет басқар­малары облыс яки қалалық әкім­діктерге қарайды. Сондықтан мұның сырын осы өңірлерді жайлаған жаппай жемқорлықтан іздеген дұрыс», – дейді. Өнер саласына керегі де тазалық емес пе? Ар тазалығы мен жан тазалығына үндейтін, әлемдік әдебиет жауһарларын насихаттау арқылы гуманизмге шақы­ратын өнер сала­сының өкілдері, мәдениет­тің басы-қасында жүрген жандардың жем­­қор­лықпен ұсталуы өзгеге қалай үлгі болмақ? Кез келген салада­ғы жемқор­лық – қауіпті дерт. Ал мәдениет саласында жүргендердің жемқорлыққа баруы тіптен қауіпті екенін ұмытпайық. Осындайда мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасыновтың: «Мен үш нәрседен тазамын. Біріншіден, сонша жыл ел басқарып отырып біреуге нақақтан-нақақ жала жауып, қия­натқа барған емеспін, біреуден бір сом да пара алған емеспін – қолым таза! Екіншіден, 1937-1938 жылдардағы қаралы күндерде боздақтарды атып жатқанда бір қағазға қол қойған емеспін – арым таза! Үшінші­ден, адам­дарды атаға, руға, жүзге бөлген емеспін – жүзім таза!» деген сөзі еріксіз еске түседі. Мәдениет саласын басқаратын әр маман Оңдасынов секілді мықтылардан үлгі алса керек-ті!

Айым БЕКТҰР