Алматы облысында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай түрлі шара өткізіліп келеді. Солардың бірі ретінде болашағын ғылыммен байланыстыратын жас дарындарды қолдау мақсатында ұйымдастырылған «Жас ғалым» ғылыми-инновациялық жобалар байқауын айтуға болады.
Сындарлы сынаққа қатысқан 30-дан астам жас ғалым қазылар алқасының талқысына өздерінің түрлі саладағы ғылыми еңбегін ұсынды. Оларды жасыл энергетиканы дамыту, білім саласына инновация енгізу, мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамға бейімделуін жеңілдету және басқа да бағыттар қызықтырады екен. Байқауда топ жарған жеңімпаздарды облыс әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев құттықтап, марапаттады. Алматы облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы мамандарының айтуына қарағанда, «Жас ғалым» ғылыми-инновациялық байқауы өңірдегі болашағын ғылыммен байланыстыратын талантты жастардың бастамаларын қолдау мен олардың ғылыми әлеуетін арттыруды мақсат етеді. Ертеңгі ел ғылымының көсегесін көгертетін жастардың арасындағы байқауда 8 жас дара шығып, олар 300 мыңнан 1 млн теңгеге дейін ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Қатарластарынан оза шапқан Тимур Рақысбаев «Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған Zerdeli bala оқыту мобильді қосымшасы» жобасын бәйгеге қосып, бас жүлдеге ие болса, Сүлеймен Демирел атындағы университеттің компьютер ғылымдары мамандығы бойынша PhD докторлығы бойынша білім алушы Аймөлдір Алдабергеннің инклюзивті білім беру ұйымдарының жұмысын жеңілдетуге арналған жобасы бірінші орыннан көрінді. Аймөлдір Алдаберген дислекциясы бар балаларға арналған жасанды интеллектке негізделген анимациялық генератор алгоритмін құру туралы жобаға кірісу жайындағы ой алғаш докторантурада оқи бастағанда келгенін айтады. – Қазақстанда дислекциясы бар балаларды тәрбиелейтін 19 мектеп бар. Жобаға кірісер алдында сол мектептермен байланыс орнатып, сала мамандарының ой-пікірін тыңдадым. Олар мұндай жобаның қажет екенін айтты. Қазір педагогтер балаларға мәтінді суреттер арқылы ұғындыру үшін оны пластилиннен жасап көрсетеді. Бұл едәуір уақытты алады және шығыны көп. Ал менің жобамда мәтін бойынша суреттерді анимация арқылы жылдам көрсетуге мүмкіндік бар, – дейді жас ғалым. Инклюзивті білім беруді дамытуға қосылған елеулі үлес деуге тұратын бұл жобаны білім жүйесіне енгізсе, технологиялық жаңалық саланың жүгін едәуір жеңілдетпек. Сол сияқты «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Дамир Нұркежанов Future-IT робототехника мектебі, Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің студенті Жігер Берліғожа Eko Green, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің студенті Гүлім Серғалы «Мүмкіндік» (Opportunities), С.Демирел атындағы университетінен Қамар Бегайым «Қазақстанның ЖОО-да оқуға арналған гранттарды талдау», І.Жансүгіров университетінің жанындағы колледж студенті Сапар Сұлтан «Энергия өндіретін инновациялық тақтайша», Юлия Лим «Жастар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Потенциал» уақыт клубы» жобаларымен үздіктер қатарынан орын алды.Болат АБАҒАН, Алматы облысы